• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Экология 23 Ақпан, 2023

Құс базарын тарқатпаған қорық

914 рет
көрсетілді

Атырау облысында танымал туристік бағытқа айналуы мүмкін орынның бірі – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты. Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр сағасына таяу орналасқан қорықтың аумағы 341 мың гектарды құрайды.

Құс атаулының сан түрі ұшып келетін табиғи резерватқа инфра­құрылымның жоқтығынан жету оңай емес. Соған қарамастан, резерват аумағынан туристерді де, тіпті балықшыларды да жиі ұшыратуға болады. Өйткені мұнда көктемгі және күзгі миграция кезінде миллиондаған құс, оның ішінде сирек кездесетін қоқиқаз, ләйлек, бірқазан және өзге де қанаттылар топ-тобымен қонақтайды. Итбалық та құс­тар­мен достасқандай, араласып жүреді.

– 2009 жылы 1 сәуірде Жайық өзенінің атырабы мен Каспий теңізінің іргелес жағалауының аума­ғы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілді. Бұл – Қазақстаннан атал­ған тізімге енген Теңіз-Қор­ғалжын көлдер жүйесінен кейінгі екінші аумақ. Осыған бай­ланысты Үкіметтің 2009 жылғы қаулысымен «Ақжайық» мем­лекеттік табиғи резерваты құ­рылды. Ал 2014 жылы резерват ЮНЕСКО-ның бүкіл­әлемдік биосфералық резер­ват­тар желісіне кірді. Бұл таби­ғаттың ерекше сұлулығы, ұшып-қонып жатқан құстар турис­тердің қызығушылығын оятты. Кейінгі жылдары туристер үшін резерваттың құрлық пен су­дағы аумағында бірнеше ба­ғытты әзірледік, – дейді резер­ват қызметкері Балымгүл Әз­мұханова.

Резерваттың ғылыми қыз­меткері Илья Бофоновтың айтуынша, бұл жерді құстардың мекені деуге толық негіз бар. Өйткені резерват аумағымен құстардың Сібір-Шығыс Африка бағытындағы көші-қон миграция­сы өтеді.

– Біздің резерваттың ерек­шелігінің бірі туралы айтсақ, оның аумағы құстардың әлемдік көші-қон жолында орналасқан. Жыл сайынғы көші-қон кезінде мұнда 10 млн-ға жуық балшықшы, шамамен 5 млн үйрек, 35 мыңға жуық қоқиқаз, бұйра бірқазан, қарабас, аққу мен қаз ұшып келеді. Резерват аумағы – суды және су маңын мекендейтін құстардың сирек кездесетін түрлері үшін өте қолайлы мекен. Құстардың кейбір түрі осында ұя салып, бала­пан басады. Демек, бұйра ләй­лек, кішкентай баклан, қарабай, жал­бағай, кіші аққұтан, мысыр құтанының тұқымы осында кө­бейеді, – деп түсіндірді И.Бофонов.

Табиғи резерватта 292 түрлі құс ұя салады немесе аз уақытқа аялдайды. Оның ішінде 26 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Мә­селен, «Шалыга» аралы – бұйра ләйлек секілді сирек құстардың тұрақты мекені. Аралда ләйлектің 600-ге жуық жұбы ұя салады. Бұл әлемдегі құстар миграциясының 12 пайызын құрап отыр.

Қорық аумағынан өсім­дік­тердің өте сирек кездесетін үш түрін табуға болады. Бұл – қал­қымалы сальвиния, Шренка қыз­ғалдағы және жергілікті су жаңғағы. Соңғысы бізде чи­лим деген атпен танымал бол­ған. Ал табиғи резерваттың биос­фералық аумағында 141 тұ­қым­ға, 56 тұқымдасқа жататын өсімдіктердің 229 түрі өседі. Оның ішінде 7 реликті, сирек әрі ерекше қорғалатын 4 түрі бар. Су флорасына өсімдіктердің 23 түрі жатады. Негізгі өсімдіктер шөлді, шалғынды, батпақты, орманды, бұталы, батпақты-сулы секілді 6 түрге бөлінген, дейді резерват қыз­меткері Лаура Балғымбаева.

Оның дерегіне қарағанда, қорықта сүтқоректілердің 78 түрі кездеседі. Ал жоғалып кету қаупі төнгендер тізіміне құс­тардың – 20, жәндіктердің – 24, бауырымен жорғалаушылар мен сүтқоректілер тұқымының 2 түрі кіреді. Кейінгі зерттеулерге сәйкес өсімдіктер тізіліміне 33 тұқымдастыққа жататын 130 түрі енген. Бұл Каспий теңізінің Қазақ­стан бөлігіндегі флорасының шамамен 54 пайызын құрайды.

 

Атырау облысы