9 ақпанға қараған түні Рудныйдағы Горняков көшесінде жылу құбыры жарылып, 24 көпқабатты, 59 жеке тұрғын үй және 17 кәсіпкерлік нысан жылусыз қалды.
Қыс түскелі инженерлік желілерінің 62 пайызы тозып кеткен қаланың жылу, су, кәріз құбырлары қайта-қайта жарыла берген соң, осы аптаның басында қала әкімдігі жергілікті ауқымдағы техногендік төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болған.
Тоң жібіп, жылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасатын төтенше жағдай апат бола қалған жағдайда жедел қимылдап, қосымша күштерді жұмылдыруға, қажетті қаржыны да уақыт созбай жылдам бөлуге мүмкіндік бермек. Төрт айға жуық уақыт ішінде жылу және су құбыры 74 рет жарылып, ондаған тұрғын үй мен бизнес нысандары тәуліктеп жылусыз қалған қалада қар көбесі сөгіліп, күн жылынғанша, құбырдың жарылуы қалыпты құбылысқа айналатын сыңайлы.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, Горняков көшесіндегі жерасты құбырлары шіри-шіри жұқарып, кәдімгі фольга қағазы сияқты болып қалған. 2022 жылы қаланың жылу желісін жөндеуге 5,5 млрд теңге жұмсалып, бірнеше көшеде құбыр ауыстырылған. Бұл көшелерде биылдыққа бірде-бір құбыр жарылған жоқ. Ал жер астынан жік шығып жатқан көшелердегі құбырлар көптен бері жөндеу көрмеген.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне алдағы жазда жүргізілетін жұмыстарға бөлінетін қаржыны нақтылап беруді өтініп, арнайы сауалхат жолдадық. Тек Рудный қаласының жылу желілерін жөндеуден өткізу үшін шамамен 11 млрд теңге қаржы керек» дейді қала әкімдігінің өкілдері.
Жылу желілерінің жалпы жай-күйіне тоқталар болсақ, тек Рудныйда ғана емес, бүкіл облыс көлеміндегі жағдай мәз емес. Өңірдегі жылумен қамту желілерінің жалпы ұзындығы 810 шақырым болады. Оның 57 пайызы тозған. Тозығы жеткен құбырлардың дені қалалық мекендерде жатыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Ғапбасовтың айтуынша, 2022 жылы өңірде 19 шақырым жылу желісі жөндеуден өткен. Былтыр жалпы құны 8,6 млрд теңге болатын 5 жоба бойынша желілік жөндеу жұмыстары басталыпты. Бұл жұмыстар әлі де жүріп жатыр. Аталған жобаларды ойдағыдай аяқтау үшін биыл тағы 1 млрд теңге бөлініпті.
2023 жылы 4 шақырым жылу желісі жаңартылады. Қаңтар айында өткен жиында республикалық бюджеттен 17,1 млрд теңге қаржыға 9 жоба қолға алынатыны айтылды. Бұл жобалар жүзеге асырылса, облыстағы тозығы жеткен жылу желілерінің көрсеткіші 57 пайыздан 55 пайызға дейін кемиді, – деді басқарма басшысы.
Алдағы күндері мұнан өзге тағы 41 шақырым жылу желісін жөндеуден өткізу жөніндегі жалпы құны 17 млрд теңгеге жуық 12 жоба сараптамаға жіберілмек.
Қостанай облысы