• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сайлау 23 Ақпан, 2023

Сайлаудың негізгі кезеңдерімен танысты

290 рет
көрсетілді

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ТМД қаты­с­у­­шы мемлекеттердің Парла­мен­­т­аралық Ассамблея­сының бай­қау­шылар тобымен бей­не­конфе­ренция режімін­де кездесті. Бұл топ еліміз­дегі Парламент Мәжілісі депутат­тарының кезектен тыс сайлауына дайындық пен оны өткізу мониторингін жүзеге асырады.

Нұрлан Әбдіров ТМД ПАА байқау­шы­ларын жаңартылған заңнама бойынша жүргізілетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі­нің депутаттарын сайлау жөніндегі ағымдағы сайлау науқанының негіз­гі кезеңдерімен таныстырды. Сон­дай-ақ комиссия төрағасы кездесуге қатысушыларды партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары, жеребе тартудың нәтижелері, сондай-ақ Мәжіліс депутаттығына бірман­даттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы хабардар етті.

Өз кезегінде ТМД ПАА делега­циясы­­ның басшысы Дмитрий Кобиц­кий кез­десуді ұйымдастырғаны үшін алғы­сын білдіріп, қазіргі уақытта Ассамб­леяның байқаушылар тобын қалыптастыру жалғасып жатқанын атап өтті. Топқа кемін­де 50 адам, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекет­тер парламенттерінің депутат­тары, ТМД ПАА кеңесі хатшы­лығының қызметкерлері және сайлау үдерісі саласында кәсіби білімі бар сарапшылар кіреді деп жоспарланып отыр.

Ол сондай-ақ ТМД ПАА байқау­­шылар тобының үйлестіру­шісі болып Армения Республикасы Ұлттық Жина­лысының Өңірлік мәселелер және еуразиялық интеграция мәселелері жөнін­дегі тұрақты комиссиясы төр­аға­сының орынбасары, Армения-Қазақ­стан парламенттік достық тобы­ның жетекшісі Вагаршак Акобян тағайындалғанын хабарлады.

Делегация басшысы Ассам­блеядан халықаралық байқаушылар тобы Қазақ­стан Республикасы Парламенті Мә­жілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық пен өткізу мониторингін саяси бейтараптық, алаламаушылық, ашықтық және сайлау үдерісіне араласпау қағидаттарына сүйене отырып, жүзеге асыратынына сендірді.

Сондай-ақ ТМД ПАА өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау нау­қанын жария ету мони­то­рингі, сайлауды қаржылан­ды­ру, электорал­дық оқыту және сайлау науқанына қатысу­шылардың тең құқығын қам­тамасыз ету мәселелерімен танысты.

Орталық сайлау комис­сиясының мүшелері қойылған барлық сұрақ­тар­ға жан-жақты жауап берді. Жиын соңында Нұрлан Әбдіров делегация­ға Қазақстандағы сайлауды халықаралық бай­қауға тұрақты қатысатыны үшін алғыс айтып, ТМД ПАА байқаушылар тобының толыққанды және тиімді жұ­мысы үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда 11 мемлекеттен және 3 халық­ара­лық ұйымнан 97 халықаралық бай­қаушы аккредиттелген.