Абай облысында 4 млн теңгеден астам сомаға өзгенің атынан несие рәсімдеу фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу шаралары барысында іске қатысы болуы мүмкін әйел адам ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
7 ақпанда «Аnti-fraud» ЖПІШ өткізу барысында Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері бір адамға 4 млн теңгеден астам несие рәсімдеген алаяқты ұстады. 2022 жылғы 18 желтоқсанда полицияға Жарма ауданының 57 жастағы тұрғыны жүгініп, белгісіз адам өзінің дербес деректерін пайдаланып, мобильді қосымша арқылы 4 млн теңгеден астам сомаға түрлі банктерден онлайн-кредиттер ресімдегенін хабарлады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында тәртіп сақшылары 32 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, ол өз кінәсін толық мойындады.
Анықталғандай, күдікті қаражатты өз қажеттіліктеріне жұмсап тастаған. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды.