Павлодар қаласының тұрғындары жыл басынан орталықтандырылған жылу тарифінің өсіп шыға келгеніне наразылық танытып отыр. Қаңтар айынан бастап коммуналдық төлемдер бойынша есептелген төлемақы құны жеке тұтынушылар үшін 10-нан 30 пайызға дейін қымбаттаған.
Жылу энергиясының тарифтері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап келесідей деңгейде өскен. Жылу энергиясын есепке алудың жалпы үйішілік аспаптары орнатылған тұтынушылар үшін тариф 30%-ға, есептегіші жоқ тұтынушылар үшін 10%-ға, өзге тұтынушылар үшін 10%-ға қымбаттады. Ал бюджеттік ұйымдар үшін ол бірден 24%-ға ұлғайды.
Бір қызығы, тұтынушылардың бір бөлігі тарифтің қомақты түрде көтерілгенін байқадық десе, енді бірі төлемақы шотындағы сомадан аса үлкен өзгерісті көрмедік деп отыр. Кейбір пәтер иелері ай сайынғы төлемнің әрқилы келетінін де түсінбей дал.
«Павлодарэнергосбыт» ЖШС қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім жетекшісі Екатерина Байжуманова тарифтің көтерілуі Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің 2021 жылдың 23 шілдесіндегі №69-ОД бұйрығы негізінде жүзеге асқанын айтады.
– 1 қаңтарға дейін үйішілік есептегіш аспаптары бар пәтер иелері 1 Гкал жылу энергиясы үшін 2 050 теңге 57 тиын төлеп келсе, енді олар үшін тариф 2 672 теңге 89 тиын болып бекітілді. Ал есептегіштері жоқ үйлердегі тариф көп көтерілген жоқ, 1 Гкал энергия үшін бұдан былай 3 145,70 теңгенің орнына 3 473,1 теңге төлейді. Бұған қоса есепке алу құралдарын орнатудың техникалық мүмкіндігі жоқ, тозығы жеткен, апаттық жағдайда тұрған баспаналар мен барақ үлгісіндегі үйлердегі жеке тұлғалар үшін тариф 2 621,42 теңгеден 2 894,93 теңгеге қымбаттады. Негізі тарифтің көтерілетіні туралы компаниямыздың сайтында хабарландыру болған. Қызмет құнын көтеру – мәжбүрлі түрде болып отырған шара. Өндіріске қажет қосымша құрал-жабдықтардың бағасы үсті-үстіне өсіп жатыр. Оның үстіне кәсіпорнымыздың басшылығы ұжымдағы қызметкерлердің жалақысын көтеруді ұйғарған, деп түсіндірді Е.Байжуманова.
Қазіргі күні Павлодар қаласы бойынша орталықтандырылған жылуға 119 453 абонент қосылған (пәтерлер мен жекеменшік үйлер). Шаһардағы 1 307 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 025-і жалпы үйішілік жылу есептегіштермен жабдықталған. Мұндай құралдар орнатылмаған үйлерде жылу төлемақысы 1 шаршы метрге 0,2 Гкал мөлшерінде бекітілген тұтыну нормасы бойынша есептеледі. Бұл ретте төлем мөлшері бір ай ішіндегі күндер санына байланысты белгіленетінін есте ұстаған абзал. Мәселен, қаңтар айында 31 күн болды, бұл уақыт ішінде тариф әр шаршы метрге 97,90 теңгеден есептелген. Ал ақпан айында күндердің аздығына байланысты 88,43 теңгеден белгіленеді, дейді жылумен қамту мекемесінің мамандары.
Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірдегі департаментінің басшысы Ибрагим Тангиевтің сөзіне сүйенсек, ірі монополистерге 2020-2025 жылдар аралығында тарифтерін кезең-кезеңмен өсіруге рұқсат берілген. Бұл алдағы екі жылда әлі де шамамен 30 пайызға ұлғаяды. Жоспарлы өсім жазда қолға алынатынын жөндеу жұмыстарының шығынын жабуға және өндірістік қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге жұмсалады.
ПАВЛОДАР