• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Ақпан, 2023

Елорда іргесіндегі Қоянды: Елді мекеннің өзекті мәселесі

1687 рет
көрсетілді

Астана маңындағы Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды ауылы 2007 жылы 7 мамырда қайта құрылды. Қайта құрылды дейтініміз – бұрынғы 60 үйлі шағын ауылға сол кезде шетелден көшіп келіп жатқан қандастарымыз қоныстану үшін 2003 жылы жер телімін сұрап, барлығы 5 013 адам өтініш жазады. Нәтижесінде, 1 313 адамға үй салуға жер телімі берілген екен. «Бұрынғы Көшi-қон және демография агенттiгiнiң төрағасы болған Алтыншаш Жағанова мен сол кездегi Астана қаласы әкiмiнiң орынбасары Төлеген Мұхамеджановтың атсалуымен қандастарға арналған 96 гектар жер бөлініп, ауылымыздың аясы кеңейген еді», деп еске алады жергiлiктi жұрт.

«Елге ел қосылса – құт» дегендей, қазір Қоянды ауылы халқы ты­ғыз қо­ныс­танған құтты мекенге айнал­ды. Айталық, бүгінде Қоянды ауылы­ның ауданы – 10 856 гектар, ауыл шар­уа­шылығы алқаптарының ауданы – 3 879 гектар, егістік жерлері – 2 219 гек­тар, жайылымдық жері – 2 063 гек­тар, тыңайған жерлер – 149 гектар. Ауылда ресми тіркелген – 22 400 адам, 4 520 үй бар. Ал ауылдың есебіне тіркелмегендерді қосқанда 42 мың адам, 6 мың түтін бар екен. Ауылдың негізгі ұлттық құрамына келсек, қазақтардың үлесі – 98,37%, ал 2%-ға жуығы – өзге ұлт өкілдері. Сөйтіп, бұрынғы 60 үйлі ауыл қазір 6 мың түтіні бар қара орман елге айналыпты.

Ақмола облысы бойынша алғашқы­лар­дың бірі болып осы Қоянды ауы­лы­ның әкімін халқы өзі сайлап алған болатын. Өткен жылғы қыркүйек айында сайланған Қоянды ауылының жаңа әкімі Бақытхан Солтанбайдан ауыл­дың әлеуметік-экономикалық ты­ныс-тіршілігі туралы сұрап көрдік. Әкім­нің айтуынша, қазір ауылдың даму қарқыны жақсы. Алайда жетістіктерімен қатар әлі де болса халықтың тұрмыс-тіршілігіне аса қажетті әлеуметтік те­тік­­терге қатысты түйткілдің бары бай­қалады. Мәселен, жол, ауызсу, кәріз жү­йе­сі, мектеп жетіспеушілігі, автобус қатынасы, т.б.

 

Астанаға қатынаудың қиындығы

Ауыл халқы шағын кәсіпкерліктен нәпақасын айырып отыр. Ал басым көбі, дәлірек 20 мыңға жуық тұрғын Астанаға қатынап жұмыс істейді. Осы ретте ауыл тұрғындарының Астанаға қа­ты­нау барысында біршама қиын­дық­­тың барын айтады жұртшылық. Мәселен, бұған дейін Қоянды ауылы мен­­­ Астана қаласы арасына №38 автобус қатынайтын еді. Кейін 2015 жылы бұл автобус маршруты өзгеріп, оның орнына №307 қала маңындағы мар­шруты ұйымдастырылған. Бұл Қоян­ды­дан «Алай» базарына дейін ғана жүреді. Астана қаласының ішіне толық қаты­най­тын бірде-бір автобус маршруты болмай отыр. «№307 автобустың жүру аралығы – 8-15 минут, автобус саны – 7 дана», деп көрсетілген.

