• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Ақпан, 2023

Қыстың да қызығы мол

323 рет
көрсетілді

Жер жәннаты Көкшетау мен күміс көлді Қорғалжынның арасындағы ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын далада, ақша қарға оранған белес-белдері мен жолбарыс жонды жоталарда жіліктің майындай таза, саф ауаны жұтып, бой сергітіп, демалуға мол мүмкіндік бар.

Бар мүмкіндікті ойша сараптап бағамдасаңыз, табиғаты тамылжыған өлкеде жадыраған жаз айларында ғана емес, шыңылтыр, құрғақ аязды, аяқ басқан сайын кіршіксіз таза, ақ қары сықыр-сықыр етіп, қысқы даланың әдемі әнін салатын осы бір аймақтың өзгеше өңді кезінде алаңсыз демалсаңыз құр атқа мінгендей қунап сала берер едіңіз. Асылында, жаз бойы келімді-кетімді кісі дүмеп, Бурабайының баурайы буырқанып, Зерендінің зерлі омырауы жүз сан туристке толып кететін аймақ қыстыгүні де қонақ күтуден кенде емес.

Жалпы, облыста 300-ден аса демалыс орны бар десек, сол нысандардың 60 пайызға жуығы қысқы туризм бағы­тында тиянақты жұмыс істейді. Демек, көрікті Көкшетау, құнарлы Қорғалжын өңірлері жыл бойы бір дамыл таппайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін бір ғана дерек келтіре кетелік. Егер талайды тамсандырған осы бір ажарлы аймаққа бір жылда миллионнан аса турист ат арытып жететін болса, сол адамдардың 30 пайыздан астамы қыста келеді. Яғни кейінгі жылдары сала өзгеше серпін алып, бар ісін жаңа заманның талабына сай етіп, өркениетті елдердегідей тәжірибе жинақтай бастаған. Сөз арасында «Rixos Borovoe», «Windham Garden», «Сұлтан Плаза», «Парк Хаус Көкшетау», «Террасса Парк» қонақ­үйлері мен «Оқжетпес», «Алмаз», «Щучин­ский», «Зерен» санаторийлері, «Жұм­бақтас» пансионаты және басқа да нысандар қысқы маусымда туристерді тарту үшін көрсетілетін қызметтердің санын көбейтіп, қызметін жақсартып келеді. Бір айта кетерлігі, туристердің табиғатты тамашалап, сергуі ғана емес, сондай-ақ аурудың алдын алу, денсау­лығын нығайту бағытында да мінсіз қызмет көрсетіледі.

Күні кеше жаман тұмаудың жалпақ әлемді бір қауыздың ішіне сыйғызғаны бәрімізге мәлім. Дауасыз дерттің са­қынын сылып тастау үшін көптеген шипа­жай тыныс алу және жүрек-қан тамырларын емдейді. Бұл орайда су және балшық, инемен емдеу тәрізді емдік ша­ралар қолданылады. Коронавируспен ауырып тұрған адамдар арасында таза ауа­мен демалуға құштарлар көбейді. Олар­дың бойындағы аталған дерттің зардаптарын жоюға біздің ем-домның әсері мол екенін айтады шипажай дәрігерлері.

