• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2010

ТОЛЫҚ АДАМ

1176 рет
көрсетілді

Бозторғай шырылдап, таң атты. Тағы бір жарық күн келеді. Бисмиллә, ирахман ираһим! Бүгін... Түс көріппін. Той ма, әлдеқалай бір жиын, ығы-жығы халық. Осының ішінде Рымғали жүр. Рымғалиды сыртынан көріп тұрсам да (өмірден көшкенін сезем бе), жанына жақындай алмаймын. Соны аңдағандай Рымғали: – Әй, Қара қыпшақ Қобыланды (ол мені осылай атаса, мен оны “РНН” дейтінмін. Яғни, Рымғали Нұрғалиұлы Нұрғалиев дегенім – Қ.С.), неге алыстап тұрсың, кел, жақында бері! – дейді анадай жерден баяғы өзімси сөйлейтін дағдысымен. Сөзі әдеттегідей ірі, өр! Тартыншақтаймын. Аяғым жүрмейтіндей. Булығып, үнім шықпайды. Осы кезде Рымғали маған тақап келіп: – Білем, білем, сен менің жетпіс жыл­ды­ғыма байланысты мақала жазам деп қиналып жүрсің-ау осы, несіне көп толғанасың, Абайдың аталары тоқтап, ат шалдырған өңірді сипатта, сосын баста сөз басын анау ертедегі екеуміздің Торғайға барған сапардан. Арада қанша заман өткен... Көңілден өшпейтін кездесулер... Анаң Мәрзия шешеміздің қолынан дәм татып ем... “Ахаң, Жақаңдарды көп сұрайды екенсің. Байқашы, қарғам” – деп, маған жаны аши сөйлейтін жарықтық, әулие ана еді-ау! – деп, әңгімені алыстан орағыта бастай бер­ге­нінде, қасымызға бір жігіттер шоғыры келіп қосылды. Бәрі де “Реке, Реке” деп қаумалай, Рымғалимен амандасып, жапатармағай сәлем беріп жатыр. Сөз бөлінді. Осы екі аралықта араға және біреулер килікті ме, оянып кетіппін... Түс деген де бір елес, есте кейде сақталып, кейде жадыңнан тез өшеді. Бірақ әлгіндегі Рым­ғалидың түр-түсі кәдімгі өңімде көргендей көз алдымда сақталып, оның бастай берген әңгімесі құлағымнан кетер емес. “Рымғалидың арамызға келіп, бізбен сөйлесіп жүргені – елімен, жұр­ты­мен, достарымен әрдайым бірге жа­сай­ты­нының белгісі, рухы тірі! – деймін оянғасын түсімді жақсыға жорып. – Қайран достың аруағы желеп-жебеп жүргені ғой...” Өткен ұмытылмайды. 1964 жылдың жазы. Оқу бітірісімен (1963 ж.) мен Алматыда қалып, “Қазақстан пионері” газетінде жұмыс істейтінмін. Рымғали “Лениншіл жастың” Сол­түс­тік облыстар бойынша тілшісі, Ақмолада тұ­- рады. Жолсапармен жүрген мен Ақмолаға келіп, содан әрі екі дос Қостанай жақты ара­лауға шықтық. Елді бетке алып келеміз. Қостанай- Торғай менің туған өңірім. Жол ұзақ. Досымыз – қызыл тілдің шешені. Ойы қашағанның ұзын құрығындай алға озып отырады. Сөзге жүйрік қой Рымғали. Жол бойғы әңгіме тізгінін Рымғали ұстаған. Жастықтың көңіл құсы шартарапқа құй­қылжиды. Ыстық қайрат, жылы жүрек жет­кілікті. Дәуренді күндеріміз... Рымғали бірде өзі, бірде Абай боп шырқап, сорғалай тамыл­жытып, судай тұнық сұлу әңгіме тиегін ағытып келеді. Шәкәрім – Рымғалидың Абайдан соңғы сыйынар пірі екенін осы сапарда анық аңғар­ғандай болдым. Абай нәрін бойына мол жиған досымыз сәлден соң қазақтың бас ақы­ны­ның “Нұрлы ақыл” дейтін ұғымын Шәкәрімнің “Сау ақыл” дейтін сөзімен сабақтастыра айтып кетеді. “Абайдың “нұрлы ақылы” мен Шәкәрімнің “сау ақылы” – тың сөз, энтелехиялық ұғым!” дейді және. Енді қалай тыңдамассың. Дос әңгімесін шабытты айтады. Және көңілге түрлі ой тастап отырса – елтисің әрине. Рымғали асқан ынтызарлықпен Торғайда Ыбырай Алтынсарин өз қолымен салған мек­теп­ті көріп тамашалады, қызықты. “Осы қалай деген кісіден” Ахаң-Жақаңды қазбалай сұ­рас­ты­рып жүрді. Ол тұста Ахмет Байтұрсынов пен Мір­жақып Дулатов ақталмаған, жұрттың аузын ба­ғып сөйлейтін кезі. Біздің дос соған қара­мас­тан, арыстардың туған жерінде төпелей сұрақ жаудырады. Талаптыны ел таниды. Рымғалидың сөз ұстаған қалпын байқаған ақсақалдар жағы біл­гендерін аяп қалған жоқ, әсіресе менің ше­шем өзі көзі көрген жылдар шежіресін шы­жым­дай шығарады. Қызды-қызды әңгіме 1928-ге ойысқанда анам өз әкесі Байтұрсынның кон­фескеге іліккенін, інісі Жүсіпназардың “халық жауы” атанып, 1937 жылы атылғанын, өзінің 1939 жылы колхоздың 40 бұзауы өртке кет­ке­нін­де істі болып, абақтыда отырғанын айтқанда Рымғали әбден ұйыды. – Ау, сонда мына Қоғашты қайттіңіз? – Қоғабайжанды үш мезгіл түрмеге әкеп еміздіріп алатын. Абақты заңы қатаң! Ол жыл­дар­дың несін айтасың, қарғам, – дейді анам өт­кенді есіне қинала түсіріп. – Емшектен амал­сыз­­дан ерте айрылған балапаным алты ай­лы­ғынан әжесінің бауырында өсті. Менің атымды атай­тыны да сондықтан, бетін қақпадық құлынымның... Елді екі аптадай еркін араладық. Сол сапарда Рым­ғали Ахаң (Ахмет Байтұрсынов) төңі­ре­гін­де­гі әңгімеге аса зейін қоя зер салды. Шежіресін жазып алды. Көнекөз қариялар Ахмет Байт­ұр­сы­новтың түп атасын арғы Шақшақ Жәні­бек­тен, содан соңғы Аманжол бабадан өрбітіп, бер­тін таратқанда Ахаңды Үмбетейге әкеп ті­рей­ді. Үмбетейдің Аралбайы, оның Таңбайы. Таң­бай­дан Шошақ, Шошақтан Ақтас, Ақтастан Бай­тұрсын, Байтұрсыннан Ахмет тарайтынын естіді. Әңгімеден әңгіме туады. Ахаңның “Аққұм” әнін тыңдағанда ел аузынан ән кейіпкері Іңкәр қыздың Торы Қыпшақтың Бессарысына жа­та­тын әнші-күйші Бөгембай салдың қызы екенін, Бөгембайдан Дүйсенбай мен Іңкәр туатынын білді. Бұл деректі де Рымғали қалт жібермеді. Бә­рін қойын дәптеріне жазып алып отырды. Маған: “Сен осы тақырыпқа неге пьеса жаз­бай­сың” деп, мені қайрап қояды. — Нағыз ма­хаб­бат, трагикалық спектакль шығар еді-ау... Бұдан соңғы Рымғалидың ынталы тақырыбы – Торғай дуанындағы ақындық мектеп болды. Уақ Жұмабай, Есенжол Жанұзақұлы, Сейдахмет Бей­сенұлы, Құбаш Шалбайұлы, Әбіқай Нұр­та­за­ұлы, Күдері Жолдыбайұлы, Қашқынбай Қа­зұлы, Әбдірахман Иманқұлұлы – Ахмет Байтұрсыновтың ұстаздары. Бұл мәліметтерді де Рым­ғали шет қалдырмаған. Досымызды Ахаң­ның тұстас ақындары: Күдері, Құтжан, Фай­золла, Сәт, Әлсүгірдің Атырауы, Рсалдының Ибрагимі, Баспақтың Уәлісі, Жүсіп, Аяп, Шаң­ды­аяқ, Қияқбай, Нұрхан ақын жырлары да қызықтырды. Курстас досымыз Байтұрсын Ілиясовтың (Байтұрсын ол кезде Қарағандыда қызметте-тін) дуан орталығында тұратын әке-шешесіне сәлем бере барғанымызда, ақкөлдік бір көнеқұлақ қария Рымғалиға: – Балам, арабша танысаң, мынаны оқып берші, – деп, сарғайған ескі қағазды ұсынды. Рымғали бір мезет әрі-бері қарап көрді де, әбден бүктетіліп тозған қағаздағы жазуды жүргізіп оқи жөнелді: Не жазып ем, құдай-ау, мен қазаққа, Мұншама ғып салғандай бұл азапқа?! Адамшылық есебіне кірісіп, Қолы жетсін дегенім бе азатқа? Жөн көрсеттім қазақ деген ұлысқа, Жол сілтедім жақын емес алысқа. “Өзге жұрттар өрге қадам басқанда, – Дедім, – сен де қатарыңнан қалыспа!” Бар ма, қазақ, мұнан басқа қылғаным? Неңді шаштым, неңді бұздым, былғадым? Аштан өлген аталарың бар ма еді, Тамақ үшін сатқан сірә иманын. Көң тасыған көк есектер, бәріңе, Қалдырмастан жағалай жас кәріңе. Үрім-бұтақ нәсіліңе қалғандай, Нық басылар кетпейтін мөр тәніңе. ... Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес дарға асқаны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз аулымның иттері үріп, қапқаны! Рымғали араб ғарпімен жазылған қағазды алдымен ежелей, соңынан жүргізіп оқи бас­та­ған­нан-ақ менің көз алдымнан университетте араб пә­нінен дәріс оқыған Мәрзия Мәженова апайымыз өтіп отырды. Рымғали сол апайымыздың бар уа­қытын алатын қайдағы бір сұрақтарды жаудырып. Апай бізге жадитті үйретті ғой “төте жазуды білсеңдер жетеді” деп. Ал Рымғали “қадымды (кадим) үйрет” деп тұрып алатын. Біздің көбіміз апайдың “ғамилун, жамилунымен” қалып