Биылғы оқу жылынан колледждерге кәсіпорын өтінімдері бойынша маман даярлау енгізілді. Осындай өзара ынтымақтастық еңбек нарығының сұранысына сай білікті маман әзірлеуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы – колледж бітірген соң студент тапсырыс берушінің компаниясында жұмыс істейді. Ол үшін білім беру ұйымы, кәсіпорын және студент арасында үш жақты келісімшарт жасалады. Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісовтің айтуынша, аталған ведомство биылғы оқу жылынан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмыс берушінің өтінімдері негізінде оқытуды бастаған.
– Колледждер еңбек нарығына қажет кадр дайындайды. Кәсіпорындарға өз базасында тәжірибеден өткізу, тағылымдама ұйымдастырып, түлектерді жұмысқа қабылдау жүктеледі, – дейді ол.
Айта кетейік, мақсатты тапсырыс колледждерге кадрлық сұранысқа сай білім беру бағдарламасын жаңартуға мүмкіндік туғызады. Қазіргі таңда маман даярлауды «Сарыарқа автопром», «Kamaz» ЖШС, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Базис-Астана», «Аster Аuto Аstana» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар қолдап отыр.
Қысқасы, 10 мыңнан аса колледж студенті кәсіпорындардың тапсырысы бойынша білім алады.