Осы мақаланы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзімен бастағым келеді: «...Әрине, Ұлытаудың өзінің орны бөлек. Дегенмен, сол кезде қазақ халқының ханы мен үш дана биі ортақ жауға қарсы тұру үшін елдің басын жинап, бас сардарды сайлап, жауға қарсы қойып, қантөгіс қырғында еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалды. Ал оның басы осы Ұлытауда басталған болатын.
Ата-бабадан қалған деректер, ең бірінші қазақтың басы қосылған жері – осы жер. Мұның өзінің тарихи мағынасы бар. Ұлытаудың басына ылғал жиналып, төңірегі көгерген кезде бүкіл қазақ жайлауға келеді екен. Шақырып жатудың қажеті жоқ. Өздері жиналады. Осы жерде сол халықтың, әр рудың, әр тайпаның, әр елдің әкімдері жиналып, өздерінің басшыларын сайлаған. Сондықтан сайлаудың ең басы ХІ ғасырдың басында осында болған дейді. Халық жиналып өзінің ханын сайлап, киізге салып, көтерген жері осы екен. Сондықтан біз солай деп есептеуіміз керек. Қазақтың басы қосылып, ел болып отырғаны мың жыл бұрын десек, ешқандай қиянаттық болмайды.
Едігені хан сайлаған – Ұлытау. Тоқтамыс ханды сайлаған да Ұлытау. Абылайды хан етіп киізге көтерген де Ұлытау. Бабаларымыздың ойлаған ойы мен арманына әр уақыт табынамыз. Алар белесіміздің бәрі алда, бәрімізді аруақ қолдасын!».
Академик Қаныш Сәтбаев Ұлытау туралы: «Бұрынғы уақытта Ұлытау Қазақстанның саяси өмірінің орталығы болған. Қазақтың Алаш, Ақназар, Абылай, Кенесары сияқты атақты хандары Ұлытауды мекен еткен. Бұған таудың жаратылысы жағынан өте әдемі және Қазақстанның географиялық орталығы болуы себеп. Ұлытаудың саяси-экономикалық маңызын орыс отаршылдары да білген. Олар XIX ғасырдың 30-жылдарынан бастап тауды табандап мекен етуге тырысқан, әскерлерін әкеліп орналастырған. Бірақ, жергілікті қазақтар елі соларға шабуыл жасап, тыныштық бермеген», дейді.
Ұлытау туралы биыл туғанына 110 жыл толып отырған академик Әлкей Марғұлан: «Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуына, бірлік-тірлігіне діңгек болған, иісі қазақтың айналып соғар түп қазығындай қасиетті мекен. Ұлытау қазақтың ерте кездегі саяси орталығы ретінде маңызды болғандығына бір дәлел қазақ ұлысының негізін құрған басты-басты тайпалардың барлығының жері осы Ұлытаудан тараған» деп жазды. Ұлытау туралы Президент Н.Ә.Назарбаев: «Қасиетті Ұлытау – Қазақ елінің баяғыдан бергі тарихи және саяси кіндігі», деп атап өтті.
Сәуір айының аяғы мен мамыр айының бастапқы күндері Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты – Тұрсынбек Өмірзақов, Талғат Ерғалиев болып Президент Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру мақсатымен Қарағанды облысы Жезқазған өңіріне жұмыс бабындағы сапармен барып қайттық. Жолда сапарлас жолдастарым «Абай, халық хан сайлаған қасиетті жерге келе жатырсың. Түрің бал-бұл жайнап кетті ғой», – деп әзілдеп қояды. Менің ішкі толқынысымды жанымдағылар айнымай-ақ таныпты.
Жезқазған қаласын «Сары жездің атасы» деп атайды. Көне Ұлытаудың дана білгірі, қазақтың ұлы кемеңгері, академик Қаныш Сәтбаев мұнда қазақ халқының белді-белді тайпаларының, руларының жайсаң-жақсылары бірлікке пәтуаласып, қазақ ұлты мен тұтас мемлекетінің негізін қалағаны туралы еңбектерінде атап кеткен.
Адамзат тарихының даму сатысында қасиетті Ұлытаудың алатын орны бөлек. Қазақ елінің бірлігі, ұйытқысы болған Ұлытаудың мемлекеттілігіміздің іргесі қалануындағы орны да айрықша. Қазақ елінің халық болып қалыптасуының түп-төркіні осы Ұлытаудан бастау алады. Бұл – тарихи шындық.
