• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Ақпан, 2023

Елдегі оқу орындарының қауіпсіздік деңгейі тексеріледі

331 рет
көрсетілді

Мұндай тапсырманы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өңірлер әкімдерінің орынбасарларымен, білім басқармалары мен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларымен өткен шұғыл кеңес барысында берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Петропавл мектебінде жүргізілген тексеру нәтижелері мен басқа оқу орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспарлары туралы айтып берді.

«Комитет әдістемелік және психологиялық көмек бойынша жұмысты жалғастырады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылдан бастап білім беру объектілеріндегі қауіпсіздік жағдайына тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі. Келесі аптадан бастап бір ай бойы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің, ата-аналардың, сарапшылардың, бүкіл ел бойынша үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен оқу орындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру мәселесі бойынша тексеру жүргіземіз», деп атап өтті ол.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, қазіргі уақытта комитет мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді және талдауды жүзеге асыратын құқықтық базаны қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізп жатыр.

Өткен жылы объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық әзірленгенін еске салайық. Сондай-ақ биыл қаңтар айында өңірлерге педагогтар мен білім алушыларға арналған іс-қимыл алгоритмдері жіберілді.

«Министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және әл-ауқат құқықтарын қамтамасыз ету, оның ішінде қауіпсіздік жүйесін ұйымдастыру жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеп жатыр. Оған 20-ға жуық мемлекеттік органдар мен өңірлер жұмылдырылған», деді Насымжан Оспанова.

Соңында Ғани Бейсембаев еліміздің барлық оқу орындарына 2023 жылғы 20 ақпаннан 20 наурызға дейін кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілуіне мұқият мониторинг жүргізуді, осы мәселеде өзара іс-қимылдың пәрменді тетіктерін әзірлеуді тапсырды.