Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін пайдалану мүмкіндігінің нәтижесінде, біраз азамат үйлі болып, ем-дом алып, жырғап қалды. Кәдімгідей көмек болды. «Әй, бір 3 млн теңге болса, әуп деп түрегеліп кетер едім» деп жүрген қоғамның біраз мүшесінің қопаң-қопаң етіп қалғанын қайтіп жасырайық. Экономистер мұндай жеңілдетілген жобалардың экономикаға ауыр тиетінін айтып, зар қағады. Тіпті былтырдан бергі үй бағасының қатты қымбаттап кетуін осы БЖЗҚ-дан ақша шығарумен де байланыстырады.
Жалпы, азаматтарды бүйтіп жарылқағанша, одан да олардың әл-ауқатын көтеруге күш салайық, сонда олар өздері-ақ пәтер сатып алып, еш алаңсыз емделмей ме дейтіндер бар. Бұл да рас сөз. Бірақ мемлекет БЖЗҚ ақшасын бағыттайтын көмекті ақыры қолға алды екен, ендеше, соңына дейін неге бақытқа бөлемейді дейміз ғой баяғы. Орта жолға келгенде жеткіліктілік шегін көтеріп жіберді де, жинаққа қол жеткізу қайда, жиналған сомасы – алынуға тиіс соманың маңына да жуымай қалды. Сөйтіп, мемлекеттің бұл жобасы шартты түрде тәуір жалақы алып, тәуір өмір сүретін байларға арналған бағдарлама болып шыға келді.
– Зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану бағдарламасы басталғалы бері қордан 3,2 трлн теңге алынған және соның басым бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсалған. Соған қарамастан азаматтардың БЖЗҚ-дан әлі 600 млрд теңге алу мүмкіндігі бар. Қазір азаматтар ай сайын шамамен 8-15 млрд теңге аралығындағы қаражатты тұрғын үй алуға немесе емделуге аударып жатыр, – дейді БЖЗҚ басшысы Жанат Құрманов.
Енді мемлекет жеткіліктілік шегінен асып түсерлік жинағы бар бақытты жандарға арнап тағы бір игілік жасамақ ниетте. Зейнетақы активтерінің 50 пайызын басқару құқығын салымшылардың еркіне беру мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл үшін шетелдік жеке компаниялар тартылмақ.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, салымшы өз қалауы бойынша жинаған жинақтың 50 пайызын жеке басқаруға тапсыра алады.
«Жеткіліктілік шегінен асқан жағдайда салымшылар бұл функцияны өмір сүру жағдайларын жақсартуға немесе емделуге ақы төлеу үшін пайдалана алады. Салымшы жинақ сомасының 50 пайызға дейінгі бөлігін жеке басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігі ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу кезінде ескеріледі. Жинақ ақшаның бір бөлігін Ұлттық банктен жеке басқарушы компанияларға беру инвесторлар үшін әртүрлі менеджер арасындағы басқару стилін әртараптандыру арқылы өз активтерін басқару тиімділігін арттыруға қосымша инвестициялық мүмкіндік болады», дейді Ә.Молдабекова.
Жаңадан енгізіліп жатқан талаптар жеке компаниялар үшін қаржы құралдарының тізбесін және жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруға қабылдау критерийлерін кеңейтуді де көздейді.
«Жеке басқарушы компанияларда БЖЗҚ салымшыларының қаражатын инвестициялайтын инвестициялық стратегия жеткілікті деңгейде теңгерімді болуы керек. Ол қазіргі инвестициялық стратегияға негізделеді, бірақ зейнетақы активтері ұзақ мерзімде табыстылықты көрсету үшін кейбір мүмкіндіктер кеңейтіледі», дейді Ұлттық банк өкілі.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаратын қазақстандық компанияларға қойылатын бірнеше талап бар. Атап айтқанда, инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясының болуы керек; капитал бойынша қосымша талаптарды орындап, өз қызметтерінде заң бұзуға жол бермеуге тиіс; қазақстандық резидент ретінде ірі акционері болуы керек.
