Қазақстанның азық-түлік нарығы бір тұрақтала алмай қойды. Арагідік қандай да бір өнім түрі тапшылыққа ұрынып, тұтынушыларды дүрліктіріп қоятыны бар. Биылғы кезек пиязда сияқты. Осыдан айға жуық уақыт бұрын мемлекет пияз экспортына 3 ай мерзімге шектеу қойған болатын. Бұған себеп – Пәкістандағы табиғи апат (су тасқыны). Аталған ел әлемдегі аса ірі пияз өндіруші болып саналады. Енді олар апат салдарынан пиязды жеткілікті деңгейді өндіріп, тасымалдай алмаған соң, импорттаушы нарықтар Қазақстаннан сатып алуды көздейді.
Бұл ретте біз үшін ең бірінші ішкі нарықты қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта пияздың Қазақстаннан жаппай шығарылуын болдырмау және оның бағасын тұрақтандыру үшін экспортқа шектеу енгізген еді. Соның өзінде пияз бағасы тұрақтала қойған жоқ. Тұрақтау былай тұрсын, баға шарықтап кетті.
Айтпақшы, пияз экспортын шектеуге тек Пәкістан факторы емес, сонымен қатар Өзбекстанда да бұл өнімнің тым қатты аязда үсіп кетуі себеп болды. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елде 1,1 млн тонна пияз өндірілді. Ел тұрғындары болса әдетте аталған көлемнен 3 есе аз, яғни орташа есеппен 315 мың тонна пияз тұтынады.
Әкімдіктердің дерегі бойынша, қазір елімізде пияздың расталған қоры – 152,4 мың тонна. Бұл өткен жылғы егіннің жалпы көлемінің 14 пайызы ғана.
Экспортқа шектеу енгізілген соң, онсыз да мол пиязға сұраныс аз болуы керек еді. Логика бойынша. Себебі нарықта өнім көп болған жағдайда ұсыныс көбейіп, бұл өз кезегінде жұмсақ баға саясатын қалыптастырады. Бірақ бізде бұлай болған жоқ. Қаңтарда пияз бағасы 22,5 пайызға бір-ақ өскен. Қазір 1 килоның орташа бағасы 151 теңге маңайында. Әсіресе, Жезқазғанда – 39,4 пайызға (1 килосы – 216 теңге), Қызылордада – 32,3 пайызға (136 теңге), Таразда – 29,9 пайызға (126 теңге), Астанада – 26,1 пайызға (193 теңге), Ақтауда 30,4 пайызға (180 теңге) қымбаттаған.
Қымбатшылық тұрғысынан пияз нарықтағы «аса маңызды тауар» саналатын қанттан да асып түскен. Баға өткен аптада 14,3 пайызға өсіпті. Жалпы, жыл басынан бері өнімнің осы түрі 40 пайызға, ал соңғы 12 айда 87 пайызға өсіп кеткен. Осылайша, пияз бір жылда 58 пайызға қымбаттаған қант рекортын да жаңартып өтті.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, сауда дүкендеріндегі пияз бағасының келісіне 300-400 теңгеге дейін шарықтап кетуі – уақытша құбылыс.
«Біз соңғы ай көлемінде нарықта пиязға қатысты болып жатқан жағдайларды білеміз. Бірақ Пәкістанда қатты су тасқыны, аяз болды. Көршілес Өзбекстанда да пиязға деген сұраныс артып, оны бізден тасуға көшті. Сол себепті, біз пияз экспортына шектеу қойдық. Енді оның бағасы тұрақтала бастайды. Өндірушілердегі көтерме баға 150-230 теңге аралығында құбылады. Мұндай кішігірім өзгерістер логистикалық мәселелермен байланысты. Жақын арада олар реттеледі. Ел ішінде пияз бар», дейді министр.
Енді ғана өңір-өңірге тұрақтандыру қорларынан пияз жіберіле бастады. 10 ақпан күні Үкімет аппаратының өкілі Мұратбек Әмірбеков Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековпен, сондай-ақ Жамбыл облысы (еліміздегі ең ірі пияз өндіруші аймақ – ред.) әкімдігінің өкілдерімен бірге Жамбыл облысының шаруа қожалықтарының қоймаларында сақталған пияздың бар-жоғын және жай-күйін тексерді.
Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста күзде пияз сатып алынған болса, бүгінде бұл көкөніс 40-қа жуық сауда орындарына 115 теңге/кг, ал дүкендерге 128 теңге/кг бағамен сатылған.
«Жамбыл облысындағы көкөніс қоймаларына барып, біз пияздың ішкі нарықтың ағымдағы қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде бар екеніне көз жеткіздік. Өздеріңіз білетіндей, осы аптада Премьер-министр тұрақтандыру қорынан қорларды броньсыздандыруды және тауарлық интервенцияларды бастауды тапсырды, сондықтан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар пияз қорларын сатуы, сол арқылы бүкіл ел бойынша сауда объектілерін пияздың қажетті мөлшерімен қамтамасыз етуге тиіс», деді Айдар Әбілдабеков.
Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ішкі тұтыну үшін пияз көлемі сәуірге дейін жеткілікті деп мәлімдеген еді. Сәуірден бастап пияз өзге елдерден импортталмақ. Айтуынша, бұл орайда Қазақстан ерте көктемнің пиязын тасымалдау бойынша Тәжікстан, Пәкістан, Өзбекстанмен келіссөз жүргізіп жатыр.
Министрдің сөзінше, экспортқа шектеу қойылғанына қарамастан пияз елімізден заңсыз жолмен шығарылып жатыр.
«Біз пияздың қандай жолмен шығарылып жатқанын біле алар емеспіз. Көлеңкелі тәсілмен тасымалданып жатыр деген күдігіміз бар. Мен Шекара қызметінің басшылығымен, Мемлекеттік кірістер комитетінің жетекшісімен сөйлестім, қазір біз жағдайды бақылауға алдық», деді Жұманғарин.