Жуырда Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллин 2022 жылғы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы бойынша халық алдында есептік кездесу өткізді.
Полиция басқармасы – облыстағы ең ірі ішкі істер бөлінісі. Сол себепті құқық бұзушылық, қылмыс бойынша да көп оқиға осы аумақта тіркеледі. Облыс орталығында жол апаты және қоғамдық құқық бұзушылықтың саны да жоғары. Ресеймен екі ортадағы шекарада орналасуы да қаладағы қылмыс санының өсуіне өзіндік ықпал етеді. Өйткені көрші елде қылмыс жасап, Петропавлда бой тасалайтындар немесе керісінше қалада заңсыздыққа барып, шекара асып кететіндер көп. Өткен жылы ашылмай қалған 60 қылмыстың ақ-қарасы анықталып, 41 қылмыскер ұсталыпты. Хабар-ошарсыз кеткен 16 азаматтың жүрген жері анықталған. Жыл бойы 199 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 5 адам қаза тауып, 244 жолаушы түрлі дәрежедегі жарақат алған.
Петропавлда еліміздің басқа қалаларымен салыстырғанда алкогольдік ішімдік ішіп, қоғамдық орындарда мас күйінде жүретіндер саны көп кездеседі. Тек былтыр ғана сондай 5200-ден астам адам құқық бұзушы ретінде жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ құрамында спирті бар 17 мың литрден астам алкоголь заңсыз айналымнан алынды.
Әлібек Ғабдуллин жеке құрам қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша да барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын атап өтті. «Бірақ электрондық төлемдер және онлайн-дүкендер арқылы, жалпы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын алаяқтық түрлерін толық әшкерелеуге шамамыз келмей отыр. Бір жыл ішінде 818 алаяқтық дерегі тіркелді. Оның ішінде 657 факті интернет арқылы жасалған», деді ол.
Ал профилактикалық жұмыстар күн сайын барлық жеке құрамның қатысуымен жүргізіледі. Осындай жұмыстың нәтижесінде өткен жылы 600-ден астам азамат интернет алаяқтармен сөйлесуден бас тартып, қылмыстың алдын алған. Кездесуге келгендер отбасылық жанжалқойларға қатысты қабылданатын шаралар, жолаушылар тасымалын ұйымдастыру, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасуға қатысты мәселелерді ортаға салды. Солардың ішінде полицияның құзыретіне кіретін барлық сұраққа жауап берілді.
ПЕТРОПАВЛ