қойғанда Рымғали арабшаны өз бетінше ізденіп оқыды. Сонысы, міне, іске асты. Қағаздағы сөз оқылып болғанда жұрт оша­ры­лысып, үнсіз отырып қалды. Рымғали: – Бұл өлеңнің иесі кім екенін сездіңіздер ме? – деді. – Таныс өлең ғой! Бұл – Ахаң-ның өлеңі-і... – деді Байтұрсынның Баймырза дейтін ағасы ақынның жыр шумақтарын дәл танып. – Иә, Ахаңның өлеңі! – деді Рымғали жұртқа жалтақ-жұлтақ қарап тұрып. – Қағаздағы жазу өше бастаған екен, мен оны жадымнан оқып шықтым... – Көп жаса, қарағым, талабың жақсы екен! – десті отырғандар. Әңгіме тиыла қалды. Осы кезде менің шешем: – Осындай өлеңдерді менің інім Жүсіпназар домбырасына қосып айтушы еді. “Үш бурыл”, “Екі жирен”, “Аққұм”, “Қарғаш” дейтін әндерді айта­тыны әлі құлағымда! – деп қалды. Рымғали осы сәтті пайдаланып менің шешем­нен: – Шешей, шыныңызды айтыңызшы, әкеңіздің аты Байтұрсын болса Ахаң сіздің туған ағаңыз ба? – деп сұрады. – Жо-ға, қарағым. Ахмет ағамыз арғын, оның ішінде үмбетей, біз қыпшақтан тараймыз. Бірақ ауылымыз қатар. Менің әлгі Жүсіпназар інім Ахмет ағаны жақсы таныған, соңынан еріп жүріп ән айтқанын жұрт біледі, – деді. Рымғалидың күдігі тарағандай, әйтпесе ол ме­нің шешемнің әкесінің аты Байтұрсын екенін ес­ті­генде мені “Ахаңа жиен екен ғой” деп жүріпті. Соңынан үйге келгесін Рымғали шешемнен мен туралы сұрайды қоймай-қоймай. “Ау, оның саған не қажеті бар” десем, бол­майды “керек” деп. Осы жолы Рым­ға­ли өзі араласатын адамның бәріне жа­дында “қалта” ашып қоя­тын дағ­ды­сын және айқын танытты. Кі­сіні бүге-шігесіне дейін білуге ты­ры­сады. Содан анашым Рымғали баласының сөзін екі етпей: – Қоғабайжан, мына Қабырға өзе­ні­нің арғы бетіндегі “Қолдас” аталатын Сарының (ру аты) жерінде Қоғабай дей­тін кісінің кө­ңін­де туып еді. Атын сол себеп­тен де “Қо­ға­бай” қойғанбыз, жа­рық­тық киелі кісі бо­лып­ты. Кіндігін әке­сінің өзі Қалы дейтін үш жасар балаға ұс­татып тұрып, ырым­дап шотпен кескен-ді, – дейді. – Бәсе, содан екен ғой, кейде қат­ты қайрақтай қатып қалатыны, – деп Рым­­ғали әңгімеге қа­рық болады... Рымғали жо­ға­ры­дағы түсімде аян бер­гендей, еске салған сапар сыры осындай еді. Уайым аз, үміт көп күндер-ай, ол са­пар әсте ұмы­тылмас. Алаң көңіл бол­ма­шыға сенеді. Сенісерге келгенде, Сене берер талғамай. Жұрты құрғыр сенгішке Тұра ма құрық жалғамай? – деген Абай ғақлиясын Рымғали өмірде берік ұстанды. Ол кісі тануға келгенде аса сақ еді, талғамай сене бер­мей­тін ешкімге. Сырт көзге қанша арынды, аңғал кө­рін­генімен де Рымғали қызды-қыздыға са­лын­байтын жан еді. Бір басына жетерлік ақылы, қажетті жерде кісі арбар әдісі, кейде тіпті пенделік те мінездері болатын. Адам періште емес. Әйтсе де жайдақтықтан ада еді. Өтетін өткелін білетін. Ол тәңірі ісінен басқаның бәріне қайратпен кіріп, өзі қиынға түскенде не бір додадан сүрінбей топ жарып шығатын. Екеуміздің алғаш кезіккеніміз есте. Арықша келген, ашаң жүзді, құлағы қалқиған, көзілдірікті жігіт кісіге аңсын аңдай, сынай қарайды екен. Бірінші көргеннен ол маған: – Was іst das? – деді немісшелеп. – Das іst – Іch! – дедім мен оған. – Gut, gut! – деді ол тағы немісшелей. – Немене, немісшең тасып тұр ма? – дедім мен енді тіктене. Рымғали маған ұзақ тесіле қарап алып: – Сені немісшеге жүйрік деп естіп ем, содан да ғой тілімді бұрап тұрғаным... – деді. – ?! – Мен үндей алмай қалдым. Ол менің “жанды жеріме” тиді. Мектепте неміс тілінен сабақ беретін мұғалимама “ғашық” болып, содан да неміс тілін жақсы оқығанымды, тіпті немісше спектакльге қатысып ойнағанымды, сонда жаттап алған немісшемді қызықтап әлі күнге жиі айтатынымды курстастарымнан Рымғали естіп алған екен де, соны алдыма тартып тұр