Кейінгі күндері «Орал» халықаралық әуежайын шетелдік инвестор сатып алды» деген ақпарат тарап, халық алаңдаушылық білдірген еді. Осыған орай Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айдар Менеев пен «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нұржан Өтепбаев мән-жайды түсіндіріп, баспасөз конференциясын өткізді.
Айдар Менеевтің айтуынша, дәл қазіргі уақытта стратегиялық маңызы бар нысандар, яғни халықаралық әуежайдың ұшу-қону жолағы – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің теңгерімінде. Ал былтыр ғана «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в». компаниясынан өңірді дамытуға бөлінетін әлеуметтік аударымдар есебінен алынған 6,6 млрд теңгеге қайта жаңғыртқан әуежай терминалы – «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ теңгерімінде. Яғни алаңдауға негіз жоқ.
Жалпы, «Орал қаласының халықаралық әуежайының терминалын реконструкциялау және жаңғырту» инвестициялық жобасы аясында «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ мен «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС арасында бірлескен қызмет туралы шарт (консорциалды келісім) 2018 жылдың наурызында жасалған.
Сөйтіп, «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС жолаушылар терминалын (әуежай ғимаратын) әзірленген жобалау-сметалау құжаттамасымен «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ меншігіне берді.
«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өз кезегінде Қарашығанақ альянсының қаржысына терминалды жаңғыртып, 2022 жылғы 6 сәуірде ғимаратты «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС-ның сенімді басқаруына қайта берген.
– Қолда бар ақпаратқа сәйкес кейінгі жылдары «Орал» халықаралық әуежайы» ЖШС әуежайларды басқаруға мамандандырылған серіктестерді белсенді түрде іздеумен болған. Сөйтіп, әуежайларды дамытуда тәжірибесі бар «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС басқарушы компаниясы инвестор ретінде тартылған. Компанияның негізгі қатысу үлесі Қазақстан тарапына тиесілі, – дейді А.Менеев.
Дәлірек айтсақ, «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС-ның үш қожайыны бар, оның екеуі – қазақстандық, біреуі – ресейлік инвестор. Ресейлік қожайын – 49%, ал қазақстандықтар 51% үлеске ие.
Жоғарыдағы спикерлер «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС Орал халықаралық әуежайының жұмысын ғана сенімгерлікпен басқаруға алғанын, нақты ұшу жолағы мен әуежай ғимараты мемлекет меншігінде қалғанын қайта-қайта айтумен болды. Ал жаңа инвесторлар келісімшарт негізінде алдағы үш жыл ішінде терминалды жаңғыртуға кеткен 6,6 млрд теңгені біртіндеп мемлекетке қайтаруға міндетті болады.
Нұржан Өтепбаев жаңа инвесторлардың алдына М.Мәметова атындағы «Орал» халықаралық әуежайын және оның инфрақұрылымын одан әрі дамыту үшін «Янтарь» радиоактивті материалдарды анықтаудың стационарлы жүйесін және ленталы транспортер орнатып, контейнерлер мен паллеттерді тасымалдауға арналған арбалармен қамту, халықаралық әуежайда жолаушыларды ұшаққа/ұшақтан жеткізуге арналған автобустар жүргізіп, жолаушыларды тасымалдауға арналған амбулифт орнату, БҚО тұрғындарының іскерлік және туристік байланыстарын кеңейту, билет құнын арзандату үшін авиакомпаниялар, әуе қатынастары мен бағыттар санын ұлғайту жөнінде талаптар қойылғанын айтты. Сондай-ақ терминалдың жүк авиакаргосын салу және ұйымдастыру мүмкіндігі үшін әуежайдың инфрақұрылымын жаңғырту да керек.
– Осы айтылған міндеттерді шешу нәтижесінде жаңа жұмыс орындарын құру, тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жасақтау, әлемдік белгілі брендтер дүкендерінің аутлеті, туристік бағдарламалар, қонақүйлер, демалыс аймақтарын дамыту жолымен пәрменді экономикалық тиімділік болады деп күтеміз, – деді «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы.
Дегенмен журналистердің көптеген сұрағы жауапсыз қалды. Мысалы, терминалды жаңғыртуға жұмсалған қаржының мемлекетке қайтарылу тәртібі, нақты кестесі белгісіз. Инвесторлардың Орал әуежайын дамыту бойынша нақты жоспары жергілікті билікке әлі таныстырылмаған. Әуежайды осы күнге дейін басқарып келген «Беркут аэропорт» ЖШС мен жаңа басқарушы «Орал Аэропорт Холдинг» ЖШС арасындағы келісімшарт мәтіні халыққа жарияланбаған. «Ол жерде коммерциялық құпия деректер бар», деді Н.Өтепбаев. Сондай-ақ Қазақстанның стратегиялық нысанын сенімгерлікпен басқаруға ресейлік инвесторлардың тартылуы халықаралық әуежайдың жұмысына әлемдік санкция қаупін тудырмай ма деген сауалымыз да жауапсыз қалды.
Батыс Қазақстан облысы