• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Ақпан, 2023

«Дос-Мұқасанның» сапары

327 рет
көрсетілді

Аты аңызға айналған ансамбльдің құрылу тарихы Ертіс-Баян өңірімен тығыз байланысты. Өнер иелері гастрольдік сапарларында ансамбль құрметіне орнатылған мүсіндік композицияда болып, жергілікті студенттермен бірге аллея­да серуендеді.

Торайғыров уиверситетінің аллеясында «Дос-Мұқасан» мү­сіндік композициясы орна­ласқан. Өнердің биік шыңына шыққан ағалар мұнда суретке түсті. Одан соң оқу орнының концерт залында оқытушылар мен студенттер аты аңызға айналған ұжымды қошеметпен қарсы алды. Студенттер му­зы­­канттарға өздерін қызық­тыр­ған сауалдарын қойып, ер­кін форматта пікір ал­мас­ты. Жаст­арды әншілердің алғашқы гастролін қан­­дай сезімдермен еске ала­тыны және қазіргі күні қан­дай әуен жазып жүргені қызық­тыратыны байқалды.

– «Дос-Мұқасан» тобы құ­рылғалы бері өз әндерін үнемі ана тілімізде шырқайды. Біз­дің шығармашылығымыз отан­дастарымыздың жадында осы ерекшелігімен сақталып келеді. Шет мемлекеттерде өнер көрсеткен уақыттары үнемі өз тілімізде үн қатып, қазақ тілін танымал етуге тырыстық, – деп атап өтті ансамбльдің көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов.

Бұл күнгі кездесуде мей­ман­дардың құрметіне студент­тер арнайы концерттік бағ­дарлама әзірлеген екен. «ToU Band» студенттік тобы өнер тар­ландарының алдында бір­неше ән орындады. Соның ішінде екі композиция «Дос-Мұқасанның» репертуарынан шырқалды.

Негізі керекуліктердің бұл ансамбльдің өнеріне деген құр­меті ерекше. Мүсіндік композициядан бөлек, оқу орнында 2008 жылы «Дос-Мұқасанның» шығармашылығына арналған мұражай да ашылған. Тұрақты экспозицияда қазақтың «Битлзы» туралы сыр шертетін жә­ді­гер­лер, құжаттар мен фото­суреттер сақ­таулы. Бұл экспо­наттарды кезінде досмұқа­сан­дықтар мұражайға өздері табыс еткен. Былтыр ансамбль­дің 55 жылдығына орай ша­­ғын мұражай жаңа кейіпке енді.

 

ПАВЛОДАР