екен. Қайткенде де әу баста шәлкем-шалыстау, сөз қа­ғыстыра таныстық. Сол таныстық кейін тү­сі­ніс­кен табысуға ұласты. Ол кезде біз оқитын журналистика бөлімі КазГУ-дың филология факультетіне тіркеулі еді. Рымғали филфакқа түсіпті. Өзін көбіне-көп кітапханалардан көреміз, кітапты көзі қызарғанша оқитынын байқайтынбыз. Осылайша алғашқы курстарды филфакта оқыған Рымғали 3-ші курстан біздің журналистика бөліміне ауысты. Рымғалидың келуімен біздің біраз жігіттер кітапхана есігін ашатын болды, көбіне сабақтарын сонда дайындап, сонда “өріп-жайылатын” қалыпқа түсті. Кітапты жарыса оқитын дәрежеге жетті. Орыс, шетел әдебиеттеріне зер салды. Журналистика бөлімінде оқитын жігіттердің түпкі мақсаты – жазу ғой, осы тұста да бөліне көзге түсе бастағандар арамыздан суырыла шықты. Бірақ Рымғали бұл “жазғыштар” тобынан әуелде табыла қоймады. Рымғалидың оқуы жақсы екен, сол зеректігін бізге келгесін де танытты. Жүйрік қашан да жүйрік! Соңғы курстарға таман озық мінезді Рымғали газет-жорнал беттерінде мақалаларымен көрінді. Жазу-сызуында тың екпін бар, мақала, очерк, сыни материалдары тосын басталып, тосын аяқталады. Оқып жүріп-ақ “Лениншіл жасқа” орналасты. “Лениншіл жас” – Рымғалидың қолы болды. Стилі жастар басылымына оң келді, содан құлаш-құлаш материалдарды төпеді-ай келіп. Етектей-етектей мақалалары жиі шығады. Бірде очерк, бірде новелла, бірде суреттеме... Өстіп жүріп ол әдеби сынға көшті, өнер тақырыбына ойысты. Әсіресе, театр жағын қаузады. МХАТ театрының гастролі кезінде рецензияларды үйіп жазды. Бақсақ, Рымғали театрды текке қуып кетпеген екен, алдына мақсат етіп қойған кандидаттық жұмысын жазып жүргенін кейін білдік. Бұл ісін және сәтті аяқтады. Ол еңбек жолын республикалық жастар газетінде бастады дедік қой. Содан Одаққа (Жазушылар одағы) келіп қызмет етті, қаламгерлер арасында бедел-атаққа ие болды. Университетке (ҚазМҰУ) барды, онда сіңісті. Қазақ Совет энциклопедиясында бас редактор қызметін атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде кафедра меңгерушісі болды. Соңынан көп шәкірт ертті, 42 ғылым кандидатын, 14 ғылым докторын дайындап шығарды. Жалпы, Рымғали Нұрғалиев жүрген жерінде көптің бірі емес, бірегейі болып шыға келетін. Еткен еңбегінің нәтижесінде ол филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, “Парасат” орденінің иегері болды. Түбі жақсының тегі жақсы. Осыны санасында ұстаған перзент адаспайды. Рымғали осы қалыпты білді. Мұндай жандарды “ұлт өрісі” деу орынды. Ең­бегін халқы үшін, ақылын ұлты үшін жұмсайтын тұл­ғалар өмірде аз. Рымғали – осы аздар сана­тынан. Рымғали Нұрғалиев — ғылымда қазақ дра­ма­тур­гиясының теориялық мәселелерін зерттеген сыншы-ғалым. Оның “Трагедия табиғаты”, “Талант тағдыры” дейтін кітаптарын жұртшылық кезінде жылы қабылдаған болатын. Содан соң “Күретамыр” атты жинақ ұсынды. Онда қазақ драматургиясының поэтикалық мәселелері, сах­на­лық шығармадағы күлкінің эстетикалық мәні, дәс­түрдің жаңғыруы, сондай-ақ жанрлық фор­ма­лардың дамуы сөз болатын. Жалпы өнер атаулының халықтық сипатын зерттеудің тамыры тереңде жатқаны белгілі жайт. Мәселен, философ жазушы, ағартушы Жан Жак Руссо бұл төңіректе кейін тұтас мектептерге азық болған пікірлер айтқан. Буржуазиялық қарым-қатынастар өнер мен халықтың арасындағы бай­ла­ныстың соңғы дәнекерлерін өз идеологиясымен үзді десек, оған апарған жол олардың халықты бір төбе, өнерді бір төбе деп қарауында. Немістің ұлы ақыны Шиллер халық пен өнерді табыстыру үшін қалың қауымды биік эстетикалық өреге көтеру керектігін айтқан. Әдебиет пен өнердің халықтық сипатын анықтар алдында автор – елдің өз ішінен шыққан перзенттер қолынан туған халықтық идеяны көтеретін ұжымдық өнер туындыларын бөліп алып қарайды. Оған ол фольклорлық шы­ғармаларды жатқызады. Ғалымның екінші бір ұстанымы – дара шы­ғар­машылық тұлғалардың өмірдегі орнын белгілеу. Қашан да суреткер ана тілі арқылы өз халқының өмірін, психологиясын, тұрмысын, рухын бей­нелемек. Әдебиет пен өнердің образдық та­би­ғаты, дара сипаты тілмен өзектес. Олай болатын себебі, тіл халықтың қоршаған ортаға, бол­мысқа қарым-қатынасын білдіретін құрал. Сондықтан халықтық сипат белгілі бір елдің әдеби тілі үшін күресінен басталатын кездері болатындығын ғалым өзінің жоғарыдағы аталмыш еңбектерінде нақты мысалдармен дәлелдейді. Сыншының бұл тұстағы табысы өзіндік ой қорыта алу ерекшелігінде жатыр. Жоғарыдағы әңгіме болып отырған әдебиет пен өнердің халықтық сипаты тұсында автор ойын былайша түйіндей келіп: “Әдебиеттің халықтық сипаты – ана тілімен өзектес, ана тілі – ананың ақ сүті. Өйткені, көркем образ, оның әртүрлі сәу­лелері, бояуы, ырғағы тек ана тілінде ғана айқын ашыла алады”, – дейді. Кітап “Реалистік драма жолында”, “Күлкінің эстетикалық мәні”, “Тарихи дәлдік пен көр­кемдік”, “Жаңғырған дәстүрлер”, “Әдебиеттің даму сипаты” дейтін бес бөлімнен тұрады. Атынан-ақ кө­рініп тұрғандай, бірінші “Реалистік драма жо­лында” деп аталатын тарауда ХХ ғасырдың ба­сында дүниеге келген қазақ драматургиясы жа­йында сыр шертіліп, жаңа төл әдебиетіміздің бір са­ласы – драматургия жанрының өсіп өркендеуі әң­гімеленеді. Бұл тұста автор замана тынысын, уақыт сырын, дәуір талабын айта отырып, жаңа дүние ашқан төл әдебиетіміздегі пьесаларға тоқталады. Автор бұл ретте ұлы суреткер Мұхтар Әуезов драматургиясын бөліп алып қарастырған. Мұндағы себеп – үлкен әлеуметтік төңкерістердің әсерінен халық санасына түскен өзгерістерді, рухани эволюцияны бейнелеу жолында Мұхтар Әуезов, әсіресе, драматургия жанрында сан алуан шығармашылық тәжірибе жасаған қаламгер. Міне, осы ерекшеліктерді ашу тұсында зерттеуші көп еңбектенген. Оған автордың М.Әуезов пьесаларын талдаудағы әдістері мысал бола алады. Бұл тұр­ғы­дан алғанда, Мұхтар Әуезов тақырыбы Рым­ға­ли­дың зерттеуіндегі негізгі қазық, алтын арқау болып табылады. Қазақ драматургиясының поэтикасын зерттеуге арналған бұл монографияның басқа тарауларында да соны ізденіс, тың тұжырымдар жеткілікті. Автор бірінде драматургиялық шығармадағы күлкінің эстетикалық мәнін әңгімелесе, кітаптың келесі бір тарауында әдебиеттегі дәстүрдің жаңғыруын сөз етеді, тағы бір тұста жанрлық формалардың да­муын зерттеу объектісіне айналдырады. Р.Нұр­ға­лиев­тің өз ұстазы Бейсенбай Кенжебаевпен бірге жаз­ған “Сабыр Шәріпов” атты кітабы ғылыми жұрт­шылықты елең еткізіп еді. Жұмат Шанин жайындағы кітабы да осындай табысқа ие болды. Оның “Дән”, “Ер­тең ат шабыс” дей­тін хикаяттары, “Полигон әң­гі­ме­ле­рі”, “Жар­тас­та­ғы қарағай”, “Оқ” секілді повестері, көркем аудар­ма­ла­ры жазу ерек­ше­лі­гімен құнды. Ға­лымның “Әуезов және Алаш” атты монографиясының та­биғаты тым бө­лек. Мұнда өткен Алаш арыс­та­ры­ның шы­ғар­ма­шы­лық лабо­ра­то­рия­сы терең зерт­те­ле­ді. “Телағыс”, “Арқау”, “Айғақ” сияқты шығар­ма­ла­ры бір сала әң­гіме. Зерттеу ең­­б­ектерінің көр­кем тілмен жазылуы, толайым қазақ сын жа­нрының өрісін ке­ңейту үр­дісі Рым­ғали Нұр­­ғалиевтің әде­биет­ке әкелген жа­ңа­лығы. Ға­лымның бұл сала­дағы ең­бек­терін тізбелеу жөн емес, Рым­ға­лиды зер­делей оқу ке­рек, сонда ғана жалпы сөз ила­ным­ды бо­лады. Рымғали жан-жағына сәуле тү­сіріп жүретін жан болатын. Бір жәйт еске түседі. Менің роман жазып жүргенімді білетін (Амангелді батыр жайлы) до­сым бірде теле­фон шалды. – Сенің рома­ның­ды “Жалын” бас­пасының