• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Ақпан, 2023

«Орал» халықаралық әуежайы – мемлекет меншігінде

371 рет
көрсетілді

Кейінгі күндері «Орал» халықаралық әуежайын шетелдік инвес­тор сатып алды» деген ақпарат тарап, халық алаңдаушылық білдірген еді. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев пен «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұржан Өтепбаев мән-жайды түсіндіріп, баспасөз конференциясын өткізді.

Айдар Менеевтің айтуынша, дәл қазіргі уақытта стратегиялық маңызы бар нысандар, яғни халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағы – Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі Азаматтық авиация комитетінің теңгерімінде. Ал былтыр ғана «Қарашығанақ Пе­тролиум Оперейтинг б.в». компаниясынан өңірді дамытуға бөлінетін әлеуметтік аударымдар есебінен алынған 6,6 млрд теңгеге қайта жаңғыртқан әуежай терминалы – «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ теңгерімінде. Яғни алаңдауға негіз жоқ.

Жалпы, «Орал қаласының халықаралық әуежайының терминалын реконструкциялау және жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ мен «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС арасында бір­лескен қызмет туралы шарт (консорциалды келісім) 2018 жылдың наурызында жасалған.

Сөйтіп, «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жолаушылар терминалын (әуежай ғимаратын) әзірленген жобалау-сметалау құ­жаттамасымен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ меншігіне берді.

«Aqjaiyq» әлеу­меттік-кә­сіп­керлік корпорациясы өз ке­зегінде Қарашығанақ альян­­сының қаржысына терминалды жаңғыртып, 2022 жылғы 6 сәуірде ғимаратты «Орал» ха­лықаралық әуежайы» ЖШС-ның сенімді басқаруына қайта берген.

– Қолда бар ақпаратқа сәй­кес кейінгі жылдары «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС әуе­жайларды басқаруға маман­дандырылған серіктестерді бел­сенді түрде іздеумен болған. Сөйтіп, әуежайларды дамытуда тә­жірибесі бар «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС басқарушы компаниясы инвестор ретінде тартылған. Компанияның негізгі қатысу үлесі Қазақстан тарапына тиесілі, – дейді А.Менеев.

Дәлірек айтсақ, «Орал Аэ­ропорт Холдинг» ЖШС-ның үш қожайыны бар, оның екеуі – қазақстандық, біреуі – ресейлік инвестор. Ресейлік қожайын – 49%, ал қазақстандықтар 51% үлеске ие.

Жоғарыдағы спикерлер «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС Орал халықаралық әуежайының жұмысын ғана сенімгерлікпен басқаруға алғанын, нақты ұшу жолағы мен әуежай ғимараты мемлекет меншігінде қалғанын қайта-қайта айтумен болды. Ал жаңа инвесторлар келісімшарт негізінде алдағы үш жыл ішінде терминалды жаңғыртуға кеткен 6,6 млрд теңгені біртіндеп мемлекетке қайтаруға міндетті болады.

Нұржан Өтепбаев жаңа инвесторлардың алдына М.Мә­­метова атындағы «Орал» ха­лық­­­аралық әуежайын және оның инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін «Янтарь» ра­дио­активті материалдарды анықтаудың стационарлы жүйе­сін және ленталы транспор­тер орнатып, контейнерлер мен паллеттерді тасымалдауға ар­налған арбалармен қамту, ха­лықаралық әуежайда жолау­шы­ларды ұшақ­қа/ұшақтан жеткізуге арнал­ған автобус­тар жүргізіп, жолаушыларды та­сымалдауға арналған амбулифт орнату, БҚО тұрғындарының іскерлік және туристік байланыстарын кеңейту, билет құнын арзандату үшін авиакомпаниялар, әуе қатынастары мен бағыттар санын ұлғайту жөнінде талаптар қойылғанын айтты. Сондай-ақ терминалдың жүк авиакаргосын салу және ұйымдастыру мүм­кіндігі үшін әуежайдың ин­фра­құрылымын жаңғырту да керек.

– Осы айтылған міндеттерді шешу нәтижесінде жаңа жұ­мыс орындарын құру, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жа­сақтау, әлемдік белгілі брендтер дүкендерінің аутлеті, туристік бағдарламалар, қонақүйлер, демалыс аймақтарын дамыту жолымен пәрменді экономикалық тиімділік болады деп күтеміз, – деді «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы.

Дегенмен журналистердің көптеген сұрағы жауапсыз қалды. Мысалы, терминал­ды жаң­ғыртуға жұмсалған қар­жының мемлекетке қайтарылу тәртібі, нақты кестесі белгісіз. Инвесторлардың Орал әуежайын дамыту бойынша нақты жоспары жергілікті билікке әлі таныстырылмаған. Әуежайды осы күнге дейін басқарып келген «Беркут аэропорт» ЖШС мен жаңа басқарушы «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС арасындағы келісімшарт мәтіні халыққа жа­рияланбаған. «Ол жерде ком­мерциялық құпия деректер бар», деді Н.Өтепбаев. Сондай-ақ Қазақ­станның стратегиялық нысан­ын сенімгерлікпен басқаруға ре­сей­­лік инвесторлардың тартылуы халықаралық әуежайдың жұ­мысына әлемдік санкция қау­пін тудырмай ма деген сауалымыз да жауапсыз қалды.

 

Батыс Қазақстан облысы