Оралдық «Ақжайық» футбол клубының ойыншылары жол апатынан зардап шеккен жанкүйерінің көңілін сұрап, ауруханаға іздеп барды.
Мира Елекешева Орал қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде сабақ береді. Өзі көп жылдан бері оралдық «Ақжайық» командасына жанкүйер болып, өз алаңында өткен ойындарын құр жібермейді. Тіпті студенттерін ертіп келіп, алаңдағы ойыншыларға қызу қолдау көрсетіп жүреді. Әсіресе команда құрамында жергілікті жастардың болғанын жақсы көреді. Осындай жанкүйерін команда мүшелері де әбден танып алған.
Жақында, ақпанның 7-сі күні Мира оқыстан жол апатына түсіп қалды. Ауыр жарақат алып, қолы сынған оған дәрігерлер 9 ақпан күні ота жасады. Мұны естіген «Ақжайық» командасының ойыншылары Рысбек Қоңыров, Самат Бердәулетов, Руслан Хаиров, Бауыржан Омаров және Мейрам Сапанов ауруханаға арнайы келіп, Мирамен кездесті.
– Сүйікті командамыздың жанкүйерлері бір үйдің баласындай болып кеткенбіз ғой. Әрдайым өзара жағдай сұрасып тұратынбыз. Ауруханада жатқанымда Нұралы есімді досым хабарласып, палатадан төменге түсуімді өтінді. Сәлем-сауқат қабылдау орнына барсам, сүйікті командамның ойыншылары келіп тұр екен. Қатты таңғалып әрі қуанғанымнан жүрегім жарыла жаздады. Маусым барысында біз футболшыларды қолдасақ, осындай қиын жағдайға тап болғанда ойыншылар мені іздеп келіпті. Қатты қуандым, – дейді Мира Елекешева.
Футболшылар құр қол келмепті. Жанкүйерге Мейрам Сапанов ойын жейдесін сыйласа, Бауыржан Омаров жанкүйер шарфын тарту етті. Олар Мираның тезірек жазылып шығуына тілек білдірді.
Батыс Қазақстан облысы