Биылғы Парламент және мәслихаттар сайлауы бұрынғы саяси науқаннан өзгеше болғалы тұр. Сол себептен болар, Атырау облысында да сайлауға қатысуға ниет білдіргендер қатары жетерлік. Тіпті бұл сайлауда жұмыссыз жүргендер де бақ сынап көруге бекініпті.
Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, мұнайлы өңірден Парламент Мәжілісінің депутаттығына бірмандаттық сайлау округінен 1, ал әр деңгейдегі 9 мәслихатқа 140 депутат сайланады. Қазір сайлауға 496 кандидат ұсынылған.
Саяси доданың көрігі Мәжіліс депутаты үшін таласта қызатыны байқалады. Өйткені Атырау облысынан төменгі палата депутатын сайлау жөніндегі №13 бірмандаттық сайлау округіне 20 кандидат ұсынылып отыр. Оның ішінде өзін-өзі ұсынған 16 кандидат бар. Төрт кандидат – «Аmanat», «Ақжол», «Ауыл», ЖСДП партияларының өкілі. Ал Мәжіліс депутаттығынан кандидаттардың басым бөлігі басшылық қызмет атқарып жүр. Үмітін үрлеп, саяси додаға қатысуға білек түргендердің екі зейнеткерден өзгесінің жасы негізінен 34 пен 60-тың аралығын құрайды. Ең үлкені – 76, ең кішісі – 34 жаста. Екі зейнеткерге қоса үш жұмыссыз, бір механик, бір маман бар. БАҚ-тың екі өкілі де бақ сынамаққа бекінген. Кандидаттардың біреуі бұрын Сенаттың, тағы біреуі Мәжілістің депутаты болған. Өзін-өзі ұсынған бұрынғы депутаттардың екеуінің де мамандығы – заңгер, қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің түлегі. Мәжіліс депутаттығына кандидаттың бірі – Атырау қаласының бұрынғы әкімі. Жасы жетпістің желкенін керген экс-әкім де өзін-өзі ұсынып отыр. Бірақ зейнеткер болғанымен, әлі де шетелдік компанияда басшының орынбасары лауазымын атқарады.
Сондай-ақ облыстық мәслихаттың депутаттарына 30 орын бөлінген. Оның ішінде тең жартысы мажоритарлық жүйемен, қалғаны партиялар ұсынған тізіммен сайланғалы отыр. Атырау қалалық мәслихатының 25 депутаты, 7 аудандық мәслихаттың 85 депутаты толықтай мажоритарлық тәсілмен сайланады. Облыстық мәслихаттың 15 депутатын партиялық тізіммен сайлау көзделген. Бұл да саяси партиялар арасындағы бәсекені өрістететіні даусыз. Сондықтан болар, 6 саяси партиядан 15 мандат үшін ұсынылған кандидаттар саны – 68. Оның ішінде «Amanat» партиясынан 31 кандидат бар. Ал «Ақжол» партиясы – 10, Қазақстан халық партиясы – 9, «Ауыл» партиясы 7 үміткерін қосқан. Саясат алаңына енді ғана қадам басып, белсенді жұмыс нәтижесін көрсете қоймаса да «Байтақ жасылдар» мен «Respublica» партиясы да бұл додадан қалыс қалғысы келмеген. Алдыңғысы партиялық тізіммен – 6, соңғысы 5 өкілін ұсыныпты.
Өңір бюджетін бекітетін мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі 15 бірмандаттық аумақтық сайлау округіне – 50, Атырау қалалық мәслихатына – 84, Жылыой аудандық мәслихатына – 52, Индерде – 40, Исатайда – 34, Құрманғазыда – 42, Қызылқоғада – 37, Мақатта – 36, Махамбет аудандық мәслихатына 33 кандидат ұсынылып отыр. Басшының портфелін ұстағандар депутат болудан үміттілердің қатарын толықтырды. Сайлауалды бәсеке Мақат ауданында өзгеше қарқын алатынға ұқсайды. Олай деуімізге мұнда бір ұжымнан бір-бірімен бәсекелес болуды көздеген ұжымдастар көп. Басшы мен орынбасары, бөлім жетекшісі лауазымымен бір ұжымда жұмыс істейтін әріптестер бір сайлау округінде тоқайласқан. Соған қарағанда, олар «Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін» дейтін қағиданы ұстанатын болуы керек. Сөйтіп, бір мектептен үш мұғалімнің, бір кәсіпорындағы үш мұнайшы мен аурухананың үш дәрігері арасында қандай уағда болғаны белгісіз, әйтеуір, әріптестер бір округтегі сайлаушылардың дауысын өзара бөлісуге талпынып көрмек. Басшының бәрін «Amanat» партиясы ұсынса, олардың бәсекелестері өздерін үміткерлер сапынан көргісі келген. Айтпақшы, мұнда аудан әкімінің орынбасары да сайлаушылардың көңіл кілтін табуға шешім қабылдапты.
Атырау облысындағы 9 мәслихаттың депутаттығына кандидаттардың арасында әр саланың өкілі барын айтқан ләзім. Соңғы 10 жылдан бері үзбей депутат болған, бұрын мандатын өз еркімен тапсырып кеткен үміткер де қайтадан додаға түспек. Әсіресе білім, медицина, мәдениет саласының өкілдері жетерлік. Мұғалім мен дәрігер, механик пен дәнекерлеуші, аудармашы секілді қарапайым мамандықтың иелері де бар. Жұмыссыз жүргендер мен зейнеткерлер некен-саяқ. Жастардың үлесі де аз емес.
Айта кетер бір жайт, кандидаттардың түгелге жуығы – қазақ. Мажоритарлық жүйемен депутат сайланатын округтердегі кандидаттар тобынан өзге этностың 5-6 өкілінің ғана аты-жөні кездесті. Дегенмен бұдан бұрынғы сайлауларда байқалып жүргендей, кандидаттар тізімінде қарапайым еңбек адамынан гөрі жұмсақ орынтақты жамбасына басқан басшылардың саны озып тұр. Бәрін айт та, бір айт, бұл сайлауда алақанын ысқылап отырған басшылар өте көп. Бәрінің ойы – депутат болу.
Атырау облысы