Айқайшыға олжа бар
Алатаудың арғы жағындағы қырғыз ағайындардың дауысы қашан да қатты естіледі. Ел басшыларын қуып шыққан 2005 және 2010 жылдардағы төңкеріс кездерінде ғана емес, олар жай уақытта да билікке өкпелесе болды, тайлы-таяғымен айқайлап, көшеге, жолға шығады. Бір таңданарлығы – сол айқайшы топтың алдыңғы шебінде ақ сақалды аталар, әсіресе, ақ кимешекті аналар жүреді. Теледидардан солардың ашулы айқайлаған бейнесін көріп, халық әбден ашынған екен-ау деп жаның күйзеледі. Жалпы, билікке қарсылық көрсетуде қырғыз ағайындар басқа жұрттан асып тұр. Расында, әділеттік үшін, тіпті, болмағанда өзіне жақын идея үшін қасқайып күреске шыққандарды мақтауға да болар-ау. Қаншама уақытын сарп етеді, кейде суыққа тоңады, ыстықта шөлдейді. Өйткені, қазір бұл елде билікке қарсылық көбіне жол бойында, оны жабу арқылы жүзеге асады. Тіпті, кейбір ақпарат құралдары оны «қырғыздардың ұлттық күрес ойыны» деп те атайтын болған. Сол адамдардың әрекетін қалай бағалауға болады? Біреулеріміздің бағасын жоғарыда айттық: ерлік дейді. Екінші де бағасы бар екен. Ол ақшамен өлшенеді екен. Қазір елдің оңтүстігінде Ош облысының Алай ауданындағы Сопу-Коргон ауылының тұсында жергілікті халық билікке наразылығын білдіріп, Ош-Иркештам трассасын жауып тастағанына айға жуықтады. Бұл қарсылық бұрынғы парламент спикері, қазір жемқорлығы үшін істі болып, тергеу оқшаулағышында жатқан Ахматбек Келдібековке қолдау көрсетуге арналған. Онда автожолға 15 киіз үй, 4 шатыр тігіліп, көлік өтпейтін кедергі жасалған. Жиналған жұрт аш жүрмейді, оларға тамақ беріледі. Тек тамақ қана емес, осы қарсылық акциясына қатысқаны үшін ақша да берілетін көрінеді. Біз қырғыз әріптестеріміздің жазғанына қарап айтып отырмыз. Мағлұматы бар бір кәсіпкер біраз цифрды алға тосады. Келдібековтің туыстары жол үстінде тігілген әр үйге күн сайын 20-50 доллар, осында келген көпшіліктің әрқайсысына күніне 10 доллар, оларды ертіп келген онбасы, жүзбасыларға екі есе артық төлейді екен. Жергілікті беделді қылмыскерлер, спортшылар қолдау көрсетсе, олар күніне 50 доллардан алады. Олар күрескерлерді құқық қорғау адамдарынан қорғайды. Әйтпесе жиналғандарды қуып шығу қиын емес. Әсіресе, мұндай кезде ел ішінде қадірі бар көпбалалы аналардың «бағасы» жоғары екен. Сонау 2010 жылы Құрманбек Бакиевті қорғап, оның қашып кетуіне жол ашқан «батыр аналарға» күн сайын 500 долларға дейін төленіпті. Мұндай ақшаға біраз кеңірдек жыртуға болғандай-ау. Сонда бұл акцияға 300-400 шамалас аналар қатысқан көрінеді. Қазір Келдібековтің туыстары мұндай жоғары «гонорар» төлей алмаса керек. Сөйтсе де күн сайын бұл шараға 10-20 мың доллар жұмсалады дейді. Оны алғашқы 18 күнге шаққанда 180-360 мыңды құрайды. Елдің бас прокуратурасы Келдібековтің жалпы байлығын 180-200 миллион долларға бағаласа, ол мұндай шығынды көтере алады-ау. Ең қиыны – елдің, кәсіпкерлердің шығыны. Сол Келдібековті қолдау акциясынан мемлекеттік кеден және салық қызметінің шығыны орасан. Қаншама жүк тасылмай, онан соң сатылмай жатыр. Сарапшылар әр күні 11,5 миллион сом кеден салығы алынбайды дейді, алғашқы 18 күнде – 207 миллион, оған өткізілмеген тауардан түсетін 250 миллион табыс салығын қосса, бұл ел үшін айтарлықтай ауыр шығын. Айқайдың осындай салдары бар. Ол тегін айқай емес көрінеді. Біреуге – олжа, елге – шығын. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».
•
20 Маусым, 2014
Ирак қайшылық құшағында
345 рет
көрсетілді