• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Спорт 17 Ақпан, 2023

Әлем таныған Әнуар

3259 рет
көрсетілді

Токиода өткен Паралимпиада ойындарында атыраулық үш парадзюдошы күміс жүлдегер атанған еді. Сондай саңлақ спортшының бірі – Әнуар Сариев. Қазір оны әлем таниды.

Спортқа аңсары ауған ол мектепте денешынықтыру сабағын жақсы көрді. Әсіресе дзюдоны жанына серік еткісі келді.

– Спорттың қай түрі де оңай­лықпен бағындыра бермейді. Ал дзюдо – ең қиын түрі. Бес ми­нуттық белдесу кезінде бір се­кундқа ғана қателік жібер­сең, орны толмайтын опық жеп қаласың. Сондықтан халық­ара­лық сайыстарға барғанда, өзімнің емес, алдымен елдің абыройын ойлаймын. Өйткені әлем назары ауған сайыстарда жеңіске жетсең, елдің Көк байрағы көтеріліп, Әнұраны шырқалады. Сол кезде еліңе, Отаныңа деген құрметің арта түседі. Алайда қазақтың «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегеніндей, спортта үнемі жеңістің биік тұғырына көтерілу мүмкін емес. Бірде жеңіске жетіп, мерейленіп тұрасың, ал кейде жеңілістің кермек дәмін татуға тура келеді. Жеңілген сәтте «Өзім­нен үміт күткен бапкерімді, барша жанкүйерімді, елімді ұят­қа қалдырдым-ау» деген ойға берілесің. Әрине, жеңіс те, же­ңіліс те спортшының көңіл күйіне әсер етеді, – дейді Токио Пар­алимпиадасының күміс жүл­дегері Әнуар Сариев.

Парадзюдошы Х.Досмұха­ме­дов атын­­­дағы Атырау универ­ситетінің дене­шынықтыру фа­культетін бітірген. Дзю­домен бала кезінен айналысады. Бұрын Қазақстан құрама командасының сапында жаттыққан.

– Дзюдодан ел құрамасының сапында түрлі оқу-жаттығу жиындарына қатысып жүрдім. Сол кезде Елдос Сме­тов­пен, Ай­бек Има­шевпен бірге жат­тыққан едім. Ай­­­бек екеуміз түрлі тур­нир­де бірге күре­сіп, бір-бірімізден үй­ре­нетінбіз. Мұндай бел­­десу­дің ше­бер­лігімізді шыңдауға ық­­­палы тиді, – деп еске алады парадзюдошы.

Алайда өмірдің өз ағымы бар. Оны өз дегеніңе бейімдеу қиын. Жол апатына түскен Әнуар Сариев көзінен жарақат алып, бастапқыда дзюдодан қол үзуіне тура келді. Бірақ тағдырдың сы­нағына мойымаған жас жігіт спортты тастамауды жөн көрді.

– Көлік апатынан кейін көз жана­рыма зақым келіп, көру мүм­кінді­гім на­шарлағаны рас. Алайда менің мүмкін­дігім шек­телген жоқ ғой. Керісінше, өмір сүруге, жетістікке жетуге құл­шыны­сым арта түсті. Сол себептен өзімнің үйрен­шік­ті спортыма қайта оралдым. Бұдан бы­лай парадзюдомен айналысып, елімнің абыройын асқақтата беремін деген шешім қабылдадым, – дейді Ә.Сариев.

Оның бағы бар екен. Парадзю­доны дамытуды қолға алған білікті бапкер Жандос Қиянов оны өз бауырындай жанына тарт­­ты. Бапкерлік кеңесін беріп, ағалық ақылын айтты. Жігерін жанып, халықаралық додаларға жетелеп апарды.

– Бала кезімнен спортты, оның ішінде дзюдоны таңдадым. Спортшы болған соң, еліміздің Көк байрағын халықаралық дода­ларда биікте желбіретіп, Ән­ұранын шырқатуды армандаушы едім. Сол арманымды орындау үшін әлі де жаттығып жүрмін, – дейді спортшы.

