• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Партия 12 Ақпан, 2023

Партиялық тізімнің тегеуріні қандай?

364 рет
көрсетілді

Осы аптада елімізде сайлау додасына қатысты айтылатын ақпарат та, атқарылатын іс-әрекетте те ширап, әдеттегіден бөлек белсенділік байқала бастайды. Өйткені, 19 наурызда өтетін саяси науқанға дайындықтың бірінші кезеңі аяқталды деуге болады. Яғни, Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталып, енді аз күннен соң үміткерлердің үгіт-насихат жұмысы басталады. Осы аралықтағы кезең бізге Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың қатарынан көрінуге ниетті саяси партиялар мен жеке тұлғалардың ара салмағына қатысты аз-кем сөз айтуға мүмкіндік береді.

Өткен аптада Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталды. Сайлау туралы Конституциялық заң нормаларына сәйкес елімізде тіркелген сая­си партиялар біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша нау­қанға қатысу құғына ие. Осы негізде саяси ұйымдар Парламент Мәжілісінің депу­таттығына сайлауға қатысу үшін партиялық тізімдер мен талап етілген басқа да құжаттарды Орталық сайлау комиссиясына өткізді.

– 2023 жылғы 19 наурызға тағайын­далған Парламент Мәжілісі мен мәсли­хаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі күнтізбелік жоспарға сәйкес өкілді органдар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда сағат 18.00-де аяқталды. Жалпы, бұл сайлау науқанының ерекшелігі – Парламент Мәжілісінің, сонымен бірге облыстардың, республикалық маңы­зы бар қалалардың және астананың мәс­лихаттарының депутаттығына канди­дат­тарды ұсыну аралас: пропорционал­ды өкілдік ету, сондай-ақ бірмандат­тық аумақтық сайлау округтері бойын­ша сайлау жүйесі арқылы жүзеге асырыл­ды. Ал аудандар мен қалалардың мәслихат­тарына депутаттығына канди­дат­тар­ды ұсыну рәсімі толығымен мажоритар­лық жүйе негізінде, яғни бірмандат­тық аумақтық сайлау округтері бойынша өтті. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығына заңнамада белгіленген тәр­тіппен тіркелген саяси партиялар ие болды. 21 қаңтарда өткен Орталық сай­лау комиссиясының екінші отыры­сында партиялық тізім бойынша сай­лау­ға қатысуға елімізде тіркелген бар­лық 7 саяси партия жіберілді, – деді дода­ның алғашқы кезеңіндегі жұмыс­тарды қорытындылаған Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

ОСК нақтылаған дерек бойынша сайлау науқанына партиялық тізіммен 281 адам ұсынылған. Оның ішінде «Қазақ­стан Халық партиясының тізімінде 52 үміт­кер, «Ақ жол» демократиялық партиясы­ның тізімінде 52 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы­ның тізімінде 19 адам, «Байтақ» жасылдар партиясының тізімінде 18 үміткер, «Ауыл» халықтық-демократиялық пат­риоттық партиясының тізімінде 25 адам, «Respublica» партиясының тізімінде 25 мүше және «Amanat» партиясының тізімінде 90 кандидат бар.

Жалпы, бұл сайлау науқаны қазақ қоғамындағы азаматтық көзқарас бел­сенділігі мен таңдау еркінің деңгейін де анық­тайтын сынақ болғалы тұр. Мұны әуелі додаға қатысып отырған саяси ұйым өкілдерінің пікірінен де байқауға болады. Мәселен, тіркеуден өткен 7 партияның арасындағы ең бел­сендісі «Amanat» партиясы болса, саяси аренадағы жаңа күш – «Respublica» партиясының да амбициясы бірден көз­ге түсе бастады. Бұл қатарда «Ауыл» ХДП, «Қазақстан Халық партиясы», «Ақ жол» париясы, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» және «Байтақ» жасылдар партиясы да бар.

Осы жерде «Amanat» партиясының белсенділігі дегенде партиялық тізім бойынша ең көп үміткер – 90 адам және бір мандатты округ бойынша да 29 адам ұсынғанын айтқан орынды болар. Және бұған дейін еліміздің саяси жүйесіндегі атқарушы биліктің қомақты үлесін уысында ұстаған ұйым қазір партия жұмысының толықтай транс­формацияланғанын жария етуде. Сондай-ақ партия басшылығы Мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынған үміт­керлер қатарының 75 пайызға жаңар­ғанын да басты артықшылық ретінде көрсетуге тырысып отыр.

Ал «Respublica» партиясы сайлауға 29 кандидат ұсынды. Оның төртеуі бір мандаттық округ бойынша додаға түсетін тізімде тұр. Партия кандидаттарының арасында түрлі саланың өкілдері бар екен. Олардың арасында кәсіпкерлер, жоға­ры оқу орындарының жетекшілері­нің есімдері аталуда. Партиялық тізімдегі 25 үміткердің орта жасы 38 болса, 17-сі ер-азамат, 8-і әйел екен.

«Ауыл» партиясы да Мәжіліс сайлауына 25 кандидат ұсынды. Жалпы, бұл партия бұған дейін өткен Президент сайлауына өз үміткерін ұсынып, электорат алдындағы танымалдығын арттыр­ған ұйым санатына кірген. Осы жолғы кандидаттардың арасында да бұрын депутат болған 7 адам бар. Жалпы тізімдегі 15 адамның аграрлық білімі бар, орта жас мөлшері – 43, оның ішінде алты әйел, 3 жас үміткер және мүмкіндігі шек­теулі жандардың да өкілі сайлауға түсіп отыр.

