Елімізде бекіре тұқымдас бағалы балықтарды аулауға тыйым салынғалы қашан. Алайда, тыйымды тәртіп деп тартынбаған талайлар тайлы-таяғы қалмай әлі де бағалы су маржанына, оның өнімдеріне суық қолын сұғуда. Бұған кездейсоқ атыраулық бір тұрғынның көлігінен 10 кило қара уылдырықтың табылуы дәлел бола алады. Бұл ақпаратты алған құқық қорғау органдар өкілдері әлгі «Нива автокөлігін тоқтатып, жүк салғышынан 20 пластикалық құтыға салынған бағалы бекіре балығының уылдырығын тапты. Білетіндердің айтуынша, 10 кило қара уылдырықтың қара базардағы бағасы 1 миллион теңгеден асады екен. Ал таяуда ғана аяқталған «Бекіре-2014» балық қорын қорғау шарасында заңсыз балық қорына қол сұғушылардан 27 тонна бағалы балық түрлері мен 18 кило қара уылдырық тәркіленген көрінеді.
Сонда, әлгі жоғарыда айтылғандай, бағалы балыққа салынған тыйым қайда қалған, егер тонналаған бағалы балық түрлері қолды болып жатса...
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.