Жалпы, жергілікті жұрт Ұлытау өңірінде орналасқан ескерткіштердің қадіріне жетпей келеді десек, қателескен болар едік. Бұрын қалай еді, рас, бұрын ескерткіш-мавзолейлерімізді зерттедік, тұрысына назар аудардық, биіктігі мынадай екен, ені бәлен метр болады екен дедік, кірпіші мынадан құйылған екен деп тамсандық, бірақ бұл құр тамсану болды, біз Жошы ханды, Алаша хан, Домбауылды сырттай, ғимараттық, конструкциялық тұрғыда ғана алып қарадық, оның ішкі мазмұнына, мәніне тереңдеп ене алмадық, оның ішінде жатқан тұлғаның кім екеніне назар аудармадық. Желмаясына мініп жерұйық іздеген Асанқайғының Ұлытаудың ұшар басынан мәңгілік тыныс тапқанын білмей келдік.
Едіге би, Тоқтамыс ханның Ұлытауда жерленгенін ашып айта алмадық, замана желінен қорықтық. Ал бүгінде аңқылдап соққан желдей екпіндеп келген Тәуелсіздікпен бірге терең тыныс алып, ұлттық ескерткіштерімізге ұлттық тұрғыдан қарау бақытына ие болдық. Тәу етіп жатырмыз, ұлттық тұрғыда маңыз беріп жатырмыз.
Бабалардан қалған осындай ескерткіштеріміздің барына мақтанатын ұлтжанды адамдар бар. Ғалымдардың, жерін сүйген ұлтжанды азаматтардың жатпай-тұрмай ізденген еңбектерінің арқасында көптеген ақтаңдақтар, тарихи жерлер белгілі болып отыр. Мәселен, бір ғана Болған ана кесенесін алып қарайықшы. Болған ана – атақты Шыңғыс ханның немересі, Жошының қызы. Оны қаңлы қағаны Озардың ұлы Сұнақ тегіне қосып, некелерін қазіргі «Талап» ауылы тұрған жерде қиғаны белгілі болып отыр. Әйгілі Ақсақ Темірдің немересі Рабиға сұлтан Бегімнің Әбілқайыр ханмен тойы, 1728 жылғы атақты Бұланты-Білеуті шайқастары, Кенесары ханның патша үкіметіне қарсы ұйымдастырған қозғалыстары осы киелі де қасиетті Ұлытау өңірінде өткені тарихтан белгілі. Осындай тарихи орындарды белгілеп, үлкен бір картаны саяхатшылардың, туристердің назары түсетін орын – Жезқазған қаласының теміржол вокзалында, әуежайында іліп қойса бұл да бір игілікті істің бастамасы болары сөзсіз.
Асанқайғыны Сапарата деп те атайды, бүгінге дейін Қызылорда облысы аумағында жерленген деп келдік. Алайда, бұл қорымды жан-жағынан қыса қоршай жатқан өзге бірнеше қорымды зерттей келгенде, олардың бәрі VIII-IX ғасырларда өмір сүрген адамдардың мүрделері болып шыққан. Солардың дәл ортасына Асанқайғы Сәбитұлы бабамыз қалай жерленеді, бұл қисынға келмейді. Филология ғылымдарының докторы Шәмшиябану Сәтбаева өзінің ғылыми-зерттеу кітабында: «Асанқайғы бабамыз Ұлытауда, Ақмешіт әулие деп аталатын қорымда жатыр» деп жазады. Асанқайғы баба дегеніміз сол – Ақмешіт әулие, мұны бүгінгі күні зерттеуші ғалымдар айтып отыр. Мәселен, Жезқазған-Ұлытау аймағында 687 тарихи ескерткіш бар екен. Әрқайсының арасы бәленбай шақырым болып созылып жатыр. Бір ескерткішті көріп қайту үшін бір күн кетеді.