– Ауыл халқының 20 мыңнан астамы Астанада жұмыс істейді. Сонымен қатар 400-дей жоғары оқу орындарында оқитын студент және 200-ден аса мектеп оқушысы қалаға күнделікті қатынайды. Таңертең-кешке жалғыз автобустың аузы-мұрнынан шығып бара жатады. Осы жайт арқамызға аяздай батып барады. Автопарктерге бұл мәселені көтердік, бірақ бәрібір қайран болмай отыр, – дейді Жергілікті қоғамдастықтың төра­ғасы Бақыт Алуай ақсақал.

Ал бұл мәселенің мән-жайын Ас­тана қаласының автопарктерінен сұ­рап көргенімізде, қазір автобус жетіс­пеушілігі қаланың өз ішінде де барын айтады.

 

«Екі мектеп аздық етіп отыр»

Ауыл әкімінің айтуынша, Қоянды ауылында Мәдениет үйінің және спорт кешенінің құрылысы жобаланып отыр. Ал денсаулық саласы бойынша да бір­қа­тар нысандар бар. Білім саласы­на келсек, қазір ауылда 2 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Қоянды ауылының №1 жалпы білім беретін мектебі 900 орындық, алайда онда 1 919 оқушы екі ауысыммен оқиды. Ал №2 жалпы білім беретін мектебі 1 200 орындық болса, онда 2 253 оқушы оқиды. Екі мектепте де бала саны межеден екі есеге көп. Мектеп директор­лары Раушан Смағұлова мен Меруерт Савилхан Қоян­ды­да балалар саны көп, ауылға тағы да жаңа мектеп құрылысының қажеттілігі барын айтады.

Қазір ауылда 280 орындық мемле­кет­тік балабақша жұмыс істеп тұр. Бұған қоса тағы бір балабақшаның құрылысы бітіп, жақында пайдалануға берілмекші.

 

Жылу, су һәм электр

Қоянды ауылының барлық тұрғын үйлері және басқа нысандар пешпен жылынады. Ал мектептерде және жеке балабақшаларда автономды жылыту жұмыс істейді. 2021 жылдан бастап «Ақ­мола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылында газ құбыры мен газ тарату желілерін салу» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталыпты, оның жалпы ұзындығы – 283,2 км.

Ауылдық әкімдіктің мәліметінше, газ құбырларын тарту бойынша смета­лық құжаттаманың 2022 жылғы 7 жел­тоқ­санда (№12-0382/22) мемлекеттік сарап­таманың қорытындысы алынған. Монтаждау жұмыстарын аяқтау мерзімі 2023 жылға жоспарланған. Қазір мер­дігер компания 121,1 км газ құбырын салған. Орташа қысымды газ құбыры – 21 404 м (96%), төмен қысымды газ құбыры – 99 696 м (38%).

Ал ауылда ауызсу мәселесі шеткі аудан­да­рында әлі де бар. 2014 жылы Қоянды­ ауылында орталықтандырылған сумен қамту жүйесі салынған, бұл – 1-кезең­нің жұмысы. Тәулігіне 500 текше метр көлемімен тұтынушыларды ауыз­су­­мен қамтамасыз етеді. Ауылды сумен­ қамту 3 тереңдік ұңғымасы арқылы жү­зеге асырылып отыр (2 жұмысшы, 1 резервтік – 18 метр тереңдік). Қазір 2 ұңғыма жұмыс істейді. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы – 70,4 км. Жоба бойынша 10 км қосымша жүргізілген. Ұңғымалар саны – 842 дана, оның ішінде 210 дана өрт гидранттары. Қа­зіргі уақытта қолданыстағы орта­лық­тандырылған сумен қамту жүйесіне 2 450 абонент қосылған. Ал жобаға сәйкес салынған сумен қамту жүйесі 800 абонентке ғана есептелген. Міне, осы жағдайға байланысты жазда ауылда су тапшылығы сезіледі екен.

