Заңдастырудың алғашқы 20 күнінің қорытындысына сәйкес Қазақстанда 27 мыңға жуық көлік құралын тіркеу жүргізілді, деп хабарлайды Egemen.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тағы 65 мыңнан астам автокөлік алдын ала тексеруден өтіп, нөмірлік агрегаттарды салыстыруға және одан әрі тіркеуге жіберілді. Сонымен бірге ІІМ автокөліктерді заңдастыру процесінде туындайтын проблемалық мәселелерді шешу үшін талдау жүргізіп жатыр.
Атап айтқанда, заңдастыру процесінде көбіне басқару органдары оң жақта орналасқан автокөліктер анықталды, олар ел аумағына қосалқы бөлшектер түрінде әкелініп, кейіннен Қазақстан азаматтарына сатылған.
Аталған көліктер бойынша Ішкі істер министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, оларды Қазақстан Республикасында бастапқы тіркеудің құқықтық тетіктерін әзірледі. Қазір заңмен ресімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.