• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қаржы 22 Ақпан, 2023

Цифрлық теңге – сиқырлы теңге

435 рет
көрсетілді

Ұлттық банк халыққа цифрлық теңгені (ЦТ) қолдану бойынша қанатқақты жобаның нәтижелерін таныстырды. 2021 жылғы қарашада ұлттық төлем жүйесінің құрамдас бөліктері саналатын карточкалық транзакцияларды өңдеуге арналған төлем карточкаларының банкаралық жүйесі және мобильдік онлайн төлемдерге қызмет көрсетуге арналған жедел төлемдер жүйесі қанатқақты режімде іске қосылған. Өткен жылдың басында пайда мен шығыстарды бағалай отырып, цифрлық теңгені енгізу моделі бойынша қорытынды шешім әзірленді.

Таныстырылым барысын­да теңгенің мұндай түрінің эко­номикалық дизайны оны төлем құралына айналдыруға және банктік шоттар мен депозиттерден өтімділікті шектеп тастамауға арналғанына назар аудардық. Осыған дейін цифрлы теңгеде сыйақы есептеу арқылы ҰБ өзге төлемдер арасында бәсекелестік туды­рады деген пікір басым бол­ған. Бірақ ҰБ-ның дегені бас­қаша екен. Олар бәсеке емес, төлем түрлерін әртараптандыруды қалайды.

Бұл ретте Ұлттық банк ЦТ арқылы тәуекелдерді тежеп отыр­ғы­сы келетінін байқатқан. Таратып айтсақ, ЦТ арқылы әрекеттерді бақылау құралдары қосылады. Бұл тетік жеке деректерді бақылауды ҰБ-ға емес, тұтынушының өзіне береді. Сайып келгенде ЦТ-дегі қосымшалар цифрлық активтерді токендеу мен дамытуға дайын болуға бағытталып отыр.

ҰБ-ның мәлімдеуінше, қанатқақты жобаны сынау кезінде бес нұсқа зерттеліпті. Бірінші кезекте оның сыртқы дизайнына мән берілген. Бұл жағдайда қолма-қол ақша депозит, төлем картасы немесе мобильді қосымша ретінде қабылданады. Базалық нұсқаның жобасы оның қолма-қол ақшаға ұқсас екенін алдын-ала болжап отыр. Екінші жағынан, ЦТ Ұлттық банкке экономикалық үдерістерге оларды шығару және айналымнан шығару арқылы әсер етуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгерт­кен кезде қолма-қол ақша мен ЦТ-ны өзара толықтырылуы­на байланыс­ты өтімділік мөлшері өзгереді. Бұл өз кезегінде ішкі жалпы өнім мен инфляцияға әсер етеді.

Қаржының мұндай түрі ақша-несие реттеушісіне қаржы секторын дамытуға да артықшылықтар береді деген үміт бар. Біріншіден, ол қолма-қол ақшасыз төлем­дерді, әсіресе интернетке қолжетім­ділігі шектеулі жерлерде қол­жетім­ді етеді. Екіншіден, бюджет қа­ра­жатының мақсатты жұм­са­луының ашықтығы артады. Осы­лай­ша, қанатқақты шара аясында Ұлттық банк белгілі бір тауарларға жұмсауға болатын арнайы мақсаттағы токендердің бағдарламалану мүмкіндігін сынақтан өткеріп, бақылауға болатынын дәлелдеп берді.

Ұлттық банктің пікірінше, ЦТ цифрлық теңсіздікті жоюдың негізгі құралдарының біріне айналуы мүмкін. Екі деңгейлі ЦТ платформасын іске асыру моделі екінші деңгейлі банктерді осы жобаға қатысудың инновациялық нұсқасын әзірлеуге ынталандыру үшін ғана емес, сонымен бірге болашақта экожүйені құрудың негізгі драйвері болу және төлем қызметтерін жеткізушілер нары­ғын қалыптастыру үшін әзір­лен­ген. Қаржыгерлердiң Х съезiнде Ұлттық банктiң өкiлi көпдеңгейлі төлем жүйесін жаңғырту моделі бір бағытта жүретінін айтқан болатын. Болашақта QR-төлемдерін енгізу жоспарлануда, бұл нарыққа қатысушыларды өз қызметтерін дамытуға және өз инфрақұрылымы аясында жоғарыда айтып өткен төлем жүйесін жаңғыртуды ілгері­летуге жол ашады.

Екінші деңгейлі банктерде ЦТ енгізу олардың қызметіне екіұшты әсер етуі мүмкін деген қауіп бар. Себебі ЦТ банктерден қаражаттың сыртқа кетуіне жол ашады деген пікірлер осыған дейін айтылған. Мұндай жағдай ҰБ-ның сыртқы беделіне кері әсер ететіні белгілі. Демек бұл ҰБ үшін шындап ойланатын мәселе. Алайда IT мамандары ЦТ-ның сыртқа кетуін тежейтін тетіктер қазірдің өзінде қолжетімді екенін айтып отыр.

Қаржы сегментінде үлкен өз­герістер кеңістіктегі жаңа ойыншылар – финтех компа­нияларының беталысына қарап анықталады. Қазір банктердегі цифрлану дең­гейі – шамамен 90 пайыз. Ха­лықаралық тәжірибеде 90 пайыз­дық көрсеткіш ғана ЦТ-ні үшінші төлем түрі ретінде қолдануға мүмкіндік береді.

 Жалпы, орталық банктер үшін цифрлық орта қаржы нарығын дамыту мен бақылаудың негізгі құралына айналуда. Бүкіл әлем бойынша орталық банктердің қызығушылықтары теориялық талқылаудан қанатқақты жобаларды жүзеге асыруға жылдам өтіп жатыр. Демек мұның бәрі қаржы секторының дамуын ЦТ-мен байланыстырып қараудың дұрыстығын негіздейді.

 

АЛМАТЫ