та­қы­рыптық жос­па­ры­на “Қызыл жалау” деген атпен кір­гі­зіп жібердім. Жа­нрын тарихи-ре­волю­циялық ро­ман дедім, – дейді. – Ау, мен әлі романымды біткен жоқпын ғой, – десем, ол: – Оқа жоқ, бітпесең бітіресің! – дейді өктем дауыспен. – Асығыс болып жүрмесе... – Жә, болар іс болды, енді қамшыны бас! Рымғали “Романның аты қалай болар екен?” дегеніме де қарамады. Жоғарғы жақ “Қызыл жа­лау” деген сөзді сыза алмайды деп шегеледі. – Қы­зыл түс – революция символы. Так что, бұл жағы қатып тұр... Маған енді жайбарақаттықты тастап, рома­ным­ды жазуды жеделдетуге тура келді. Рымғали айт­қандай, қамшыны бастым. Күзінде журналдық нұс­қасы (1977 ж.) “Жұлдызда” жарық көрді. Ұзамай романым Рымғали қойған атпен кітап болып шықты. Тағы бірде Рымғали телефон арқылы маған шұғыл жет деді. Келіншегім Гүлбаршын екеумізді Панфилов паркінің алдынан қарсы алды. – Не боп қалды? – десем, қолыма бір парақ қағаз ұсынды. – Бұл сенің кандидаттық жұмысыңның анно­та­циясы. Дереу барып КазПИ-ге тіркел! Кан­дидаттық минимум тапсыруың керек! – дейді. – Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин ағаларыңмен келісіп қойдым! – Мұның не? Ау, менен ғалым шыға қоймас, – деймін мен. – Неге шықпайды, шыққанда сенен шықсын! Сөзді көбейтпе! – деп Рымғали өзеурей түссін. – Осы сенің шегіншектігің-ай! Жұртқа есең осындайдан кетіп жүр... Келіншегім екеуіміз аң-таң. Сәлден соң: – Жә, көрерміз, – дедім мен енді сөзді басқа жаққа бұрмақ болып. Рымғали: – Жоқ, көрермізіңді қой, істі бастап кет, та­қы­рып өзіңе таныс – Сәбит Мұқановтың дра­ма­тур­гиясы – қатқан тақырып. Ғылыми кеңесте тір­кетіп алдым! – деді сөзін бекітіп. Тағдыр шығар, бірақ мен ғылым жолын қу­ма­дым. Ғылымнан гөрі ғалымы көп мына қар­балас заманда қара көбейткендік те мұрат емес... Айту парыз! Рымғали осындай өзгеге болсын деп жүретін дос-тын. Қашанда қара қылды қақ жарып сөйлейтін Рымғалидың әдебиеттегі толымды қазылығы Толыбай сыншы төрелігіндей еді. Ол үшін басты өлшем біреудің аты үркердей атақ-мансабы емес, кім талантты болса, соны тап басып танудан танбайтын. Жақсы шығарма оқыса, “пәлі!” деп сүйсінер Әуезовше қуанып, жанын сала мақтаушы да, жақтаушы да мінезі бар-тын. Өзі “біздің кішкентай Абайымыз” деп атап кеткен курстасы Есенбай Дүйсенбайұлының – алпысыншы жылдары әлі жинағы шықпаған, баспасөзде де жөнді жарияланбаған ақынның өлеңдерін студенттерге лекциясы үстінде жатқа айтып жүргенінен де хабардармыз. Сол Есенбай былай дейді: – Ол кезде мен аудандық газетте тілші едім. Өзім ауру. Бала-шағам бар. Үй-күйім жоқ. Біреудің түйе қорасын 200 сомға сатып алып, сонда күнелтіп жатқанбыз. 1967 жылы Совет өкіметінің орнағанына жарты ғасыр толатын мерекесіне орай Бүкілодақтық қызылізшілдердің “Әкелер даңқы жолымен” жорығы тақырыбына арналған шығармаларға әдеби бәйге жария­ла­нып, соған мен үш өлеңмен қатыстым. Ұмыт­па­сам, бір туындым “Есептегі комсомолец тура­лы баллада” аталады. Ұзын ырғасы мынандай: Әділқазылар алқасының өзге мүшелері бірінші орынды бір орыс ақынның өлеңіне берейік десе, оған Рымғали көнбей, ұзақ ай­ты­сып-тартысып, ақыры аяғында бірінші орынды менің өлеңдеріме бергізгенін мен бертініректе Сәбит Досановтан естідім. Ал бұл жеңіс, яғни Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің бірінші секретары Өзбекәлі Жәнібековтің қолынан жеңімпазға берілер диплом мен Абай бюстісін және Ленинград қаласында өтетін Бүкілодақтық “Әкелер даңқы жолымен” жорығы жеңім­паз­да­ры­ның жиынына жолдама алуым, шынымды айт­сам, мені шыңыраудан шыңға шығарғандай ке­ремет қолдау, рухани сүйеу болды. Тап сол тұста Ақтөбе облыстық “Коммунизм жолы” газеті: “Байғаниндік талантты