– Қоянды ауылының тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында өнімділігі тәулігіне 20 текше метр болатын 4 біріктірілген блок модуль орнатылды. 4, 5, 10, 11, 12, 14 шағын аудан­дарында су құбыры желілері жоқ, өйт­кені сорғы стансаларының қуаты мен су дебитінің мүмкіндігі төмен. Бүгінгі таңда мердігерлік ұйымдар су қорларын іздеу жұмыстарын аяқтады. 2021 жылы Қоянды ауылында сумен қамту желілерін жаңғыртуға ЖСҚ әзір­леуге (2-кезең) шарты жасалды, – дейді Б.Солтанбай.

Ендігі бір ең қажетті тетік – электр қуаты. Қазір ауылдың шеткі аудандары 4, 5, 6, 7, 8, 10 шағын ауданында тұратын тұрғындар кейде электрдің қуаты жетпей қалатынын және тарифтердің қымбат екенін айтады. Өйткені ауылда әлі де жекеменшік қосалқы трансформаторлық стансалар (ҚТС) жұмыс істеп тұр.

– Ауылды орталықтандырылған электр қуатымен толықтай қамту жұмыс­та­ры кезең-кезеңімен істеліп келеді. 2014 жылы 3 мың абонентке есептелген 85 км электрмен қамту желілері салынса, қазір оған 2 500-ден аса абонент қосылды. «АРЭК» АҚ қызметінде 3 ҚТС – 240 абонент бар. «КИПЭСТ» ЖШС қызметінде 45 ҚТС – 2 880 абонент тіркелген. Ауылдың барлық жерінде электр қуаты жеткізілген, енді қалған жекеменшік 8 ҚТС-ты мем­ле­кеттік орталықтандырылған жүйеге қосу жұмыстары қалды. Осыған орай ауылды электр қуатымен толық қамту мақ­са­тын­да Целиноград ауданы­ның Тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі «Қазақстан техни­калық даму институты» ЖШС жобалау ұйымымен бірлесіп шарт жасасты. Қоянды ауылында электрмен жабдықтау желілерін салу, (2-кезең) жоба бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, – дейді ауыл әкімі.

 

Кәделі кәсіпкер

Бүгінгі таңда Қоянды ауылында 25 жеке шаруашылық серіктестік, 86 жеке шаруашылық, 7 жеке шаруа қожа­лы­ғы жұмыс істейді. Сонымен қатар Қоянды ауылының тағы бір ерекше мүм­кіндіктерін айта кетуіміз керек. Онда шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға мемлекеттен арнайы жер бөлінген. Осының аясында Қоянды ауы­лында қазір темір кесуге арналған «Ұлан» атты технологиясын ойлап тап­қан, кәсіпкер Ұлан Асхат өзінің ша­ғын кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол лазермен темір кесуге арналған құрылғыны ойлап тапқаннан кейін оны жасап шы­ғу­ға және нарыққа шығару үшін көп қаражат жұмсағанын айтады. Осы ретте ол мемлекеттен 5 млн қайтарымсыз несие алып, кәсібін жандандырған екен. Нәтижесінде, 15 құрылғы жасап нарыққа шығарған, әрқайсысының құны – 2 800 мың теңге.

– Біздің сегізінші атамыз Қазбек деген кісі дарқан ұста болған екен. Қазақ­тың ханы Абылайға зерлі жүзік соғып, сыйға тартыпты. Содан бері темір ұстау жеті атамыздан үзілмеген екен. Өзім де – темір ұстасымын, әкем Кәукер деген кісі де темірді қамырша илеген ұста адам еді. Сол қанмен келген қасиет шығар, ұлымыз Ұлан осындай темірді оңай кесетін технология жасап шықты. Әрине, оның бәрі тегін жасалмайды. Мемлекеттің қаржылай қолдауы көп септігін тигізді. Әлі де сондай қолдау болса, тағы да жаңа дүниелер жасауға әзір, – деді өнертапқыш Ұланның әкесі Асхат Кәукерұлы.

 

Қоянды қалаға қосылғысы келеді

Қоянды – Астана қаласымен шектесе­тін­діктен, жан саны жыл сайын тез ұлғайып келе жатқан ауыл. Осыған орай тұрғындар өмір сүру сапасын жақсарту үшін инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігі барын алға тартады.

