• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 15 Ақпан, 2023

60 ауыл интернетке қосылады

264 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қобда ауданының Талдысай ауылында болып, байланыс пен интернеттің сапасын тексерді. Сондай-ақ осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты.

Бұдан бөлек министр Талды­сай ауылындағы шағын жинақтал­ған мектепте болып, мұнда жү­зе­ге асырылып жатқан Bilim-all бірегей жобасымен танысты. Жо­­ба­ның мәні – шағын жинақты мектептерде білім беру сапасын арттыру. Мәселен, бұрын осы мектепте бір мұғалім 5 пәннен сабақ берген кездер де болыпты. Бұл білім сапасына тікелей әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Ен­ді аталған жобаның нәтижесінде оқушылар арнайы таңдалған пән­дерден кейбір сабақтарға онлайн режімде қатыса алады. Бұл ауыл мұғалімдері жұмыссыз қалады деген сөз емес. Олар өз пәндерін оқытуды жалғастыра береді. Соны­мен қатар жобаны жүзеге асы­руға көмектесіп, тәлімгер қыз­метін атқарады.

– Бұл өте маңызды әрі ерекше жоба. Біз оны масштабтау үшін жоғары сапалы интернет қажет екенін түсініп отырмыз және бұл мәселені мүмкіндігінше тезірек шешуге бар күшімізді саламыз. Бүгінде интернет су, жарық, газ сияқты қажеттіліктердің қатары­на қосылды. Ақтөбе облысының билігімен бірлесе отырып, әр ауылға интернет тарату жолын қарастырып жатырмыз, – дейді Бағдат Мусин.

Сапар барысында Цифрлық даму министріне ауылдағы фельд­шерлік-акушерлік пункттерді жаң­ғырту жобасы көрсетілді. Жа­қында ауыл фельдшерлеріне онлайн диагностика үшін иннова­циялық медициналық құрал-жаб­дықтармен жабдықталған арнайы рюкзактар берілген. Барлық дерек тікелей облыс орталығына бе­ріліп, білікті мамандандырылған дәрігерлер науқастың жағдайын онлайн көріп, одан әрі емдеу тә­сілдері туралы шешім қабыл­дауға мүмкіндік алды.

Биыл Ақтөбе облысында 60 елді мекенді интернет желісіне қосу жоспарланып отыр. Бұл өңір­де 315 ауылдық елді мекеннің 213-і кең жолақты байланыспен қамтамасыз етілген.

– Осы жылдың негізгі бағыты – өңірлерді технологиялық тұр­ғы­дан дамыту. Өткен жылдың со­ңында министрлік Samsung ком­па­ниясымен бірлесіп Samsung Innovation Campus бағдарламалау мектебін ашты және одан әрі IT-салада адами капиталды дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Биыл Astana Hub-пен бірлесіп жергілікті IT-хабты ашуды және Ақтөбе облысының тұрғындары үшін TechOrda бағдарламасы аясында IT-саласында тегін білім алуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарламалау мектептерін ашу бойынша жұмыстар жоспарланған, – дейді министр.