Теректі әулие археологиялық кешені, Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт кесенелері, Ақмешіт әулие, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау, Тамды тастағы хан ордалары – бұлардың әрқайсысы қадау-қадау, бір-бір елдің маңдайға басқан жұлдызындай қастерлі, қолға түспейтін керемет, ғажайып ескерткіштер. Осылардың әрқайсысы қасынан жеке мұражай ашуға әбден болады. Мәселен, Сарыкеңгірдегі Жошы хан мазарын дәл Жидебайдағы Абайдың мұражайындай жасау керек деп ойлаймыз, оған қоятын мұрағаттар да жеткілікті. Жошы ханның кесенесіне Елбасының атынан Ұлытау өңірінің мәрмәр тасынан қашалған Жошының толық шежіресі жазылған құлпытас орнатса деген халықтың да тілегін жерге тастамасақ, әрине.
Жошы хан демекші, осы кесенені салу кезінде қолданылған қыш күйдіру пештерінің орны әлгі күнге дейін сол бұзылған күйінде жатыр. Соны қалпына келтіру туралы кезінде республикалық басылымдарда Қаныш Имантайұлы, Әлкей Хақанұлы сынды ғалымдар мәселе көтерген. Сол мәселе ғасыр алмасса да әлгі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ. Бұл – сол жергілікті жерде атқамінер басшы азаматтардың назарында болатын дүниелер.
Жошы мазары тұрған жерде Әбілқайырдың ордасы – Ордабазар қаласы болған. Әттең, не керек, сол Ордабазар бүгінгі күні жоқ, бір-екі сарайдың ғана орны табылды, үстіне... жер жыртылып, егін салынып кетіпті. Ол кезде сондай саясат еді ғой. Солақай теріс саясаттың елге тигізген залалы аз болмады. Ордабазардан гөрі, тарихи тұлғаңнан гөрі, елдігіңді, мемлекеттілігіңді танытатын қасиетті ескерткіш-белгіңнен гөрі жоспар артық еді-ау. Терісаққан маңайында тамырыңның тереңде жатқанын аңдататын балбал тастарың, өзге мәдениеттен оқ бойы озық екеніңді танытатын обалар бар еді. Бүгінде солардың бірі жоқ, үстінен жер жыртып жібергенбіз. Соны байқайтын мемлекеттік тарихи ескерткіштерді қорғау инспекторлары қайда қарап отыр... Ол жағы тағы белгісіз.
Ұлытау ауылына кіреберістегі ғажайып балбал тас та бүгінгі күні қолды болды. Осындай жағдай әрі қарай жалғаса берсе, мақтан тұтатын мәдени мұраларымыздан не қалады?
Ескерткіштерді сақтау, бүтіндеп, қалпына келтіру бүгінгі ұрпақ – біздің міндетіміз емес пе?! Кірпішін сол жерде, әр ескерткіштің қасында құюға, өзіміз жасауға болады. Ол үшін кірпіш шығаратын көне пештер де сақталған. Кірпішті қалай құюдың өзіндік әдісі бар. Мәселен, Жошы хан кесенесінің қасында үлкен күмбез тұр. Жошы хан кесенесі бірнеше реставрациядан өтті, ал әлгі күмбез сол сызат түспеген күйі әлі тұр. Неге? Кірпіш құю технологиясын жетік, шебер білуден басқа тағы бір мәселе бар. Ол – сол іске жүрегіңнің сүйіспеншілігін, сезімін қоса бере білу. Ыждағатпен, ынтамен, сүйіспеншілікпен атқарылуы керек. Екеуін салыстыра қарасақ, таңғалатын еш құпиясы жоқ, өйткені, әлгі күмбезді әлгі кісінің өз ұрпағы сүйіспеншілікпен, бар ынта-жігерімен салған. Ал бүгін әйтеуір ақша тапқысы келген, тендерден өткен кім-көрінген келіп жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Оның жасаған жұмыстарына есеп беретін адам жоқ. Аз уақыттан соң табиғаттың дүлей желі мен жаңбыры, аптап ыстығы сапасыз салынған құрылыстың быт-шытын шығарды. Осы кемшілікті түзететін уақыт әбден жетті.
