• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 15 Ақпан, 2023

Ақмола өңіріндегі ауқымды істер

407 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі агроөнеркә­сіп кешені­нің бірқатар кәсіпор­ны­на барып, энергетикалық және әлеумет­тік нысандардың жұмысы­мен танысты.

Азаматтық қорғау – абыройлы мамандық

Мемлекет басшысы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барды. Президент азаматтық қорғау саласы бойынша кадрлар даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны – Азаматтық қорғау академиясының жұмысымен танысып, офицерлермен және курсанттармен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталды.

– Бұл – ең алдымен, құтқарушы маман­дарға жүктелетін зор сенім, үлкен жауапкершілік. Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әр­дайым дайын болуы керек. Сондық­тан осы салада қызмет етіп жүрген маман­дардың еңбегі еліміз үшін өте маңыз­ды. Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушыларды даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді, – деді Мемлекет басшы­сы.

Жақында Түркиядағы жой­қын жер сілкінісінен кейін Президенттің тапсырмасымен бауырлас елге құт­қарушылар мен дәрігерлер жіберілді.

– Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар, яғни 18 адам. Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын! Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құтқарушының жұмысы қиын әрі қатерлі екенін айтқан Мемлекет басшысы еңбектің бұл түрін нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі деп бағалады.

– Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық қорғаныс жүйесі тұрақты жаңғыртуды қажет ететінін, озық әлемдік тәжіри­бені қабылдап, заманауи технологиялар­ды енгізу өте маңызды екенін айтты. Прези­денттің пікірінше, құтқарушыларды сапалы дайындауға ерекше назар аудару керек. Мемлекет басшысы бұл мәсе­леде командирлер мен ұстаздар бас­ты рөл атқаратынын атап өтіп, өзінің тап­сыр­масымен Үкімет академияның материал­дық-техникалық базасын нығайтуға күш салып жатқанына және жатақхана мен оқу корпусын салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Мемлекет тарапынан құтқарушылардың еңбекақысын көтеріп, әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту үшін жүйелі шаралар қолға алынып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында академия түлектері халқымыз­дың амандығы үшін қызмет ете беретіні­не сенім білдіріп, оларға табыс тіледі. Айта кететін жайт, Президенттің тапсырмасына сәйкес биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі.

Бұл академия жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады. 2021 жылы ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредитация­дан өткен. Үкіметаралық келісімдер аясында академияда Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарының білім алуына квота бөлінген.

Мемлекет басшысы академияның төтенше жағдайларға арналған техникаларымен, оқу-жаттығу жабдықтарымен танысты. Оқу орнының мамандары курсанттарды практикалық тұрғыдан машықтандыру үшін арнайы құрылғылар ойлап тапқан. Сол арқылы нысандардың өртке қарсы қауіпсіздік жағдайын және өрттен кейінгі ахуалын 3D моделімен айқындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі қажет екенін ерекше атап өтті.

 

Техника құрастырудың тың технологиясы

Мұнан кейін Мемлекет басшысы Көкшетау қаласындағы «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Прези­дентке жылына 3 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын корпорацияның технологиялық процесі және өнім үлгілері көрсетілді. Ауыл шаруашылығы техникаларын құрас­тыру цехтарын аралап көргеннен кейін Мемлекет басшысына кәсіпорынның не­гізгі көрсеткіштері мен даму перспективасы жөнінде мәлімет берілді.

Кәсіпорын басшылығының мәліметіне сәйкес, өндіріс орнында қосымша қойма, әкімшілік-тұрмыстық ғимарат салынған. Екі жаңа өндіріс бөлімшесінің құры­­лы­сы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Еуропа­­дан, Оңтүстік Кореядан роботтандырыл­­ған дәнекерлеу, фрезерлеу орталық­тары және станоктар сатып алынған. Бұл жерде тракторлар, комбайндар, экскаваторлар, шөп шабатын және жинайтын машиналар, тырмалар, тіркемелер, жүк тиегіштер, соқалар және тағы бас­қа ауыл шаруашылығы техникалары шығарылады. Кейінгі үш жылда 121 млрд теңгеге 6 500-ден астам өнім түрлерін шығарған. Қазір корпорацияда 300-ге жуық адам жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорын жұмысшыларымен әңгімелесу барысында олардың отандық машина жасау өндірісін дамытуға қосып жатқан үлесіне ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Бұдан кейін Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі машина жасау саласының жай-күйі туралы баян­дама жасады. Оның айтуынша, 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсібі 2,6 есе, машина жасау 3,2 есе, ауыл шаруашылығы техникаларын жасау 6,9 есе артқан. 2022 жылы бұл салаға 3 млрд теңге инвестиция құйылған.

