• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Маусым, 2010

КӨКШЕТАУДАҒЫ ДОСТЫҚ КӨРМЕСІ

466 рет
көрсетілді

“Германияның Қазақ­стан­дағы жылы – 2010” достық шарасы аясында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Райнер Ойген Шлагетер бастаған делегация Көкшетау қаласында болып, Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченкомен кездесті. Кездесу барысында екі мемлекет ара­сындағы экономикалық, мә­дени, достық байланыстарды ны­ғайту, Ақмола өңірінде бірлескен кәсіпорындар жүйесін кеңейту мәселелері талқыланды. Бүгінгі таңда облыста 30 мың­нан астам неміс ұлтының өкілдері бейбіт қатар тіршілік құ­рып, Қазақстанның өсіп-өр­кендеуіне сүбелі үлес қосуда. Өңірде 18 бірлескен кәсіпорын жұмыс іс­тейді. Өнеркәсіп пен ауыл ша­руа­шылығы саласында Германияның озық технологиясы, заманалық ма­ши­налары мен жабдықтары тиім­ді­лікпен пай­даланылуда. Өзара ин­вес­ти­циялық саясаттың өрісі де ке­ңейе түсуде. Елші мен әкім облыста туристік индустрияны дамытудың қолайлы мүмкін­діктері барлығын атап көрсетті. Қазірдің өзінде қайтарымы мол жобалар сарапқа салынып жатқаны мәлім болды. Достық жылы аясында “Көк­шетау” мәдениет сарайында “Зама­налық Германия” фотосурет көрмесі ашылды. Салтанатты рәсімде Елші Райнер Шлагетер мен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асхат Қайнарбеков жұртшылықты қызу құттықтады. Айшықты он төрт стендтен тұратын көшпелі көрме бүгінгі Германияның қуатты қадамдарын көз алдымызға елестетеді. Оның экспонаттарымен танысу бары­сын­да ЮНЕСКО тізіміндегі 32 сәу­лет ескерткіші туралы, жылына 100 миллион адамға таным есігін ашатын 6000 мұражай, сондай-ақ, жылына 4 миллион көрер­мен­ді тәнті ететін 140 сим­фо­ния­лық оркестр жайлы құнды де­ректерге қанығасыз. Белгілі неміс фотосуретшісі Торстен Эльгердің өзіндік мәнердегі туындыларымен толық­ты­рыл­ған көрме бұған дейін Астана, Қарағанды, Семей, Петропавл, Өскемен қалалары тұрғындарын жылы әсерге бөлеген еді. Көк­шетаудағы көрме жиырма күн жұмыс істейді. Жалпы, жыл аясында көрме Қазақстандағы ірі 12 қаланың мәдени өміріне жаңа екпін қосатын болады. Әсіресе, Павлодарда өтетін “Еу­ропа күні” мерекесіне қызу да­йындық жүріп жатқан көрінеді. Төтенше және өкілетті елші Райнер Шлагетер мен елші­ліктің заңгер-реферандариі Себастьян Притцков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.