Көп жылдан бері сайлауға салқынқанды қарап келген Солтүстік Қазақстан өңірінің халқы биыл саяси додаға айрықша қызығушылық танытып отыр. Тіпті жайшылықта саясатқа самарқау қарайтын Қызылжар өңірінің халқы да биыл сергек.
Биыл бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша өзін-өзі ұсынып жатқандар да, саяси партиядан түсіп жатқандар да көп. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының №24 бір мандаттық аумақтық сайлау округінен Мәжіліс депутаттығына сайлануға 17 адам үміт білдіріп отыр екен. Олардың арасында заңгер де, экономист те, журналист те, информатик те, ауыл шаруашылығы маманы да, мұнайшы да, тіпті денешынықтыру мұғалімі де бар. Аумақтық сайлау округінің төрағасы Асқар Сақыпкереевтің айтуына қарағанда, әзірге соның үшеуі кандидат ретінде тіркеліпті. Қалғандары түрлі тексерістерден өтіп, жарнасын төлеу үстінде.
Үміткерлердің арасында бұрын Мәжіліс депутаты болған, әріптесіміз Кәрібай Мұсырман, белгілі саясаткер Асылбек Қожахметов, «Әскери ғылымдар академиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Мұхтар Серікпаев, «Qaraqamus-2020» ЖШС директоры Орынбай Атығаев сияқты азаматтар бар. Бұлардың соңғы мекенжайы Солтүстік Қазақстан облысы болмаса да біздің өңірден сайлануға үмітті. Кандидаттар тізімінде облыс экономикасының дамуына белсенді атсалысып жүрген шаруақор, «Мамбетов и К» командиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мамбетов, «Солтүстік Қазақстан электр жүйесін бөлу компаниясы» АҚ бас директоры Анатолий Казановский, «Атамекен-Қызылжар» микроқаржылық ұйымының директоры Серік Ахметбеков, «Горгаз-Сервиз» ЖШС директоры Олег Иванов, қоғамдық ұйымдар арасынан «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ұйымының төрағасы Юрий Захаров, «СҚО бойынша Адам құқын қорғау жөніндегі қоғамдық комитеттің» төрағасы Сергей Измайлов, мемлекеттік қызмет саласынан Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау департаментінің директоры Мереке Мұхамедияров сияқты есімдер аталады. Бір қызығы, 17 адамның ішінде бірде-бір әйел өзін ұсынбапты. Ал ауыл тұрғындары арасынан «Мәженов» шаруа қожалығының басшысы Бауыржан Есмұқанов өзін-өзі ұсынған екен. Ал ұлттық құрамына қарасақ, үміткерлер қатарында 10 қазақ, бес орыс, бір поляк, бір грузин бар екен.
Солтүстік Қазақстан облысы