Қазақстанда тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Соның шоғыры, шоқтығы биігі осы Ұлытауда. Бүгінде Таңбалы тас пен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі әлемдік маңызы бар ескерткіштердің қатарына енді, өте қуанышты оқиға. Ендігі мақсатымыз ел тарихында әрқайсысы бір-бір інжу мен маржан, керемет тарих болып тұрған Ұлытаудағы әлгі ескерткіштерімізді тұтас күйінде ЮНЕСКО деңгейінде қорғауға алып, мәдени-тарихи ескерткіштерді сақтау бағдарламасына Ұлытау ландшафты деген атпен енгізу бүгінгі күннің басты мақсаты болып табылса керек. Тарихи-мәдени ескерткіштеріміз бой түзеген сырлы даламызды бөлмей-жармай, Ұлытау аймағы ескерткіштері деген атпен тұтас күйінде әлемдік маңызы бар ескерткіштер дәрежесіне жеткізу, әлемдік маңызы бар ескерткіштер қатарын Ұлытаудағы қасиеті бөлек, тылсымы терең, бітімі оқшау, тарихы шалқар ескерткіштерімізбен байытып, әлем назарын аудару – басты міндеттердің бірі. Осы ойды іске асыратын құжат дайындалып, ол бүгінде Үкіметке жолданды. Мына әлем қазақтың ұлан-ғайыр даласында Ұлытаудай қасиетті мекен бар екенін білуі керек. Осының бәрі сырт ел тарихымыздың тереңде жатқанын білсін, қазақ дейтін қасиетті ел барын білсін деген мақсаттан туындап отыр.
Қасында жүрген соң қадіріне жете бермейміз, сондай мысалдардың бірі ретінде Германиядағы Гёте атындағы институттың ғалымы Андре Шмидт Ұлытауға келгенде: «Едігенің арқасында мен адам болдым, доктор атандым, ел қамын жеген Едігенің арқасында менің елімді жұрт біледі», деп ағынан жарылған болатын. Сөйтсе, ғалым әйелдің ғылым әлеміне апарар жолдың әуелгі басқышы – диссертациялық жұмысы ер Едіге, Тоқтамыс хан туралы болған екен. «Еуропа кітапханаларынан ер Едіге туралы көп тарихи деректер таптым, Едіге бабамыздың арқасында әлемге әйгілі ғалым болдым», дегенді шетел ғалымы қайта-қайта құлшылық ете айтты. Сол Едіге батыр Ұлытаудың ұшар басына жерленген. Соның қадір-қасиетін оның тікелей ұрпақтары біз жете түсініп жүрміз бе?! Осы күнге дейін Едіге батыр туралы толық тарихи кітап та жарық көрген жоқ. Мәңгілік жатқан жері Едіге қорымына тәу етіп барып, ескерткіш белгітас та қоя алмай жүргеніміз өзімізге сын.
Бірде Жезқазған-Ұлытау өңіріне Литваның елшісі келеді. Елшіге «Ұлытау» қорығының директоры Кенжалы замандасымыз жолбасы болады. Ол әуелі мұсылмандар зиратының жанында жатқан Литваның саяси тұтқындарының жерленген жеріне алып баруын өтінеді. Сол жерде қазақ жерінде қайтыс болған литва азаматтарына үлкен белгі қойылған болатын. Сосын «Ұлытауға бара аламыз ба?» деп сұрайды. Ұлытауда Тоқтамыс хан бар, мен соған баруым керек», дейді. «Тоқтамыс ханның біздің князіміз Витовт екеуі дос болғанын білесіз бе? Екеуінің жазысқан көп хаттары сақталған, екі мемлекеттің арасындағы тарихи байланыстың түйіні тереңде жатыр, мен сол Тоқтамыс хан жол салған достық қарым-қатынасты тереңдетуге міндеттімін, осы үшін сол кісінің басына барып, тағзым етуге тиіспін», дейді елші.
Ұлытау – ұлттың ұясы, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасқан мекені, үш жүздің басы қосылған жер. Бір ғана Хан ордасы, Хан тағы, Хан аралы атаулары бізге көп жайлардан мағлұмат береді. Бүгінде Ұлытауды туризм орталығына айналдыруға әбден болады емес пе?!
