Теңіз жағалауындағы Ақтау қаласы мен «жұмбақ жайлап, аңыз өрген Маңғыстауға» қызығушылықпен келетін туристер саны жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылы жаз айларында шетелдік жиһанкездер мен саяхатшылар республика бойынша Ақтауда демалуды, саяхаттауды көбірек таңдаған.
Бұл жағдай өңір тарихында тұңғыш рет Ақтауға туристік бағыттағы арнайы чартерлік рейстердің қатынай бастауына жол ашты, сондай-ақ Ақтау мен шет елдер арасындағы тұрақты рейстер саны да арта түсті.
Маңғыстаудың ерекше табиғатымен бірге шетелдік және жергілікті туристерді Каспий теңізі жағалауындағы демалыс орындары мен курорттық кешендер, олардағы қызмет көрсету деңгейі жоғары сапалы қонақүйлер, демалыс аймақтары, аквапарктер мен ойын-сауық орталықтары қызықтырыпты. Бұл жағдайлар Ақтау халықаралық әуежайын алдына үлкен жоспар қоюға ұмтылдырды. Қазір олар чартерлік рейстерге аптасына жеті рет қатынайтын мүмкіндікті қарастырып, жан-жақты ұйымдастыру жұмыстарын, тараптардың өзара келіссөздерін бастады.
Ақмаржан Ақтау биыл туристердің ірі легін қабылдауға әзір. Бұл – өңірдегі туристік әлеуеттің өркендей бастағанының және жоғары сапалы сервистік қызметтің көрінісі. Алайда өңір туризмі бұл жетістіктерімен тоқтап қалмай, алдағы уақытта туризмді одан әрі дамытып, туристер мен қонақтарды, саяхатшыларды тарта түседі.
Маңғыстау облысы