Қазақстанда бала құқығы бұзылған жағдайда БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне тікелей шағым беруге болады. Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Ақан Рахметуллин осындай мүмкіндік беретін факультативтік хаттамаға қол қойды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазды Egemen.kz.
«Үшінші факультативтік хаттамаға сәйкес, балалар немесе олардың өкілдері БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы тікелей шағым бере алады. Комитет өз кезегінде әрбір істі қарап, қатысушы мемлекеттерге нақты ұсыныстар баяндалған шешімдер қабылдайды», деп жазылған хабарламада.
Құжат Қазақстан Парламенті ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.