Қазақстан Республикасының «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 25 жылдығына орай Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Президент архивінің басшылары қатысқан брифинг өтті. Қазақстан Республикасы Президенті архивінің басшылығы ақпарат құралдары өкілдеріне Президент архивінің қоғамдағы рөлі мен міндетін және оның мақсаты мен жаңғырту бағыттарын баяндап, архив қызметімен үйлестіре өткізіп жатқан «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» архивтік марафоны туралы әңгімеледі.
Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина Қазақстанның ХХ ғасырдағы және мемлекетеміздің Тәуелсіздік кезеңіндегі қоғамдық-саяси тарихын көздің қарашығындай сақтап отырғанын мәлім етті. Сондай-ақ Ұлттық архив қоры туралы жан-жақты мәлімет беріп, жалпы архив ісінің нормативтік-құқықтық реттелу жолы мен тарихи даму кезеңдеріне тоқталып өтті. Директордың дерегіне қарағанда, 2023 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша сақталған ақпараттың жалпы көлемі 1,131 миллион архивтік файлды құрады және бұл отандық архив ісі үшін айтарлықтай сенімді көрсеткіш.
Архивтің негізгі міндеті Қазақстан Республикасы Президентінің, оның аппаратының және Мемлекет басшысына тікелей бағынатын, есеп беретін мемлекеттік органдардың қызметін мұрағаттық қамтамасыз ету екенін атап өткен жөн.
– 2022 жылы біздің жұмысымызда түбегейлі өзгерістер болды. Президент Жарлығына сәйкес, жаңа Ереже бекітілді, ұйымдық нысаны мен құрылымы өзгертілді, жаңа бағыттар мен міндеттер белгіленді. Архивті 2035 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы әзірленді, онда Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, есепке алу, сақтау және пайдалану жөніндегі мекеменің қызметін жаңғырту, архив ісін цифрлық түрлендіру, архив ісі мен құжат жүргізу саласында ғылыми әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде қалыптасу бағыттары нақтыланған, – дейді Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина.
Өткен жылы Архивте үш жаңа орталық: қолданбалы және ғылыми жобалар орталығы, оқу-әдістемелік орталық, қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығы ұйымдастырылды. Архив Ғылым және жоғары білім министрлігінен аккредитациядан өтіп, ғылыми қызмет нысанына айналды. Президент архиві бұқаралық ақпарат құралы ретінде тіркелген «Жаңа мұрағат» кәсіби журналын шығаруды бастады. Журнал архившілерге, құжаттанушыларға және іс жүргізушілерге арналған кәсіби басылым ретінде жарық көрді, оның әр парағы жаңа идеяларды ұсыну, оларды одан әрі тәжірибеде қолдану үшін талқылау алаңына айналды.
Архив басшысының сөзін түрлі мысалмен сабақтаған директордың орынбасары Қайрат Әлімғазинов: «Архивте ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығының ашылуымен ел аумағында өткен ғасыр басындағы саяси құғын-сүргін құрбандарының құжаттарын сақтауға арналған мамандандырылған қойма пайда болды. Нәтижесі де таңғаларлық: 260 мыңнан астам архив ісінің құжаттары қабылданды, қабылдау әлі де жалғасып жатыр. Архив осы тақырып бойынша әлеуметтік-құқықтық сұраныстарды орындауға кірісті, тұлғалар туралы «Аmanat» мәліметтер базасы әзірленіп жатыр» деп мекемедегі жағымды жаңалықтарды жария етті.
Биыл отандық архившілер 1998 жылы 22 желтоқсанда қабылданған «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңының 25 жылдығын атап өтіп жатыр. Заңның қабылдануы – ұлттық архив саласының дамуындағы тарихи кезең. Дәл осы сәттен бастап нормативтік базаны қалыптастыру басталды. 25 жыл ішінде архив құжаттарын сақтау және пайдалану ережелері қабылданды, құжаттарды сақтау мерзімдері мен жою тәртібі белгіленді, мемлекеттік және ведомстволық архивтердің жұмысында бірыңғай қағидаттар мен талаптар белгіленді. Заң қабылданғаннан бері оған 40-тан астам өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Заманауи жағдайдағы сала дамуының негізгі үрдісі – жаңа IT технологияларды енгізу болса, бұған алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибені пайдалану ісі оң нәтижесін көрсетіп отыр. Бұл бір жағынан архив жұмысын ұйымдастыруды және олар көрсететін қызметтерді жаңа сапалы деңгейге шығаруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, заманауи талаптарға жауап беретін әдістеме мен шешімдерді әзірлеуде мүлде жаңа міндеттер жүктейді.
Тиісінше, заңнамалық базаны жетілдіру қажет, ал өзгерістер стратегиялық жағынан алдын ала есептеліп, тиімділікті көздеуі керек. Қазақстандағы архив саласы ұзақ мерзімге қабылданған стратегиялық құжатты қажет етеді. Бұл – әдіснама мәселелері, IT дағдылары бар жаңа буын кадрларын дайындау және электрондық (цифрлық) ақпараттың кауіпсіздігі мәселелері.
Президент архиві «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» заңның 25 жылдығына орай «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» атты бірыңғай архив марафоны аясына біріктірілген қалалық, республикалық және халықаралық деңгейде бірқатар іс-шаралар жоспарлаған.
Спикерлер алдағы уақытта осы жоба шеңберінде өтетін іс-шаралар туралы да әңгімеледі. Дөңгелек үстелдер, тарихи-құжаттық көрмелер, тұсаукесерлер, тақырыптық кездесулер, спорттық турнирлер мен табиғатты қорғау шаралары ұйымдастырылады. Жастар үшін «Отандық архивтерді қалай жаңғыртуға болады? «Жаңа идеяларды іздеу жолында» брейнсторминг форматында кәсіби проблемалар талқыланады. Архившілер арасында волейболдан және үстел теннисінен ашық турнирлер жоспарланған. Марафонның басты мақсаты – Қазақстан тарихының архив мұралары, бірегей және баға жетпес құжаттары туралы білуге мүмкіндік беру, қоғамдағы насихатын арттыра түсу.