• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Экспорт 12 Ақпан, 2023

Транскаспий жүк тасымалы өсті

235 рет
көрсетілді

Экспорт маршрутын әртараптандыру мақсатында Қазақстан бірнеше балама бағытты қарастырып отырғаны белгілі. Осы ретте біз үшін Транскаспий бағытының маңызы аса жоғары. Былтырдан бері мемлекет осы бағыт бойынша тасымалды жандандыруға ерекше көңіл бөліп жатыр. Оның нәтижесі де жоқ емес. 2022 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы жүк тасымалдау көлемі 2,5 есе өсіп, 1,5 млн тоннаға жеткен.

Бұл туралы Алматыда өткен «Транскаспий халықаралық көлік бағдары» (ТХКБ) Халықара­лық қауымдастығы Жалпы жиналысының отырысында айтылды. Маршрут қатысушылары қауымдастықтың 2022 жылғы қызметін қорытын­дылады. ТХКБ бойынша тасымалдаудың оң қар­қыны және оның қазіргі геосаяси жағдайдағы рөлінің артқаны атап өтілді.

2022 жылы жүк тасымалдау көлемі айтарлық­тай өсіп, көлемі 2 тоннаға таяп та қалды. Бұл ретте отандық жүк экспорты 2021 жылмен са­лыс­тырғанда 6,5 есе ұлғайып, 891 мың тоннаны құраған. Сонымен қатар контейнерлерде 33,6 мың жиырма футтық эквивалент тасымалданыпты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33 пайызға артық.

2023 жылға арналған маршрут бойынша жүк­терді тасымалдау көлемін ұлғайту, тұрақты түр­де шаттл-пойызбен бекітілген кесте бойынша жүру және бірыңғай транзиттік өнімді құру мәсе­ле­лері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі акваториясы, Әзербайжан, Грузия, Түркия және Қара теңізі арқылы Еуропа елдеріне өтеді. «ТХКМ» қауымдастығы мүшелерінің қатарында теміржол әкімшіліктерін, порттарды, 8 мемлекеттің кеме және логистикалық компанияларын қосқанда, 20 компания бар.

Жалпы, 2025 жылға қарай осы көлік дәлізінің көмегімен тасымалданатын жүк көлемін 10 млн тоннаға жеткізу жоспары бар. Бұған дейін Транскаспий бағытына қатысы бар мемлекеттер – Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Грузия мемлекеттерінің сыртқы істер, сондай ақ көлік мәселелеріне жауапты министрлері бас қосып, нақты іс-қимылдар айқындалған жол картасына қол қойған болатын. Тараптар алдағы бес жылда өздеріне қатысты аумақта порттарды кеңейтіп, белгіленген жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.