• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Ақпан, 2023

«Алтын-Емел» табиғи паркінде құлан саны 3500-ден асты

610 рет
көрсетілді

Жыл сайын ақпан айының ортасында «Алтын-Емел» ұлттық паркінде Қызыл кітапқа енген тұяқтыларға санақ жұмыстары жүргізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биылғы санаққа комитет төрағасы Н.Н.Қылышбаев, төраға орынбасары Д.Ғ.Тұрғамбаев, сонымен қатар Жетісу облысы аумақтық инспекциясы, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК, «Зоология институты» өкілдері қатысты. Қарақұйрық, құлан және арқарды санау үшін кемінде екі күн кетеді. Аталған жұмыстар таңның атысымен жабайы аңдар жайылымға шыққаннан басталады. Аңдарды санау атпен және автокөлікпен жүргізіледі.

«Алтын-емел» ұлттық табиғи паркі аумағына 1982 жылы Барсакелмес аралынан әкелінген 27 Түркімен құланы Жетісу өңіріне жатсынбай жерсініп, бүгінде олардың саны 3500-ден асқан. Санақ нәтижесі бойынша қарақұйрық саны 5360, ал арқар саны 179 басты құрады. Былтырмен салыстырғанда тұяқтылардың өсімі байқалады.

Айта кетсек, мұндай санақ барысында 20%-дық ауытқушылық болуы мүмкін. Бүгінде ұлттық парк қызметкерлері саны көбейген Түркімен құланын, басқа да ерекше қорғалатын табиғи аумақ территорияларына жіберіп, жерсіндіруді қолға алған. Мәселен, былтыр «Іле-Балқаш» резерваты аумағына 60 бас, «Алтын дала» қорығына 4 бас құлан жіберілген. Аталған ЕҚТА аумақтарына жалпы саны 240 құланды жерсіндіру жоспарда бар.