Еліміз жаңа саяси бетбұрыстың алдында тұр. 19 наурыз күні өтетін Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы – осы бағыттағы үлкен қадам болмақ. Саяси додаға түсуге бел буған жеті партия құрылтайларын өткізді. Кандидаттар ресми тіркелді. Нағыз саяси тартыс енді қыза түспек. Үгіт-насихат кезеңі басталысымен, үміткерлер жұрттың алдына шығып, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып жатыр. Іске сәт!
Демократиялық негіздерге бағытталған сайлау нәтижесі мемлекетіміздің тұғырын нығайтып, халқымыздың әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеруге сеп болар деген сенім мол. Себебі халық үлкен өзгерістерден сапалы нәтиже күтеді. «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, бұл сайлаудың ерекшелігі көп. Саяси науқан нағыз Жаңа Қазақстанның алғашқы көрінісі деуге толық негіз бар. Себебі енді халық қалаулылары пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша сайланады. Бұл үрдіс елімізде саяси бәсекелестік ортаны қалыптастырып, жаңа тұлғалардың саясатқа араласуына жол ашатыны анық. Елдің болашағына бейжай қарамайтын, саяси оқиғаларды ақылмен саралайтын азаматтар өзін-өзі ұсынып, додаға түсіп жатыр.
Саяси тартыс басталып кетті. Қайда барсаң да, елдің аузында сайлау жайлы әңгіме. Партиялық тізімдерін өткізген еліміздегі барлық 7 партия әр дауыс үшін күресуге ниетті. Жаңадан тіркеліп, саяси аренаға енді қадам басқан партиялардың өзі халықтың ыстық ықыласына, зор сеніміне ие болатынын айтып, бәсекелестіктің шоғын үрлей түсті. Жақтастары көп, бұған дейінгі сайлауларда мол тәжірибе жинап үлгерген партиялар да қарап қалмасы анық. Не десек те, әр дауыс ауадай қажет. Ол үшін халықтың сеніміне ие болу маңызды.
Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында саяси науқандағы маңызды мәселелер талқыланды. ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау үдерістеріне елеулі қоғамдық қызығушылық пен белсенділік, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқанында жоғары бәсекелестік азаматтарға өзін өзі ұсынуға мүмкіндік беретін сайлау заңнамасының жаңалықтарымен ерекшеленетінін атап өтті.
Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды бірмандаттық округтер бойынша тіркеу қорытындылары туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.
Ол 29 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша 609 кандидат ұсынылғанын хабарлады. Атап айтқанда, 7 саяси партиядан 79 кандидат, төрт қоғамдық бірлестіктен 5 кандидат тіркелді, ал 525 үміткер немесе кандиттардың 86,21%-ы өзін-өзі ұсынушылар болды. 29 сайлау округі бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары келесідей: 435 кандидат тіркелді, яғни бір мандатқа 15 адамнан келеді. Ең жоғары бәсекелестік Астана қаласында, бір мандатқа 41 және 42 кандидаттан, сондай-ақ Алматы қаласында бір мандат үшін 37, 33, 34 кандидаттан тіркелген. Ең азы – Түркістан облысының №25 округінде тіркелді, олардың саны 5 кандидат.
Өзін-өзі ұсыну тәртібімен 359 кандидат тіркелді, бұл жалпы тізімнің 82,53%-і, саяси партиялардан 76 кандидат өтіп, 17,47% болды. Тіркелген кандидаттардың 350-і немесе 80,46%-ы ерлер, 85-і немесе 19,54%-ы әйелдер. Орташа жасы – 49,34 жас. Кандидаттар арасында 10 этностың өкілдері бар.
Аудандық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтер негізінде ұсынылған 609 кандидаттың 45-і тіркелгенге дейін жеке өтініштері негізінде алынып тасталғаны, 435 кандидаттың тіркелгені, 125 кандидатқа тіркеуден бас тартылғаны және 4 кандидаттың тіркелуі жойылғаны анықталды.
Мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтеріне сәйкес бір мандатқа 10 288 кандидат немесе 3-тен астам адам тіркелді: облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың 334 бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша мәслихаттарға үміткер болып 1 451 кандидат тізімге енді, қалалық мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша 2 114 кандидат, аудандық мәслихаттарға 6 723 кандидат тіркелді. 6 359 кандидат немесе 61,81% өзін-өзі ұсыну тәртібімен, 3 929 кандидат немесе 38,19% әртүрлі саяси партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктер атынан саяси додаға түсіп отыр. Тіркелген кандидаттардың 7494 немесе 72,84%-ы ер адамдар, 2794 немесе 27,16%-ы әйелдер. Орташа жасы – 42, 64 жас. Кандидаттар арасында 39 этностың өкілдері бар.
Сондай-ақ отырыс шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларының ағымдағы науқанның барысы және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы есептері тыңдалды.
ОСК төрағасы кандидаттарды тіркеу рәсімдері конституциялық нормаларға сәйкес жариялылық және ашықтық қағидаттарында жүргізілгенін атап өтті. Сайлау комиссиялары азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдады.
Нұрлан Әбдіров күн тәртібіндегі екінші мәселе Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарының депутаттығына кандидаттың сайлау алдындағы үгітті жүргізуге жұмсайтын шығыстарының мөлшерін белгілеумен байланысты екенін айтты.
Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік беретінін хабарлады. Қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Осылайша, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар үшін партиялық тізімдер бойынша кандидаттардан басқа шығыстар мөлшері 950 мың теңге көлемінде белгіленеді. Оның 450 мың теңгесі теледидардан және радиодан бағдарламаларымен сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа немесе желілік басылымдарында 2 мақала жариялауға, 300 мың теңгесі сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға, 200 мың теңгесі көлік шығыстарына арналған.
Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттар үшін партиялық тізімдер бойынша кандидаттардан басқа 550 мың теңге көлемінде шығыстар мөлшері белгіленеді. Оның ішінде: 350 мың теңге – теледидардан және радиодан бағдарламаларын таныстырып сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа немесе желілік басылымдарында 2 мақала жариялауға, 130 мың теңге – сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруға, 70 мың теңге – көлік шығыстарына жұмсалады.
Қалалық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар үшін шығыстар мөлшері 350 мың теңге көлемінде белгіленеді. Оның ішінде: теледидардан және радиодан бағдарламаларымен сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа немесе желілік басылымдарында 2 мақала жариялауға – 200 мың теңге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге және көлік шығыстарына – 50 мың теңге бөлінеді.
Аудандық мәслихаттардың депутаттығына кандидаттар үшін 350 мың теңге көлемінде шығыстар мөлшері белгіленеді. Оның ішінде: теледидарда және радиода бағдарламаларымен сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді баспа немесе желілік басылымдарында 2 мақала жариялауға – 200 мың теңге, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын шығаруға – 100 мың теңге және көлік шығыстарына – 50 мың теңге қарастырылған.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі.
Ол халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 10 шет мемлекет пен 3 халықаралық ұйымнан 82 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Бүгін аккредиттеуге 1 шет мемлекет пен 1 халықаралық ұйымнан 15 байқаушының кандидатуралары ұсынылды. Олардың арасында Иран Ислам Республикасынан 1 байқаушы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар миссиясынан 14 кандидатура бар.