Туризм мәселесін жолға қою арқылы көп түйінді мәселені шешуге болар еді. Ұлытауды туризм орталығына айналдыру мәселесі мемлекет тарапынан қолға алынуы тиіс. Сөз жоқ, туристерді аймағымызға тарту үшін әуелі тарихи-мәдени ескерткіштерімізге алып баратын жолды тақтайдай тегістеуіміз қажет. Елімізде туристік сервис мәселесі – ең бір қиын, шешімін таба алмай отырған мәселе болып тұр. Бізде сервис жасау мәдениеті әлі де толық мәнінде емес. Сонымен, тарихи ескерткіштерімізді дәріптеу үшін бізге жолды да дұрыстау, туристік сервисті де ыңғайлап бір жүйеге келтіру керек. Туристерді дала ескерткіштеріне атпен аралатып апару да тамаша идея емес пе.
Тарихи-мәдени ескерткіштерімізді бағалау, оған тәу ету тұрғысынан алғанда елдің ықыласы ерекше. Осы уақытқа дейін Ұлытаудың ұшар басындағы Ақмешіт әулиенің басына ғана 3 мыңдай адам көтерілсе, Едіге мен Тоқтамыс хан жатқан үлкен шыңға жыл сайын сан мыңдаған адам шығады.
Тәуелсіздікпен бірге бізге әруақты аттамау, киесінен қорқу, қасиеттеу, әспеттеу ұғымы да қатар келді емес пе! Қазақ әруақты қадірлеп, ескерткішін өзі қорып, өзі сақтап отыр. Осылайша қамқор болуға тырысып жүр. Жамбылдық ұрпақтары Болған ана кесенесіне белгі тақта жаздырып алып келіп қойды, Хан ордасына осындай белгіні кәсіпкерлер орнатқан.
Осындай қамқор адамдар, меценаттар өз еркімен қаржыларын бөліп, ескерткіштеріміздің жаңарып, жаңғыруына үлестерін қосып, қол ұшын беріп жүр. Сөзімді қорыта келе айтарым, осы тарихи-мәдени ескерткіштердің Қазақстан бойынша картасын дайындап, Мәдениет министрлігінің тарапынан олардың маңыздық деңгейлерін сараптап, жөндеу жұмыстарын жүргізетін кезең келді. Үкімет тарапынан да осындай келелі істерге мұрындық болып, жоспарлы түрде жұмыс жасау аса қажет-ақ.
1391 жылы Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы шеру тартып шыққанда, жазғытұрым кезінде ол Ұлытау өлкесіне тоқтап, Алтыншоқыға атбасын тірейді. Кейінгі ұрпаққа аманат мақсатында Ақсақ Темір қасындағы шеберлерге тас қашатып, осынау бір құпиялы жерде үлкен қара тасқа жазу түсіріп кетеді. Сол тас қазіргі уақытта Санкт-Петербург қаласындағы Эрмитажда тұр.
Ұлытаулықтар сол тастың көшірмесін жасап, тиісті орнына қойған екен. Бүгінгі Қазақстан жерлерінде бұл тәрізді ескілікті жәдігерлер жиі кездеседі. Оның шоғырланып сақталған жерінің бірі – осы Ұлытау, Кеңгір, Сарысу өзендерінің бойы.
Ұлытау – тарих шежіресінің қоймасы, әр тасы, әр төбесіне тіл бітсе, тәуелсіздік үшін күрескен бабалардың өршіл рухын көз алдыңа әкеліп, қиялыңды шарықтатады. «Ұлытауға бардың ба, ұлар құсты көрдің бе?» деп тіл қататын абыз осы өлкенің қазақ баласының бір айналып соғар киесі екенін білдіреді. Осы орайда, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Біздің Ұлытауымыз бен Ордабасымыз досымызға да, дұшпанымызға да ұялмай көрсететін ардағымыз, айбарымыз», деген сөзі еріксіз ойға оралды.
Ой-толғанысымызды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мына бір сөзімен қорытындылағым келеді: «Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз. Талай-талай алқалы кеңес өткен атақты Күлтөбе баяғыда жыртылып кетіпті. Сайрам түбіндегі Мәртөбе күні кеше құртылып кетіпті. Қасиетті орыннан қалғаны – Ұлытау мен Ордабасы. Бауырында бабалардан түскен із әлі сайрап жатыр. Басында бабалар дауысы әлі саңқылдап тұр. Енді сөзден жаңылып, ізден адасар ретіміз жоқ».
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Парламент Мәжілісінің
депутаты, генерал-
лейтенант, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
Қарағанды облысы.