Президент машина жасау кәсіпорын­дарының басшыларымен де өндірісті өркендету жөнінде пікір алмасып, Үкімет тарапынан осы салаға қолдау көрсетіліп жатқанын, олардың еңбегі мен сапалы өнімдерінің маңызды екенін атап өтті.

 

Озық үлгідегі оңалту орталығы

Облыстағы жұмыс сапарын жал­ғастырған Президент Көкшетаудағы «Viamedis Kokshetau» кли­никалық оңалту орталығының жұмы­сымен танысты. Бұл – инсульттан кейін оңалту шаралары жүргізілетін еліміздегі алғашқы орталық. Оның жанынан мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында 250 пациентке арналған емхана салынған. Стационарлық оңалту бөлімінде 100-ден астам, күндізгі стационарда 46 төсек орын қарастырылған. Емханада 20 мың адам тіркелген. Денсаулық сақтау меке­ме­сінде 235 медицина қызметкері жұмыс істейді.

Президентке емхана басшылығы орталықтың науқастарға сапалы әрі жедел диагноз қоюға мүмкіндік беретін заманауи медициналық аппараттармен және құралдармен жабдықталғаны жөнін­де мәлімет берді.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ақмола облысындағы денсаулық сақтау саласының қазіргі ахуалы туралы баяндалды. Өңірде 560 медициналық нысан жұмыс істеп тұр. Онда жалпы 7 800-ге жуық медицина қызметкері еңбек етеді. Дәрігерлердің тапшылығы соңғы үш жылда екі есе азайған. Облыс 1,4 млрд теңгеге 80-ге жуық медициналық техника сатып алды.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаң­ғырту» ұлттық жобасы аясында облыс­тағы 38 елді мекенде амбулаторлық-емхана нысандарын салу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысына Денсаулық сақтау министрлігінің шетелдік инвестормен бірлесіп, Көкшетауда 630 орындық көпсалалы заманауи аурухана салу жобасын жүзеге асырып жатқаны туралы айтылды.

Президентке осы медициналық орта­лық орналасқан Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданының құрылы­сы таныстырылды. Алғашқы іргетасы 2012 жылы қаланған шағын аудан­ның аумағы – 1 120 гектар. Бұл жерде 56 көпқабатты тұрғын үй салынған. Әл-Фараби атындағы ІТ мектеп пен өрт сөндіру бекеті, бірқатар спорт нысаны пайдалануға берілген. Алдағы уақытта 256 көпқабатты тұрғын үй, 21 білім беру нысаны, 2 сауда орталығы және саябақ алаңдарын салу жоспарланып отыр.

 

Өніммен қамту мүмкіндігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Степногорск қаласындағы «Қазақстанның жылыжай технологиялары» ЖШС-не барды. Президентке жылыжай өнімдері – қияр, қызанақ, бұрыш және басқа да көкөністер мен гүл өсірудің заманауи технологиялары таныстырылды. Жылыжай кешені­нің жалпы ауданы – 5 гектар. Жобаға салынған инвестицияның жалпы көлемі 4,8 миллиард теңгені құрайды. 2023 жылы баклажан және құлпынай өсіру бөлімшелерін іске қосу жоспарланып отыр. Компанияның өнімдері толығымен Қазақстанның ішкі нарығында сатылады.

Өңір – ауыл шаруашылығы сала­сындағы көшбасшылардың бірі. Мұнда ел бойынша дәнді дақылдардың төрттен бірі өсіріледі және үлкен көлемде көкөністер мен құс еті өндіріледі. Пре­зидент өндірілетін өнімнің сапасын бағалап, оның сұранысқа ие екенін атап өтті. Сондай-ақ компанияның экспорттық мүмкіндіктеріне назар аударды.

Мемлекет басшысы Ақмола об­лысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен әңгімелесті. Кездесу барысында түйткілді мәселелер көтеріліп, отандық агроөнеркәсіп кешенін дамыту­ға қатысты конструктивті ұсыныстар айтылды. Президент жағдайды жіті қадағалайтынын, бизнес ахуалы туралы жедел ақпарат алатынын атап өтті. Сондай-ақ мемлекет отандық кәсіпкерлерді қолдауды жалғастыратынын және ынтымақтастықтың жаңа формалары әзірленетінін мәлімдеді.

 

Энергетикалық нысан – жіті бақылауда

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Степногор қаласының жылу электр орталығының жұмысымен танысты. Президентке «Степногор жылу электр орталығы» ЖШС-нің техникалық жай-күйі және Ақмола облысындағы жылыту маусымының барысы жөнінде мәлімет берілді.