Әнуар Сариев – парадзюдодан Паралимпиада лицензиясын иеленген алғашқы қазақ спортшысы. Әрине, ли­цен­зияға қол жеткізу оңай болған жоқ. Бұл үшін жаттығуларға үзбей қа­тысып, тер төкті. Бірнеше халық­аралық додада бақ сынады. Сондай сайыстың бірі – 2015 жылы Кореяның Сеул қаласында өткен мүм­кіндігі шектеулі спорт­шылардың бүкіл­әлемдік ойындары. Сол сайыста 60 ки­лода белдескен парадзюдошы қола медаль иеленіп, Рио-де-Жанейро Пар­а­лим­пиадасының лицензиясына қол жет­кізген еді.

– Бұл – алғаш рет қатысқан Паралим­пиада. Басқа сайыстарға қарағанда, төрт жылда бір өтетін Паралимпиаданың жөні бөлек. Сондықтан әр спортшыда қо­балжу болатынын жасырмаймын. Жаһан жұрты көз тіккен дүбірлі доданың ширек финалында әзербайжандық Рамин Ибрагимовке есе жіберіп алдым. Ал жұбаныш белдесуінде арген­тиналық Эдуардо Гаутоны ұтып, қола медаль иеленуге бір қадам жақындай түскен едім. Бірақ қола медаль үшін тартыста Уругвай спортшысы Хенри Борхес жолымды кесіп кетті. Сөй­тіп, алғашқы Пар­алим­пиа­дада ел қоржынына жүлде сала алмағаныма өкіндім, – дейді Әнуар Сариев.

Алайда бұл сәтсіздік қайсар спортшыны мұқалта қойған жоқ. Шарболаттай ширыққан парадзюдошы жеке бапкері Жандос Қияновтың кеңесін бұлжытпай орындап, жаттығуға бел шеше кірісті. Мақсаты – Токио Пар­алим­пиа­дасынан жүлде алу.

– Токио Паралимпиадасында 60 килодағы менің салмағымда қарсылас көп болды. Бір сал­мақ­та менімен бірге 12 спортшы сынға түсті. Бәрі де – өз елінің мықты спортшысы. Сәл қате­лікке бой алдырсаң, қапыда қал­дыруға дайын тұр. Оның ішінде шеберлігі шыңдалған ең мықты парадзюдошылар бар. Әсіресе маған финалдағы сайыс қиынға соқты. Себебі финалда Әзербайжан өкілі Вугар Ширинлимен кездестім. Ол 2017 жылға дейін денсаулығында кінә­раты жоқ спортшылар арасында жарыстарға қатысып, бес үздік дзюдошының қатарына кірген. Ақтық сында алдымен қар­сыласым базари ұпайын ен­шіледі. «Енді намысқа тырысу қажет» деп ой түйдім. Сөйтіп, оның осал тұсын тауып, мен де базариге қол жеткіздім. Бұдан соң екі рет әдіс қолдануға ты­рыс­тым. Бірақ әдісім сәтті шық­пады. Бастапқыда қолым ұс­таған жерінен сусып кетті. Келе­сіде Ширинли айлалы әдісім­ді орындауға мүмкіндік берме­ді. Сәл босаңсыған сәтімде қар­сы­ластың қақпанына түсіп, уыс­та тұрған алтын медальды енші­лей алмадым, – дейді Токио Пар­алимпиадасының күміс жүл­дегері Әнуар Сариев.

Паралимпиаданың күміс жүлдегері татамиге қайта оралды. Енді ол Парижде өтетін Пар­­алим­пиаданың лицензиясын ие­­ленуді көздеп отыр. Салмағы бұрын­ғыша 60 кило. Былтырғы желтоқсанда Жапонияда пара­дзю­­додан «Tokyo open» ха­лық­ара­лық турнирінде бақ сынады. Бұл жолы ол қола жүлдені місе тұтты.

Ал жақында Португалияның Алмада қаласында өткен парадзюдодан Гран-при турнирінде топ жарды. Алдымен Корея, Ис­­пания және Грузия елдерінің өкіл­­дерінен басым түсті. Ақтық сайыста грузиннің тағы бір балуаны Нукримен белдесу 11 минутқа созылды. Екі спортшы бір-бірінің осал тұсын іздеп, әбден ширықты. Жаттықтырушылардың да, жан­күйерлердің де дегбірін тауысқан тартысты кездесу Әнуардың пайдасына шешілді. Сөйтіп, ол Гран-при сайысының алтын медалін иеленді.

– Менің бір арманым бар. Ол – Паралимпиадада еліміздің Әнұранын шыр­қатып, Көк бай­рақты желбірету, – деп алдағы мақ­сатымен бөлісті пара­дзюдо­шы.

 

Атырау облысы