Қазіргі туристің талабы күшті. Сон­дықтан бар қолайлы жағдайды туғызған абзал. Қысы-жазы ат басын тірейтін туристерге жайлы демалысты қамтамасыз ету үшін өңірдің шипажайларында айна­дай жалтыраған мұз айдындары құ­йылды, шаңғы бағыттары салынды. Шаң­ғы, коньки, сноуборд тәрізді жаб­дық­тарды жалға беретін орындар ашыл­ды. Бурабайдың баурайы көкі­регіңді таза ауаға ғана толтырып қой­майды, сонымен бірге ел тарихын ек­шеп жүрген адамдардың жадына да жақсы естелік сыйлайтыны бар. Ту­ған елдің аппақ пейіліндей ақшаң­қан жамылғы жамылған, атшаптырым жерден мұнартып көрінетін тау сілем­дерінің қойнауы – тұнған тарих. Алаш­тың кешегі күнгі төл тарихы жақ­пар-жақпар тастардың бетінде таң­ба­ланғандай, қойнауында кілкілдеп бұғып жатқандай. Көңілің ауса кел де көр, өткенді таны, өнегесін ұқ. Әне көз ұшыңда қылаңдаған бедері бөлек, бейнесі көркем Бөлектау, сәл әрі­ректе алуан түрлі аңызбен әдіптелген Кене­сары үңгірі. Қақаған қыстың өзінде үңгір­дің аузынан жан дүниеңді шымырлататын жылы бір леп есіп тұрғандай. Шымырлай қайнап, өрттей лапылдап қа­ныңа қуат береді. Үңгір түбінде тұнып қалған өз заманының асыл пер­зент­терінің асқақ арманының, мәнді мақ­сатының сырын ұғатын қуат бар. Қысқа қайырып айтқанда, Бурабайдың баурайында мүлгіген тыныштық, мау­жыраған табиғаттың аясында дема­лыс пен рухани қажеттілікті өтеу мүм­кіндігін ұштастыруға әбден болады. Қонақ­үйлердің аумағында ойын-сауық кешендері жұмыс істейді. Ал экстре­мальді демалыс әуесқойлары үшін жыл бойы үзбей жұмыс істейтін вейк-парктің естен кетпес қызығын күнді түнге, түнді күнге ұластырып жырлауға болар еді. Бұл – еліміздегі жыл бойы үзбей ілкімді ісін сәтімен сабақтап отырған алғашқы парк.

Халықаралық деңгейдегі жарыс­тар да жиі өткізіледі. Щучинск қаласындағы шаңғы спортының республикалық база­сының аумағында талайды тамсандырған додалардың дүрмегі шартарапқа же­тіп жатыр. Кәсіби шаңғы әуесқойлары «Elikti Park» және «Нұр Тау» тау шаң­ғысы базаларының мүмкіндіктерін пай­да­ланады. Сондай-ақ Зеренді демалыс аймағында әуесқой шаңғы спортшылары одағы жұмыс істейді. Бұл жерде ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның қойнауында ұзындығы 500 метрді құрай­тын тау шаңғысының жолы бар. Ту сонау тау етегінен атқан оқтай сырғанау естен кетпес ләззат сыйлайды. Шаңғы стадионы дәстүрлі халықаралық Зе­рен­ді шаңғы марафонын өткізуге мүмкін­­дік берумен қатар, спорттың осы түрі­нің дамуына тәп-тәуір септігін тигізіп отыр.

Енді бір сәт құйқалы, сулы-нулы Қорғалжын өңіріндегі мол мүмкіндікті аз сөзбен ажарын келтіріп айта кетелік. Бұл өңірде де қысқы туризмді жап-жақсы дамытуға мол мүмкіндік бар. Айталық, күміс көлдерде бауырын жарқыратып балық аулауға болады. Айтпақшы, мұн­дай демалыс Бурабай баурайындағы шал­қарлар мен зерлі Зерендіде де бар. Жыл сайын мұз үстінде балық аулау фестивальдері ұйымдастырылып жатады. Қызыққа жиналған көдедей қалың көпшілік тамаша табиғаттың мол тартуын пайдаланумен қатар, оны көздің қарашығындай қорғап, келер ұрпақтың сыбағасы ретінде сақтау керектігін де көңілдеріне түйіп кетеді. Бұл бағытта туризм саласының қызметкерлері тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Алаған қолдың береген болғаны да жақсы ғой.

Өңірде қысқы туризмді дамыту үшін бірқатар оңтайлы іс-шара қолға алынған. Туристік қызмет субъектілері арасында әртүрлі байқаулар өткізіледі. Жеңімпаздар жүлдесіз қалмайды. Ең бас­ты жүлде – халықтың ықыласы, қысқы туризмнің қызығын көрген келу­шілердің алғысы.

– Туризм қауымдастығы осы кезең­де демалушылар арасында бар жұмыс­ты екшеп, әлемдік тәжірибенің біздің жағ­дайға келетін озық үлгілерін жетілдіре жұмыс істеп жатыр. Бұқаралық спорттық іс-шараларды жиі әрі қызықты өткізу арқылы қысқы демалыс нысандарының жыл бойы жұмыс істеуіне жәрдемдесеміз, – дейді облыстық демалыс және туризм индустриясы асссоциациясының президенті Шынарбек Батырханов.

Көрікті аймақта қысқы туризм уақыт өткен сайын дамып келеді. Алдағы уақытта атына ажары сай аймақтың бар мүмкіндігі осы бағытта өрістей бермек.

 

Ақмола облысы