жас ақын Есенбай Дүйсенбаев республикалық ақындар кон­кур­сында бірінші орынды жеңіп алып, облыс жас­тарының жарыс эстафетасын Ленинград қала­сының Сатай алаңына жеткізді”, – деп жазды... Осыдан кейін-ақ атым, атағым жұрт аузына ілігіп, Байғанин ауданы мені мойындай бастады. Көп ұзамай жаңа үй алуыма да Рымғали досым алып берген сол бірінші орын игі ықпал етті-ау деп ойлаймын. Десе дегендей, Есенбай ақын ағынан жа­ры­лып отыр. Рымғали өзімен бірге оқыған курс­тас­тары жайлы “Жетпістің жетеуі” дейтін эссе жазды. Бұл эссе-естелік кейін жеке кітап болып шықты да. Сонда жоғарыдағы курстас досы айтқан ақиқат адалымен айтылады. Осы биылғы қаңтардың орта тұсында Рымғали маған телефон шалып: “Сен Астанаға келсеңші, үйден дәм тат, курстастар болып бір көсілелік! – деді. – Мұнда Митько (Мәткерім Әкімжанов) мен Бөкеңе (Болат Бодаубаев) айтып қояйын!” Солай болды да. Бірде тату, бірде қату пенделік жоқ. Ше­шіл­медік пе ақтарылып. Бейсенбай Кенжебаев, Те­мір­ғали Нұртазин, Зейнолла Қабдолов, Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев, т.т. ұстаз­да­ры­мыз тілге оралды. Құрекең (Құрманбай То­лыбаев), Нұриден, Әнуар (Жапаров), Байтұрсын, Маман (Ементаев), Сейдін (Есназаров), Қарауылбек, Жүсіпқали, Өтеген (Сейдазимов), тағы кім,.. біраз өмірден өткен курстастарымыз еске түсті. Мұндайда жүйелі әңгіме болмайды. Әзіл-қалжың араласады, шынайы күлкі! Былайғы тірлік, дос-жарандардың қызықты қылығын айтумен таңды атырыппыз... Уақыт оралмайды. Сонда біз Рымғали енді аз күнде өмірден тез кетіп қалады деп ойладық па... Дубайға демалысқа барған жерінде үзілген жайсаңымыздың ажалы бір жұмбақ... Қыран қазасы қияда, деп қанша жұбанғанымызбен сену қиын, қайтерсің, не шара... Елі-жұрты, дос-жарандары енді Рымғалидың соңында қалған тұяқтары: Ардақ, Ердос, Ләйлә, Айша, Раби­ға­сын көз көреді. Өзі: “Человек приходит в мир со сжатыми ладонями и как бы говорит: весь мир мой, а уходит из него с открытыми ла­донями и как бы говорит: смотрите, ничего не беру с собой” деп айтқан Талмуд сөзін растап, бұл жалғаннан құйрықты жұлдыздай ағып, кете барды. Бүгінде көп жұрт алашшыл. Өз басым соған сене бермейді. Ал Рымғалиға сенетін едім. Өйткені, ол Алашын сүйетін. Өзі де шын мәніндегі ұлтжанды жігіт еді. Ахаңды, Әлекеңді (Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхановты) ақтарыла, адал жанымен беріле зерттей жазған ғалым-ізденуші де әділіне көшіп айтқанда – Рымғали. Қазақ мәдениетінің бәйтерегі Ахмет Байтұрсынов жайлы, ұлт ұстазының ақын, көркемсөз шебері, ғалым, қоғам қайраткері ретіндегі барша еңбегін Рымғали Нұрғалиев білгірлікпен саралады. Талантты талант таниды. Ахаңды алғаш таныған Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Смағұл Сәдуақасов, Мұхтар Әуезов болса, жаңа дәуірде Алаш жұртына Ахаңды қайта таныстырғандар легінің және бір санатында Рәбиға Сыздықова, Әбіш Кекілбаев, Рымғали Нұрғалиев есімдері алдымен аталады. Бұлай деуге себеп: Рымғали Нұрғалиев Ахмет Байтұрсыновтың “Жалын” баспасынан шыққан “Ақ жол” кітабына кең көлемде алғысөз жазды. Содан соңғы оның Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті бюросының “Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы” қаулысынан кейінгі “Алыптар қайта оралғанда” дейтін зерттеу мақаласы алабөтен дүние. Бұл зерттеуді сыншы-ғалымның Алаш мұраты, оның қайраткер қаламгерлер хақындағы алғашқы ізденіс, байыпты талдау, байсалды бағалау, оңды көзқарастарының бірі деу орынды. Осындай есті сөз айтуға келгенде Рымғали досымыз жанып түсетін еді. Ғалымның елшілдік мінезі алға шығатын. Рәбиға Сыздықова мерзімді баспасөз бетінде Ахаңның тіл жайындағы еңбектерімен таныстырды. Әбіш Кекілбаев Ахмет Бай­тұр­сыновтай алып тұлғамыздың халқына қайта оралған тұсында ұлт ұстазының елінде көсіле төгілтіп баяндама жасады. Рымғали Нұрғалиевтің әлихантану іліміне қосқан үлесі аса зор. Ғалымның Ә.