Жылу энергетика нысанының бірінші кезеңі 1966 жылы пайдалануға берілген, ал жаңа өндірістік қуатын іске қосу 1989 жылға дейін жалғасқан. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, өңір бойынша Степногорда бір ЖЭО бар және 663 қазандық жұмыс істейді. Қазандық жабдықтарының орташа тозу деңгейі 50 пайызға жеткен. 9 жылу көзінің пайдаланылып келе жатқанына 50 жылдан асқан, ал 637 қазандықтың іске қосылға­ны­на 25 жылға жуықтаған. Степногор қаласындағы жылу желілерінің 82 па­йызы тозған. Ақмола облысында жылыту маусымы аяқталғаннан кейін барлық жылу желісіне және қазандық жабдықтарына техникалық тексеру жүргізіледі.

Облыс әкімінің баяндамасын тыңдаған Президент Премьер-министрдің бірін­ші орынбасары Роман Склярға әкімдік­пен бірге Степногор қаласын жылумен қамту мәселесін шешу жолдарын егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

– Роман Васильевич, Сіз әкімдікпен бірге отырып, осы мәселелерді шешу үшін іс-әрекеттер алгоритмін әзірлеуіңіз керек. Бұл жағдайда бәрінің де – иелерінің де, әкімдіктің те, оператордың да тығырыққа тірелгені байқалады. Аталған мәселелерді дәл қазір асығыс шешпеуіміз керек. Сіз маған баяндадым деп есептеңіз. Енді осы мәселені шешумен айналысу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Көкшетау қаласындағы ЖЭО құрылысына қатысты тапсырмасының орындалу барысы туралы есеп берілді. Облыс әкімі Үкіметпен бірлесіп, жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын жеткізді. ЖЭО-ның қуаттылығын сағатына 520Гкал жылу мен 240MBт электр энергиясын өндіретін деңгейге дейін ұлғайту жөнінде шешім қабылданды.

 

Шағын ауданның шуақты ауласы

Президент Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Степногор қаласын­дағы 6-шағын ауданның ауласын аралады.

Қасым-Жомарт Тоқаев үй маңындағы аумақта жасалған жағдаймен танысып, жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Қала аулаларында балаларға арналған ойын және спорт алаңдары салынып, тренажерлер орнатылған, тротуарлар жасалған, көлік тұрағы орындарының саны көбейтіліп, жолдар асфальтталған.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында Степногор қаласының әкімдігі үшінші жыл қатарынан абаттандыру жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Іске асырылатын жобаларды тұрғындардың өздері дауыс беру арқылы таңдайды.

 

Өрісі кең өңдеу өнеркәсібі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пестицидтер мен агрохимия өнімдерін өндіретін «Астана-Нан Chemicals» зауытының жұмысымен танысты. Компанияның құрылтайшысы Иван Сауэр Мемлекет басшысына өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын заттар, пестицидтер, калий тұзы және құрамында глифосаты бар препараттар шығаратын өндіріс желісі мен заманауи құрал-жабдықтарды көрсетті. Зауыт әлемдік стандарттарға сай және экологиялық, өндірістік, санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормасы мен талабын ескере отырып салынған. Былтыр кәсіпорын сомасы 41 млрд теңге болатын 7 мың тонна өсімдіктерді қорғайтын химиялық зат шығарған. Сонымен қатар Степногор қаласындағы компанияның аккредитациядан өткен халықаралық өндірістік-ғылыми зертханасы бар.

Кәсіпорынды аралап көру барысында Мемлекет басшысына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалары жөнінде баян­дады. Президентке химия және өңдеу өнеркәсібі саласының, металлургияның, жеңіл және тамақ өнеркәсібінің жай-күйі жөнінде мәлімет берілді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысында өндірілетін өнімдер көрмесін аралап көріп, ірі кәсіпорындардың басшыларымен өңір экономикасын одан әрі дамытудың өзекті мәселелерін және перспективаларын талқылады.

 

Спорт мектебі – саламаттылық жаршысы

Бұдан кейін Президент Степ­ногор қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін аралап көрді. Онда бокс, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо, көр­кем гимнастика, футбол, шаңғы жарысы және самбо секциялары бойынша 1 140 бала спортпен шұғылданады. Сабақты 30 жат­тықтырушы-оқытушы жүргізеді.

Мемлекет басшысына балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мек­тебі тәрбиеленушілерінің оқу-жаттығу сабақтарын өткізетін ауыр атлетика залы мен үлкен ойын залы таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев мектепті аралап көргеннен кейін өңірдің белгілі спортшыларымен және жаттықтырушы­лары­мен кездесті. Президент қазақстандық спортшылардың өнерін әрдайым тамашалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ ірі жарыстардағы жо­ғары жетістіктері үшін спортшыларға ал­ғыс айтып, еліміздің шетелдегі имиджін арттыруға қосқан олардың үлесіне тоқталды.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Лейк-Плэсидте (АҚШ) өткен Дүние­жүзілік қысқы универсиада чемпионы, биатлонист Бекентай Тұрлыбековке Алғыс хатын табыс етті.