Заңды Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
Оның айтуынша, заң жобасы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 55-бабын іске асыру үшін әзірленген және мүше мемлекеттердің үшінші елдермен Еуразиялық экономикалық Одақтың техникалық регламенттерін техникалық реттеу объектісі болып табылатын өнімдермен өзара саудасындағы техникалық кедергілерді жою тәртібі мен шарттарын айқындайды.
Министр бүгінгі таңда 52 техникалық регламент қабылданғанын, оның 45-і күшіне енгенін атап өтті.
«Келісімді қабылдау Одақ пен үшінші елдер аумағында белгіленген міндетті талаптардың салыстырмалылығын анықтау негізінде сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тануға жағдай жасайды», деді Серік Жұманғарин.Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті ұсынған қорытындыда келісімге сәйкес Одақтың осындай елдермен халықаралық шарттар жасасуы арқылы жүзеге асыратын үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою көзделетіні жазылған.
Сенатор Ләззат Рысбекова келісім ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен үшінші елдер мен негізгі интеграциялық бірлестіктер арасында мүдделер теңгерімін сақтай отырып, саудадағы техникалық кедергілерді өзара жоюдың дамыған тетіктері мен шарттарының болуы арқылы өзара тиімді ынтымақтастықты құруға көмектесетініне сенімді.