Түркияның Нурдагыда қаласында жүрген Қазақстан ТЖМ құтқарушылары үйінділердің астынан үш адамды құтқарып, шығарып алды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Екінші эшелон Түркияға келген сәттен бастап тәулік бойы құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Екінші эшелон үшін іздеу орны Нурдагы - Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі толығымен қираған ғимарат бекітілді.
Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жай-күйін анықтау, үйінділер астында зардап шеккендермен аудио байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша жұмыстарын жүргізді.
«Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдіктегі үйінділердің астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін жол ашу жұмыстарын орындап, жедел және сауатты іс - қимылдың, сондай - ақ зардап шеккендерді блоктан шығару бойынша уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгін түнде көлемі 18 мың текше метрден астам үйіндінің астынан үш тірі адамды - ер адам мен екі әйелді шығаруға мүмкіндік туды», деп жазылған хабарламада.
Адамдар дереу медициналық қызметке жеткізілді.