Өңірлік кәсіпкерлер палатасы жергілікті бизнес субъектілерінің жеке және жүйелік мәселелерін шешуге, өнімдерін өзге нарықтарға шығаруға көмектесуді негізгі мақсат етіп отыр. Кәсіп бастаған азаматтардың біліктілігін, бәсекеге қабілеттілігін арттыру да негізге алынды.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалы бүгінде заманға сай трансформацияны бастан кешіруде. Жуырда мұнда бизнес өкілдерінің мәселелерін шешуге арналған бес бірдей комитет құрылды. Соның бірі – агроөнеркәсіптік кешен комитеті.
– Филиал комитеттері кәсіпкерліктердің жеке және жүйелік мәселелерін шешуге, олардың өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға, біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдеседі. Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасында бүгінде бес комитет құрылды. Олар түрлі бағыт бойынша бекітілген жұмыс жоспары мен ереже негізінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, құрылыс және ТКШ, туризм және қонақүй бизнесі, білім беру, сауда және қызмет көрсету салалары, – деді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Серік Сәдуақасов.
Барлық комитеттің жұмысы бизнес-қауымдастықтардың, кәсіпкерлердің міндеттері мен мәселелерін шешу үшін мемлекеттік билік органдарымен тиімді өзара іс-қимылына бағытталған. Әр комитеттің өз төрағасы және мүшелері бар.
Агроөнеркәсіптік кешен комитетінің отырысында жергілікті шаруалар мен бизнесмендер ет бағытындағы ірі қара мал мен жылқы сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеу сомасын ұлғайту, асыл тұқымды мал сатып алуға жұмсалған қаражатты және «Agroexportpavlodar» ЖШС-ның сыйақы мөлшерлемесін өтеу, «Павлодар» ӘКК» АҚ-мен ынтымақтастық шарттарын өзгерту, балық шаруашылығын өркендету үшін су айдындарының айналасынан жер беру мәселелерін көтерді.
Салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқандардың айтуынша, өңірдегі өзен-көлдерді балықтандыру бүгінде үлкен мәселеге айналып тұр. Бұған қоса рұқсат етілмеген мал жайылымдары мен мал суару орындарына бақылауды күшейту қажет. Ресейдің шекаралас аймақтарынан балық шабақтарын сатып алуға болады. Тек бұл жерде субсидиялардың төлемін максималды түрде арттырса деген өтініштерін жеткізді кәсіпкерлер. Оның үстіне су айдындары айналасына тиісті инфрақұрылым тарту, айлақтар салу, пирстер тұрғызу секілді мәселелерді қаржы ұйымдарының көмегінсіз шешу мүмкін емес. Комитет мүшелері көтерілген мәселелерді назарға алатындарын уәде етті.
ПАВЛОДАР