• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Халық 26 Ақпан, 2023

Көтерме көмек ауылға барған жас мамандарға беріледі

838 рет
көрсетілді

Маңғыстау облысындағы жас мамандарға үй алуға 5 млн теңгеден көмек беріледі. Осылайша, мұнайлы өңірдегі «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында 411 маман біржолғы көтерме жәрдемақы және 231 маман жеңілдетілген несиемен тұрғын үй сатып алуға көмек алады.

Бұл туралы облыс орталығында өткен брифингте Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мұхамбетова мәлімдеді. Оның айтуынша, биыл ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге келген мамандар 100 АЕК, яғни 345 мың теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы және үй сатып алу үшін 1500 АЕК, яғни 5 175 500 теңгеден аспайтын сомада бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдауға ие бола алады.

– «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасына білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ветеринария мамандығы, ауыл, кент, ауылдық округтер әкімдері аппаратының бас және жетекші мамандары үміткер бола алады. Сонымен қатар көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беру тиісті қаржы жылына қаржыландыру жоспарына сәйкес бөлінген сома шегінде жүзеге асырылады, – деді Лаура Мұхамбетова.

Былтыр облыс бойынша 2022 жылы 423 маманға барлығы 131 млн теңге жәрдемақы берілген. Ал 208 маман 15 жылға дейінгі мер­зімге 0,01% мөлшеріндегі сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие алған. Соның бірі – 2020 жылы Алматы қаласында оқуын бітіріп келген жас маман Гаухар Түгел. Бүгінде жас маман Мұнайлы ауданының Дәулет елді мекеніндегі №4 жалпы білім беретін мектепте педагог-логопед маманы ретінде қызмет етеді.

– «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасын ұзақ уақыт зерттедім. Оның артықшылықтарын іздеп, жас мамандар үшін тиімділіктерін қарастырдым. Бұл жоба тек жас мамандар үшін емес, бірнеше жыл тәжірибесі бар қызметкерлерге де көмегі көп еке­нін білгеннен кейін бағдарлама ар­қы­лы жұмысқа орналасуға шешім қа­был­дадым. Соның арқасында, 2022 жылдағы сомаға сәйкес 306 300 теңге қайтарымсыз жардемақы және баспана алуға 4 млн 594 мың тең­ге бюджеттік кредит түріндегі әлеу­меттік қолдауға ие болдым, – дейді Гаухар Түгел.