Қазір Ұлттық банк БЖЗҚ-ның 14,6 трлн теңге активін басқарып отыр. Оның 49,7 пайызы – (7,2 трлн теңге) Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына, 11,4 пайызы (1,6 трлн теңге) – квазимемлекеттік сектордың облигацияларына, 6,4 пайызы (945,9 млрд теңге) – екінші деңгейдегі банк облигацияларына, 5,5 пайызы (812,1 млрд теңге) – шет мемлекеттердің мемлекеттік қарызына, 2,5 пайызы (370,9 млрд теңге) халықаралық қаржы ұйымдарының, оның ішінде Еуропалық қайта құру және даму банкі, Еуразиялық даму банкі және Азиялық даму банкінің бағалы қағаздарына инвестицияланған.
Зейнетақы қоры қаражатын тағы төрт жеке ойыншы басқарып отыр: Jusan Invest (4,2 млрд теңге), Halyk Global Markets (2,6 млрд), BCC Invest (1,5 млрд) және Centras Securities (0,9 млрд). Бүкіл кезең барысында инвестициялық портфелді басқарушы компанияларға 8,8 млрд теңге аударылған. Алайда олар әкеліп отырған кірістілік қуанарлықтай емес. Ұлттық банктің өзі басқарып отырған активтен түскен кіріс те мәз емес: 2022 жылдың басынан бері 914,1 млрд теңге болған. Алдыңғы кезеңнен (2021 жыл) 6,55 пайызға төмен. Жалпы, БЖЗҚ активтері бойынша жалпы нақты кіріс – 13,75 пайызға түсіп кеткен. 2022 жылдың соңындағы көрсеткіштерге қарасақ, «Halyk Global Markets» АҚ-ның кірістілігі – 4,15 пайыз, «Jusan Invest» АҚ – 3,73 пайыз, «BCC Invest» АҚ – 2,74 пайыз және «Сентрас Секьюритиз» 2,18 пайыз болған көреміз.
Бұған қоса БЖЗҚ зейнетақы активіндегі валюталық үлесті 30 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін Ұлттық банк қаңтарда биржалық саудада 120 млн доллар көлеміндегі шетел валютасын сатып алған. Осыған дейін биыл БЖЗҚ-ның 500 млрд теңгесі «Бәйтерек» холдингіне беріліп, әрі қарай бизнеске несие болып бағытталатыны хабарланған еді. Осы бастама да, жалпы БЖЗҚ-ға қатысты кез келген үрдіс қоғам сынына ұшырап жатыр. Ең бірінші кезекте олардың қаражатты инвестициялық құралдарға дұрыс бағыттай алмай, тиісінше жеткілікті пайда таба алмай отырғаны алаңдатады. Былтыр депутаттар жеткіліктілік шегін төмендетуге қатысты ұсыныс айтқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, жеткіліктілік шегі елдегі минималды жалақы көлеміне орай қалыптасады. Минималды жалақы өсті, сәйкесінше қордан қаржы алу шегі де ұлғаяды.
Әрине, өсіп отырған минималды жалақының да жарытымды табыс емес екенін, жалақыға қосылған үстеме ақшаны инфляцияның жалмап қойып жатқанын, ал кейбір салалар бойынша жалақының мүлде өспегенін қазір ешкімге базына қылып, дәлелдей де алмайсың. Сонда нарықта бірте-бірте қымбат инфляцияға қыңқ демейтін бай ғана қалмай ма? Демек мемлекет ұсынған кез келген бағдарлама өз-өзінен байларға арналған бағдарлама болып шыға келмей ме? Жақсы өмір сүргісі келген жұртқа көмектесудің бірегей жолы – өндіріс ашу, шикізат емес, дайын өнім экспорттайтын елге айналу, адами фактор әлеуетіне жанашырлықпен көңіл бөлу екені Үкімет баяндамаларында тәп-тәуір жүзеге асып жатыр. Әзірге, соны талғажау етеміз.