Енді полиграфиялық ақау, сондай-ақ пәндік сараптама комиссиясы бекіткен нұсқадан ауытқу нәтижесінде кеткен қателер мен басқа да кемшіліктер анықталған жағдайда, оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерді баспа өз есебінен ауыстыруға міндетті. Бұл туралы республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы хабарлады.
– Біз мұндай құқықтық норма арқылы барлық тараптың өзара жауапкершілігін күшейту мектептегі оқу әдебиетінің сапасын арттыруға оң әсер етеді деп санаймыз, – деді орталық басшысы Елдос Нұрланов.
Еске сала кетейік, соңғы үш жылда Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік сараптама рәсімдерінің объективтілігін арттыруға, сарапшыларға, авторларға және оқулықтарға қойылатын талаптарды нақтылауға бағытталған бірқатар заңнамалық шара қабылдады.
2020 жылы сараптама жүргізу үдерісі толығымен құпия режімге ауыстырылды. Министрлік сайтында pdf және epub форматындағы қағаз оқулықтардың электронды нұсқалары ашық орналастырылып, авторлары көрсетілмейтін болды. Бұл сараптаманың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар баспаларға ішкі сараптама жүргізу, авторлардың оқу әдебиеттерін әзірлеудің әдіснамасы, оларды бағалау критерийлері бойынша оқыту курсынан өткізу жауапкершілігі жүктелді.