Жалпы алғанда әуелі жеке адамға өзінің өмірлік жолын дұрыс таңдау, нақты жағдайларда оңтайлы шешімдер қабылдау қиынға түсіп жатады. Ал сайлау арқылы мемлекеттік саясаттың, өзі мен елдің болашағын айқындауға тікелей атсалысу – жеке тұлға үшін үлкен жауапкершілік және күрделі қадам.
Егер бұрын сайлау тек партиялық негізде өткізіліп келсе, енді аралас сайлау үлгісі бойынша Мəжіліс, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мəслихаттар депутаттарының белгілі бөлігі бір мандатты округтерден сайланады. Қалалар мен аудандардың мəслихаттарының сайлауы толығымен мажоритарлық жүйе бойынша өтпек. Бұл үдеріс барысында жаңа партиялар құрылып, өзгерген заман талабына сай келетін жаңа буын өкілдерін саяси алаңға шығарады. Оларға бұдан былай өңірлерде белсене жұмыс істеп, жаңашыл көзқарасқа негізделген білікті әрі тиімді шешімдер қабылдау керек болады. Оянып келе жатқан азаматтық қоғамның айқын көрінісі ретінде Қоғамдық кеңестер және даму үстіндегі волонтерлік қозғалыспен тығыз байланыс орнатудың маңызын терең түсініп, ашық қоғам жағдайында жұмыс істеу қажеттілікке айналмақ. Осының өзі сайлаудың аралас пропорциялық-мажоритарлық жүйесіне көшудің ерекшелігін бедерлеп, қоғамдық үдерістің «күрделене» түскендігін көрсетеді.
Мәселенің түйткіл тұстарына аймақтар мен бүкіл елдің мүддесін көздейтін депутаттардың қажеттілігін жатқызуға болады. Ол қоғамның әлеуметтік және қоғамдық-саяси деңгейін көтеріп, саяси бәсекенің талабын күшейтеді. Себебі тек осындай күрделі, қарқынды жəне жан-жақты жаңару үдерісі барысында ғана мемлекетімізде, Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, жоғары саяси жауапкершілік мəдениетінің қалыптасуына мүмкіндік туады. Ал бұл үдерістің толыққанды үрдіске айналуы үшін сайлаушылар да, байқаушылар да белсенділік танытып, азаматтық қоғамның «қазанында қайнап», онымен тығыз байланыс орнатып, мемлекеттік билік институттарының әріптесіне айналып, болып жатқан демократиялық өзгерістердің қақ ортасында болулары шарт.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы түптеп келгенде жергілікті өзін өзі басқару мәселесімен тығыз байланысты. Сондықтан оны сырт айналып өткен дұрыс болмас. Бұл проблема Қазақстанда осы күнге дейін өзінің нақты шешімін таппай, кезінде ысырылып, кейінге қалдырылып келген-ді. Себебі мұның негізгі міндеті бюрократиялық кедергілерді жойып, биліктің шектен тыс орталықтандыруға негізделуін тежеп, аймақтарға қажетті өкілеттіктерді беруге жол ашуға келіп тіреледі. Өйткені дауысы естілмей, сөзі мен пікірі өтпей жатқан өңірден не қайыр, не пайда және одан не сұрап, не күтуге болады? Бұл өткен ғасырдан қалған тәуелсіз Қазақстанның бойындағы «дақ» сияқты. Өткен кезеңдерде біраз жұмыстардың атқарылғандығына қарамастан, бұл тақырыпта нақты қол жеткізген нәтижелер әлі де болса мардымсыздау. Осы сөзіміздің жалғасы ретінде бұған аймақтардағы азаматтардың негізгі құқықтарын қорғау, ауыл диқандарының еңбегін дұрыс бағалау мен әлеуметтік әділеттіліктің сақталуы, жер, су, жұмыссыздық, жемқорлық пен жалпы сапа мәселесін келтіруге болады. Міне, сайлау осы өзекті мәселелердің шешімін табуға қабілетті, адал және әділетті тұлғаларды таңдап, қоғамдық-саяси ортаға шығару үшін өткізілуі керек сияқты.
Сайлаудың жаңа үлгісі бойынша енді бұрынғыдай 50% дауыс жинамай-ақ, қарапайым көпшіліктің қолдауына ие болып та жеңіске жетуге болады. Бұл да белгілі дәрежеде халық қалаулыларының кәсіби деңгейіне әсер етеді. Сондықтан депутаттардың құқықтық, ұйымдастырушылық және кәсіби біліктілігін арттырудың қажеттігін өмірдің өзі талап етеді. Ол үшін ең алдымен саяси жүйені қайта құрып, азаматтық қоғам, саяси плюрализм мен жауапкершілікті көппартиялық жүйе қалыптастыру қажет. Азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы əлеуметтік серіктестіктің проблемаларын шешу мен жалпыұлттық дамудың басымдықтарын сапалы іске асыру үшін жергілікті мәслихаттардың дербестігі мен құзыреттілігі іс жүзінде артуы керек. Сонымен бірге жаңа сипаттағы мемлекеттік саясат пен жүйенің алдындағы мақсат пен міндеттердің ауқымының кеңеюі мен жауапкершіліктің артуы, мәслихаттардың рөлінің өсуі өңірлердегі билік тармақтары арасындағы байланыс пен қатынастың тепе-теңдігін қамтамасыз етуді және мемлекеттік басқарудың ескі моделінен бас тартуды қажет етеді. Сонда ғана тұрғындардың өзекті мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік туады. Бұның артында Қазақстанның тәуелсіздігі және оның аймақтарының тұрақты дамуы мәселесі тұр. Демек, биліктің барлық тармақтары халық үніне құлақ асып, оларға нақты істерімен жауап беруге міндетті.