– Қазір ауылда жалғыз жедел жәрдем көлігі бар. Ал ауылда 40 мың халық тұрады. Бұл – аса толғанатын, тез арада қолға алтын мәселе. Ең әуелі, адам өмі­рінің қауіпсіздігі маңызды. Екінші, Қоянды – «аралдағы ауыл». Яғни ауыл­дың жан-жағындағы жер түгел Астана қаласына қарасты. Қоянды ауылы облыс орталығынан 340 км, ауданнан 70 км жырақта жатыр. Ал Астана қаласы тиіп тұр, 2 км. Үшінші, ауылымызға әлі де қажетті әлеуметтік тетіктер көп. Әрине, қазір мүлде жоқ емес, бар. Бірақ ауылдың жан саны жыл сайын өсіп барады. Мәселен, сумен қамту, электр жүйесі, кәріз жүйесі, жолдар, суағар арықтар, көше жарығы, жалпы білім беретін мектептер, балабақша, аурухана, емхана, мәдениет үйі, кітапхана, спорт кешені, спорт алаңдары, ойын алаңдары, балалар ойын-сауық кешені, демалыс саябағы және бизнес орталықтары қажет. Бұл түйткілдер Қоянды ауылы Астана қаласының бір шағын ауданы болып қосылғанда ғана оң шешімін табады деп білеміз. Қазақ елінің ең ыстық нүктесі Астана қаласының іргесінде отырып, ел өз мүмкіндіктерінің шеңберіндегі игі­ліктерге неге қол жеткізе алмайды? Ауыл халқының да – тілегі осы қалаға қо­сылу, – дейді Қоянды тұрғыны Бақыт Алуай.

Әкімдіктің дерегінше, қазір Қоянды ауылынан жер теліміне өтініш берген 10 мыңнан аса адам кезекте тұр. «Ауылдың инфрақұрылымы кеңейтілмей, әзірге ешкімге жер телімі берілмейді», дейді ауыл әкімдігі. Ал бұған белсенді Бақыт Алуай: «Ауылдың жер аясы тар. Ауыл құрылысы жайылып кете берсе, бұл артық шығын болады. Екіншіден, оған инфрақұрылым жеткізу – оңай шаруа емес. Сондықтан ауылға көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы салынып, жерге өтініш беріп кезекте тұрғандарға берілуі керек», дейді.

Елді мекендердің экономикалық дамуының кепілі – өнеркәсіп және демография дейді саясаттану ғылымы. Осы тұрғыдан алғанда Қоянды – нағыз демо­графиясы дамып келе жатқан елді мекен. Халқымыздың саны арта түссе, бұл ұлттық қуатымыз ғана емес, эконо­ми­каға да қолайлы драйв екені түсінікті. Сондықтан демографиясы өскен ауылға дамыған инфрақұрылым керек.

2023 жылғы 31 қаңтар күні Мемлекет басшысы Астана қаласын дамыту мәсе­лелері жөнінде кеңес өткізген еді. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Аста­на агломерациясын жүйелі дамытуды стра­­тегиялық маңызды бағыт екенін айтты.

– Астананың және Ақмола облысы­ның әкімдері қала маңындағы аудандарда тұратын жұрттың әл-ауқатын арттыруға күш салуы керек. Астана агло­мерациясы инвестиция тартуға, ин­нова­цияларды енгізуге және білікті мамандардың еңбек етуіне барынша ыңғайлы болуға тиіс. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет. Әлем экономикасында түбегейлі өзгерістер болып жатқан қазіргі кезеңде бұл – өте өзекті мәселе. Біз осы тарихи мүмкіндікті пайдаланып, елорда ай­мағын еліміздің экономикалық тіре­гіне айналдыруымыз керек, – деген еді Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл бастамасы Астана қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты жоюға мүмкіндік берері сөзсіз...