• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:58

Димаш мұғалімдерімен жүздесті

Әлемге қазақ өнерін танытып жүрген әнші, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбеге сапары барысында өзі білім алған №32 мектеп-гимназияға барып, ұстаздарымен және оқушы­лармен кездесті.

Димаш өзі оқыған мектепті аралап, сыныптарға кіріп, балалық шағы өткен ортамен қайта қауышты. Мектеп сахнасына көтеріліп, осы жерде өнер жолындағы алғашқы қадамы басталғанын есіне алды. Оқушылар құрметті қонаққа концерттік бағдар­лама дайындап, Димаштың әндерін орындады. Кештің ерекше сәттерінің бірі – мектеп оркестрімен бірге орындалған «Адай» күйі.

«Білім алған мектебім – №32 гимназия. Мұнда келіп оқыған сыныбымды, отырған партамды көрдім. Маған сабақ берген ұстаздарыма деген сағынышымды осылайша білдіргім келді. Бұл гимназия – маған ыстық ұя. Мектепте өткізген әрбір сәтім, алған білімім мен тәрбием әрдайым жүрегімнің төрінде сақталады», деді әнші. Ол оқушыларға білім мен ұлттық рухты қатар сіңіру керегін жеткізді.

Сынып жетекшісі Роза Қуаныш­қызы бала Димаштың мінезін былай сипаттады: «Димаш шәкіртім мектепте оқып жүргенде-ақ өзгелерден оқшау тұратын. Оның бойындағы ең асыл қасиет – кішіпейілдік пен мейірім».

Сондай-ақ мұғалімдерге көмектесіп, ауыр заттарын көтеріп жүретінін, бірақ оны ешқашан мақтанып айтпайтынын да атап өтті.

Ал бастауыш сыныптағы жетекшісі Клара Жанұзаққызы бұл кездесуде ерекше толқығанын жасырмады. Оның айтуынша, Димаш 1-сыныптан бастап белсенділігімен көзге түскен. «Сабақта да, мектептен тыс іс-шараларда да белсенді болды. «Әліппемен» қоштасу кешінде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін фортепианода орындады. Бастауышпен қоштасу кешінде «Ақ көгершін» әнін жанды дауыста айтты. Мектептегі көптеген шараны жүргізді. Сөз сөйлеу мәдениеті өте жоғары еді. Кездесуде Димаш мені құшақ­тағанда төбем көкке жеткендей қуандым. Димаш барлық ұстазымен жылы амандасты. Оқушыларға да ерекше ықылас танытты. Балалардың қуаны­шын­да шек болған жоқ», деп еске алды ұстазы.

 

Диана ӘДІЛХАН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті

Соңғы жаңалықтар