Бұған дейінгі түрлі сайлау науқан­дарына бойкот жариялап келген «Жал­пы­ұлттық социал-демократиялық пар­тия» бұл жолы Мәжіліске кандидат тізіміне 19 адам қосқан. Ал мажо­ри­тар­лық жүйе бойынша сайлауға алты кандидат ұсынған.

«Байтақ» жасылдар партиясының да үміткерлер тізімінде 18 үміткер бар. Саяси ұйым ретінде тіркелгеніне 2 ай ғана болған жаңа ұйым бұған дейін ел ішіндегі экологиялық мәселелерге жиі араласып, өз жақтастарын тапқан болатын. Айтпақшы, партия жетекшісі Азаматхан Әміртай Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде партиялық тізіммен емес, Астана қаласындағы бір мандатты округ­тен түсетіні жария етті. Ол бұл қа­дамға ұйым қаржысын тиімді пайдалану үшін барғанын айтады.

«Ақ жол» партиясын да осы сайлау­дағы белсенді ұйым деп атауға болады. Бұл жолы партиялық тізім бойынша 54 кандидат, бір мандаттық округ бойынша 24 үміткер ұсынды. Жалпы, бұған дейін Мәжілістегі фракциясы атынан көптеген өткір мәселе көтеріп, танымал болған адамдар бұл жолы да үміткерлер қатарында екен. Кандидаттардың ең жасы жиырма бесте болса, бұған дейін ұстанып келген гендерлік теңдік талабын да жалғастыра бермек, яғни саяси белсенді қыз-келіншек үлесі 40 пайыздан кем болмайды.

«Қазақстан Халық партиясы» да бұл сайлауға 52 адамнан тұратын партиялық тізімді ұсынып отыр. Бұл тізімдегі үміткердің он жетісі әйел қауымының өкілі болса, жастар және мүгедектігі бар адамдар санатына қатысты талап та сәйкесінше 32,7 пайызға орындалған.

Енді осы партиялық тізім бойынша сайлауға қатысуға мүмкіндік алған 281 адам болашақта ие болатын Парла­мент Мәжілісі депутатының 69 манда­ты үшін додаға түсіп, тер төгетін бола­ды. Яғни жаңа Мәжілістегі партиялар­дың пәрменділігі аталған 69 мандатпен ­өл­шенбекші. Анығы, тіркелген партия жетеу, үміткер саны – 281. Ал партиялық тізім бойынша депутаттар мандатына қай саяси ұйымның мейлінше көбірек ие болатынын қазір тап басып айту қиын. Бұл жерде саяси партияның халық алдындағы беделі мен саяси салмағына әрі үгіт-насихат кезеңіндегі іс-әрекеттің белсенділігіне қатысы ұстанымдар­ды есепке алуымыз керек. Бұдан бөлек, Сайлау туралы Конституциялық заң­ға сәйкес азаматтардың сайлауға жә­не сайлануға қатысты құқықтары да ес­­керілуге тиіс. Яғни сайлауға кан­дидат ретінде қатысу үшін берілетін арнайы квота бар. Осы жолғы науқанға үміткерлерді тіреу барысында бұл талап та сақталған. Айтпақшы, үміткерлердің арасында жасы жиырмадан енді асқан бозбала мен 72 жастағы зейнеткер де бар көрінеді.

– Парламент Мәжілісі сайлауына ұсынылған саяси партиялардың тізімдерінде «Сайлау туралы» Консти­туциялық заңға сәйкес әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдар үшін белгіленген 30 пайыздық квота то­лығымен ескерілді. Жалпы, республика бойынша әр сайлау округіндегі орташа бәсекелестік көрсеткіші 21 кандидатты құрайды. Ең жоғары бәсекелестік деңгейі Астана қаласындағы 2 сайлау округінде де байқалып отыр. Мұнда­ғы кандидат саны – 63. Ал ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысының сайлау округтері бойынша анықталды, бұл жақтағы ұсыну дерегі 8 үміткерді құраған. Дегенмен партиялық тізім бойын­ша ұсыну кезеңінде саяси пар­тиялар белсенділігінің жеткілікті дәре­жеде жоғары болды. Бұл қатарда 6 партияны ерекше айтуға болады. Әсіресе, мәслихат депутаттарының үміткерлігіне партиялық тізім бойынша ұсыну өте жоғары деңгейде болды, – дейді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Атап айтқанда, республикалық ма­ңызы бар қалалар мен Астана қаласы бойынша 334 үміткер, аудандар бойынша 2130 мен қалалық мәслихаттар бо­йынша 617 кандидат тіркелген. Жалпы, жергілікті мәслихаттарға сайлануға ын­­та­лы үміткерлер саны бір мандаттық жүйе бойынша да көбейген. Мәселен, мәслихат депутаты болуға құқық беретін 3 081 мандат болса, кандидаттарды ресми тіркеу аяқталғанға дейін аумақтық сайлау комиссияларына құжатын ұсынған ұйымдар мен жеке тұлғалар арасындағы бәсекелестік көрсеткіші бір орынға 4,3 адамды құраған. Ал еліміздегі 29 бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша жалпы ұсынылған кандидат саны 609 адамға жетті.