Әуесқой спортшылардың мұз айдынында жүгіруден экстремалды жарысы өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық жарысқа АҚШ, Ресей, Чехия, Польша, Ауғанстаннан және еліміздің бірқатар өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынасты.
Жарысқа қатысушылар ұшар басына қазбауыр бұлттар байланған Оқжетпеске, бауыры әдемі аңызға тұнып тұрған Жұмбақтасқа, қолдың саласындай мәңгі жасыл қарағайларға таңғалысты. Аппақ қар жамылған жолбарыс жонды жоталар, шаншыла біткен шоқылар сұлулыққа іңкәр жандарды ажарымен арбап, көркемдігімен тәнті етіп қол бұлғап өзіне шақырып тұрғандай. Әуел бастағы асқаралы мақсат та табиғаты көркем курортты өңірдің болмыс-бітімін насихаттау болатын.
Қатысушылар бірнеше қашықтықта бақ сынасты. Жеті шақырымдық жарыс жолында алматылық спортшы Тимур Артюхин жеңімпаз атанса, 14 шақырымдық додада Астанадан келген Владимир Экерттің мәртебесі үстем болды. Ең қызығы, 21 шақырымдық қашықтық болатын. Мұншалықты ұзақ жолға темірдей төзімді, дайындығы мінсіз спортшының ғана қатысуы мүмкін. Тартысты өткен додада елордалық спортшы Юрий Швецтің бағы жанды. Ал жеті шақырымдық қашықтықта өткен скандинавиялық жүрісте көкшетаулық Қазбек Елубаевқа тең келер ешкім болмады.
– Дәл осындай бұқаралық спорт жарысын ұйымдастыру бұрын-соңды болған емес. Біздің компаниямыздың құрылғанына биыл 8 жыл толғалы отыр. Алдағы уақытта осындай қызғылықты іс-шараларды көбірек өткізсек, өлкенің өңін танытып, туристің өрісін кеңейтеміз, – дейді «Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маркетинг бөлімінің басшысы Шыңғыс Оразалин.
Несі бар, Бурабай баурайында бақ сынасқан спортшылар арқылы туған елдің тамаша табиғаты шартарапқа мәлім болатын болды. Ол да аз дүние емес.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы