Жуырда ғана «Қазгидромет» елімізге жауын-шашынды атланттық циклон келеді деп хабарлаған еді. Айтқаны айдай келіп, ақпанның 21-нен басталған жылымық 22-де жауынға айналып, Солтүстік Қазақстанды қатты әбігерге салды.
22-сі күні таңертеңнен қалаішілік қоғамдық көліктер өз уақытында рейске шыға алмай, 2-3 сағатқа кешікті. Көше көктайғақ, кейбір жерлерде су көлкіп жатыр, жолдар жабылған, мектеп оқушылары алыстан оқуға ауыстырылды. Күні бойы жауған қысқы жаңбыр тек күн бесінге таянғанда ғана тоқтап, арты қалың қарға ұласты. «Қазгидромет» циклонның соңынан батыстан антициклон соғып, ауаның температурасы 2-3 күннен кейін 25 градусқа дейін төмендейді деген. Егер бүгінгі сылпылдақ жаппай қатып, суық соқса, көктайғақ тіпті көк мұзға айналуы мүмкін.
Ауа райын болжаушылар осы күні кешке қарай облыстың батысы мен солтүстігінде қатты сырғыма жүретінін хабарлады. Ауаның температурасы қатты төмендемегенімен, желдің жылдамдығы секунтына 23 метрге жететіні айтылды.
Ал 22 ақпан күні таңғы 11.00-ден бастап барлық республикалық маңызы бар жолдар жүк машиналары үшін жабылды. Соның ішінде Астана-Петропавл бағытындағы трасса Рощинск селосынан бастап облыс орталығына дейін, Жезғазған-Петропавл бағытының жолы Тоқсан би ауылынан бастап Бескөлге дейін, Петропавл қаласы арқылы өтетін Ресейдің Челябинскісінен Новосибирскіге баратын жолының Солтүстік Қазақстан аумағынан өтетін учаскесі жабылды.
Жолдарды жабу туралы хабар шыққанға дейін Петропавлдан Омбы қаласына шығып кеткен КамАЗ автомашинасы тіркемесімен жолдан шығып кетіп, Мағжан Жұмабаев ауданының аумағында жамбастап қалды. Қалың қардың пайдасы тиіп, аударылып кетуден аман қалған сияқты. Әйтеуір жүргізушісі зақым алған жоқ.
Облыс полицейлері қазір қызу жұмыс үстінде. Олар жаяу жүргіншілер мен көлік айдаушыларға хабарламалар жіберіп, сақ болуға шақырып жатыр. Әсіресе көлік иелеріне бір-біріне жақын жүрмеуді, арақашықтықты ұзартуды, жаяу жүргіншілер өтетін жолдарда баяулауды дыбыс күшейткішпен ескертіп жүр. Кеше түске дейін ғана қаланың ішінде бес жол-көлік оқиғасы тіркелді. Әйтеуір зардап шеккендер жоқ, бірақ көлікке механикалық зақымдар келтірілді. Кеше түнде патрульдік полиция батальоны сақшыларының жолдарды бақылау саны арттырылады деп хабарланды.
Мектеп оқушылары ертең де үйлерінен шықпай, онлайн режімде оқиды. Тосын табиғаттың қатаң мінезі қатерге ұрындырмасын деп тілеген тәубешіл жандар да көп. Лайым, солардың тілегі қабыл болғай.
Солтүстік Қазақстан облысы