2022 жылдың қаңтар-қараша айларында кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласында негізгі капиталға салынған инвестиция 45,5 млрд теңгені құрады, бұл бір жыл бұрынғыдан 14,7 пайызға аз. Нақты көлем индексіне (81,1 пайыз) қарасақ, нақты мәнде төмендеу 18,9 пайызды құрады. Бұл туралы finprom.kz хабарлады.
Салыстырар болсақ, 2021 жылдың сәйкес кезеңінде секторға салынған инвестиция құндық мәнде бір жылда 42,5 пайызға азайып, 53,4 млрд теңгені құраған.
Өңірлер бойынша кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласындағы күрделі салымдардың ең көп көлемі Астанаға тиесілі – 10,3 млрд теңге, бір жылда құндық мәнде 1,8 пайызға көбейген.
Алматы екінші орында – 8,9 млрд теңге, бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға көп. Үздік үштікті Қызылорда облысы түйіндеді – 6 млрд теңге, жылдық өсім – 13,2 пайыз. Үздік үш өңірге елдегі барлық инвестицияның 55,4 пайызы тиесілі.
Ең аз инвестиция Жетісу өңірінде – небәрі 158,9 млн теңге. Одан бөлек Павлодар мен Ақмола облыстарында да аз.
Салаға салынған инвестиция көлемінің барлығы дерлік кәсіпорындардың меншікті қаражаты есебінен қамтамасыз етілген – 91,2 пайыз немесе 41,5 млрд теңге. Көрсеткіш бір жылда 13,7 пайызға азайған.
Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат 1,7 млрд теңгені (жылдық өсім – 2,9 есе), жергілікті бюджеттерден – 397,6 млн теңгені (7,8 пайызға көбейген) құрады. Банк несиелері есебінен салынған инвестиция бірден 28,1 есе өсіп, 1,2 млрд теңгеге жетсе, банктік емес қарыз қаражат есебінен салынған инвестиция керісінше 83 пайызға азайып 720,2 млн теңге болды.