Бөкейханов шы­ғармашылық мұрасы төңірегіндегі еңбегі құн­ды­лығы жағынан баға жетпес жұмыс. Бұған сын­шының Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Ду­латов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұ­ма­баев жайлы еңбектерін қосыңыз. Қосу аз, Рым­ғали Нұрғалиев – осы салаға қажымайтын қай­рат, кемімейтін екпін әкелген қаламгер-сыншы. Алаштану ғылымы – Рымғали Нұрғалиев жұмыстарының ең бір өзекті саласы. Ғалым бұл тақырыпты біліп жазды, білгесін жазды, киелі “Алаш” сөзінің көкпар болып кетпесі үшін ширықтыра жазды. Өйткені, алаштану ғылымы ұлт жұмысы еді. Сондықтан да ғалым бұл тақырыпта түйінді сөз түйгенде: “Әлихан бастаған алаш азаматтары қандастарымен қуансақ бір төбеде, өлсек бір шұқырдамыз деген уәделерін орындаған” деп сөз қорыта алды. Академик-жазушы – Рымғали Нұрғалиев көзі тірі болғанында бүгіндері 70-ке толатын еді. Хакім Абай: “Құдай тағаланың жолы деген жол Алла тағаланың өзіндей ниһаятсыз (шексіз) болады” дейді. Және де ол осы өлшеусіз, шексіз жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, сол – таза мұсылман – толық адам болатынын түсіндіреді. Яғни, толық адам деп Алланың хикметін сезген адамды айтады екен. Сенелік. Рымғали сондай жан, жалғанның жалпақ жолында Жаратқанның хикметін сезіп өткен толық адамның бірі де Рымғали! Иланыңыз. Абай меңзеген мұндай “толық адамдар” қатары мына жарық дүниеде бар, қазақ қауымында олар қай ғасырларда да болған, бірақ өмірде тұлпардың аздығы секілді сирек. Бұл – ақиқат! Бисмиллә, ир-рахман ир-раһим! Бозторғай шырылдап, тағы бір таң атты. Кел, жарық күн! Бүгін... Қоғабай СӘРСЕКЕЕВ, жазушы. АБАЙ АУЫЛЫНЫҢ ҰЛДАРЫ Текті ұлдардың таусылып тылсым демі, Аз болған жоқ қарт Шыңғыс күрсінгені. Боз далада боздаған боз інгендей Қасіреттен қалғандай құр сүлдері. Атомның да залалын арқалады, Қарағайын қарақшы балталады. Жараланған жүрегін жұбатады, Құдандалы құрдасы Қарқаралы. Асыл туған ұлдары ұлы өлкенің, Көп ойлайтын халқының күні ертеңін. Екі тауға еркелеп ержететін, Арда туған баласы бұл өлкенің. Тұқымындай тұлпардың Қарақасқа, Озып олжа салатын нар Алашқа. Қос құлағы қырық жыл бұрын туып, Бидің сөзін айтатын бала жаста. Бұл екі тау біледі ер бағасын, Даналықпен өсірген ер данасын. Құнанбайдың баласы көз жұмғалы, Ешкім емдеп жазған жоқ шер-жарасын. Болжай алар пенденің сапарын кім, Құба заман көрсеткен қаһарын мың. Осы екі тау егіліп жоқтау айтқан, Кеудесін оқ тескенде Шәкәрімнің. Оған ермей ешкім жоқ жеке қалған, Жетелейді тағдырдың жетегі алдан. Дүниеден дәм-тұзы таусылғанда, Омарханның ұлы да кете барған. Қысқа ғұмыр жұлдыздай ағып өттің, Көлбеңдеуін қойған ба лағынет мұң. Шыңғыстаудың жолына көк шыққанмен, Басылған жоқ қайғысы Жәнібектің. Қоюланып батқанда күн қарасы, Қарт Шыңғыстың көбейді бір шарасы. Ойсыратып ортаңды тағы кетті, Абайдың ауылының бір баласы. Жүрегіне сіңіріп елдің мұңын, Иығына көтеріп елдің жүгін. Келдібектің ұлындай кесіп айтып, Екі сөзбен шешетін ердің құнын. Табанынан Ертістің терең еді, Ғылым көшін бастаған ерен еді. Шешен сөйлей білетін, көсем ойлап, Байтұрсынның ұлындай берен еді. Сүріндірер сапарда текті іздегі, Жалған өмір шынымен сепсіз бе еді?! Ардакүрең ағасын аламанның, Жайлауына жетпістің жеткізбеді. Күреңіткен өмірдің күзіменен, Құлап түсті-ау тамырын үзіп емен. Ұлы Абайдың ауылында туған ұлдар, Кетіп жатыр Абайдың ізіменен. Аманжол ӘЛТАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.