Түркияда білім алып жатқан қазақстандық студенттер Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқуын жалғастыра алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қазір біз Сыртқы істер министрлігімен тығыз байланыстамыз. Біз өз азаматтарымызды, шетелде білім алып жатқан және қиын жағдайға тап болған қазақстандық студенттерді, соның ішінде Түркияда білім алып жатқандарды қабылдауға дайынбыз», деді ол бүгінгі Үкімет отырысы аясында журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.
Министр түсіндіргендей, қазір ЖОО-ға қабылдау ережелері өзгерді. Егер бұрын оларды ауыстыру тек сессиялар арасында немесе жазғы демалыс кезінде жүзеге асырылса, енді университеттер қиын жағдайда қалған студенттерді кез келген уақытта қабылдауға дайын.
Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияның оңтүстік-шығысында 6 ақпанда болған жер сілкінісі салдарынан 31 643 адам қайтыс болып, 80 278 адам түрлі жарақат алған. 6 444 ғимарат қираған. Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Айта кетейік, 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7 баллдан асатын екі жойқын жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 04:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл).