• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2014

Білікті мамандар баспаналы болды

319 рет
көрсетілді

Өткен аптаның жұма күні «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың 190 қызметкері үйлі болды. Атап айтқанда, ұлттық компания президенті Асқар Мамин елорданың VIP-қалашығында орналасқан «Саранда» тұрғын үй кешенінен теміржолшылар отбасыларына пәтер кілттерін табыс етті. Ондағы кезекте тұрған әр қызметкерге пәтер арнайы құрылған комиссияның шешімімен беріліп отыр. Салтанатты шара барысында жаңа шағын ауданға экскурсия жасалды. Шағын аудан деп айтуымыздың себебі,осынау ауданға соңғы екі жылда аталған ұлттық компания 12 бірдей зәулім әрі әсем үй тұр­ғызып, 1000 теміржолшы қоныс тойын тойлап жатыр. Шағын ауданның орналасқан жері кез келген астаналықтың қызығушылығын тудырары анық. Ол Президент паркінің оң жақ бетінен орын тепкен. Тіптен Ақордадан таяқ тастам жерде десек нақтырақ болады. Экскурсия демекші, теміржолшыларға арнап салынған сәулеті айрықша зәулім үйлер Астана ажарын аша түскені анық. Сондай-ақ, әр үйдің ауласына қатар тізіліп егілген арша-шыршалар көркем ғимараттарға көрік қосып тұр. Теп-тегіс алаңқайларға орнатылған ойын орындары мен жабдықтары әдемі әрі қауіпсіз. Бір сәулет сызбасымен сап түзеген үйлер алыстың өзінен мен мұндалап көз тартады. Бұл тұрғын үйлер де «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың тұрғын үй бағдарламасы аясында бой көтерген. Пәтер иелері бастапқы төлем ақысыз, алдағы 15 жылда қолайлы кесте бойынша есептеседі. Барлық пәтерлер дербес жылыту жүйесімен, газ плитасы, сантехникалық жабдықтармен қамтылған. Салтанатты шара басталмас бұрын шағын аудан тұрғындарының бірнешеуін сөзге тарттық. Бәрінің де қуанышы қойынына сыймай жүр. Бейбітшілік пен татулықта өмір сүріп жатқан Қазақстан халқы осындай жақсы тұрмысқа лайық екендігін ақ жүрегімен ағытыла айтады. Халқымыздың әлеуметтік жағдайын алдыңғы қатарға қойып, әл-ауқатын көтеру мақсатында ел экономикасын дамытуды бірінші орынға шығарған Елбасына айтар алғыстары шексіз. Айтқандай, бірер жылға шегініс жасасақ, дәл осы «Саранда» тұрғын үй кешеніндегі алғашқы пәтерлердің кілтін теміржолшыларға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тапсырған еді. Теміржолшыларға осы үйді тапсырған кезде Елбасы алғашқы пәтер иелеріне кілтті табыстап тұрып, «Теміржолшылар ешқашан бұрын мұндай үйде тұрған емес» деген еді. Бұл шындық. Осынау ақиқаттардың айнасына бақсақ, Тұңғыш Президентіміз сөзінде тұрып елдің әл-ауқатын жылма-жыл жақсартып келеді. Енді, міне, жаңа пәтерлердің кілті жаңа өмірлерге жолдама беріп жатыр. Сонымен, салтанатты жиынға қайта оралсақ, игі шараға теміржолшылар мен олардың ардагерлері, сондай-ақ, елордалық қарапайым тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының журналистері келіпті. Қуаныш иелерінің мерейлі сәтін қызыққа толтыруды жөн санаған ұлттық компания жетекшілері бір топ өнер жұлдыздарын шақырыпты. Нәтижесінде Астананың төрінен орын тепкен жаңа шағын ауданды әсем ән мен тәтті күйге бөлеп, жиналған қауымды сазды әуендер тербеп тұрды. Жүздерінен шаттықтың шуақты нұры шашыраған балғын бөбектер мен бозбала-бойжеткендер әсерлі әндерді бірге шырқатып жүр. Қуаныш иелерін құттықтаған ұлттық компания президенті Асқар Мамин теміржол мен оның қызметі туралы тереңнен толғап, сөз айтты. Елдің еркін дамуына осындай ғаламат мүмкіндіктер тудырып отырған Елбасының қамқорлығына риза көңілін білдірді. – Мемлекет басшысының жүргізіп отырған сараб­дал саясатының арқасында, сіздер бүгін жаңа пәтерлердің қуанышын тойлап отырсыздар. Қазақ­стандық азаматтардың әл-ауқатын жақсартып, тұрғын үймен қамтамасыз ету Елбасының күн тәртібінен түспейтін басты мәселесі екенін күнделікті өмірден көріп отырсыздар. Сондықтан мен сіздерді Елбасының сенімді болашаққа жасап отырған қадамдарын жоғары бағалауға шақырамын. Сондай-ақ, өздеріңізге мәлім биыл «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы – Қазақ темір жолының 110 жылдық мерейтойын атап өтуді мақсат тұтып отыр. Бүгінгі күнде ұлттық компания қарқынды дамып, әлемдік деңгейдегі кө­ліктік-логистикалық компанияға айналып бара жатыр. Біз ұлттық компанияның, жалпы теміржолдың өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосып отырған еңбек­керлерді елеусіз қалдырған емеспіз. Мүмкін­дігінше олардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға тырысып келеміз. Ұлттық компания қабылдаған тұрғын үй бағдарламасы соның жарқын бір дәлелі. Соңғы бес жылда теміржолшы қауымына 3300 пәтер берілді. Көптеген үй шағын стансаларда салынды. Қарасақ, жаңа пәтер иелерінің 25 пайызын жастар құрап отыр. Биыл біз Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржолдарын пайдалануға тапсыруды көздеп отырмыз. Бұлармен бірге, Ақтөбедегі рельс шығаратын зауыт та пайдалануға берілетін болады. Бұл игі істер сіз бен біздің, жалпы теміржолшылардың ынтымақ-бірлігі мен зор еңбегінің жемісі екеніне дау жоқ. Сондықтан да, әр теміржолшы жақсы үйде тұруға, жайлы өмір сүруге лайықты. Үйлі болған қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін! Қоныс тойларыңыз құтты болсын, баршаңызға мол бақыт, зор денсаулық, жемісті еңбек тілеймін, – деді ұлттық компанияның президенті Асқар Ұзақбайұлы. Салтанатты шараға қатысып, теміржолшыларды жаңа пәтерге ие болған қуаныштарымен құттықтауға ұлттық компания президентінің кеңесшісі, құрметті теміржолшы Нығметжан Есенғарин, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те келген-ді. Өз кезегінде мәртебелі мей­мандар да сөз алып, жаңа пәтер иелеріне игілік тіледі. Ізгі шара барысында жаңа үйлердің кілтін алған бақытты жандарға да сөз берілді. Олардың қатарында «Локомотив» АҚ техникалық даму басқармасы техникалық даму бөлімінің бас маманы Аманкелді Түменов ақжарма көңілмен өз отбасының, бүкіл әулетінің қуанышы туралы айтып, Мемлекет басшысына сындарлы саясаты мен ел дамуындағы ерен еңбегі үшін, ал ұлттық компания жетекшілеріне еңбеккерлерге жасап отырған қамқорлықтары үшін алғысын білдірді. – Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, құрметті әріптестер! Бүгін біз үшін үлкен қуанышты күн. Көп жыл күткен пәтеріміздің кілтін қолға алып жатырмыз. Өз басым сегіз жыл кезекте тұрдым. Енді, міне, отбасым жеке үйлі болып жатыр. Менің анам да теміржолға көп жыл тер төкті. Бүгін бізге беріліп жатқан мына зәулім үй расында қиял мен арманның ақиқатқа айналғаны дегім келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз тәуелсіздік алғалы бері халқына берген уәдесін ісімен дәлелдеп, халықтың әл-ауқатын жыл өткен сайын жақсартып келеді. Бұйыртса, жаңа пәтер жаңа өмірге жолдама береді. Мен Қазақстан теміржолының жастары атынан Елбасына, ұлттық компания басшылығына зор алғысымды білдіремін, – деді бас маман. Сөз кезегі келгенде «Казтранссервис» АҚ Солтүс­тік филиалы Астана агенттігінің жүк қабылдап-тапсырушысы Динара Мұхамеджанова ұлттық компанияның жетістіктерімен қатар қарапайым жұмыс адамына да барынша жағдай жасалып жатқанын айтты. – Үй болмай күй болмайды, – деп бастады ол сөзін. – Елорданың төрінен баспана алу – әрбір адам­ның үлкен арманы. Бүгін біз сол арманымызға қол жеткізіп отырмыз. Елбасына теміржол басшылығына мол алғыс. Жаңа пәтерлеріңізде тек қана қуаныш болып, өз үйлеріңізде құт-берекеге кенеле беріңіздер. Еліміз­дің түкпір-түкпірінде үйлі болып жатқан барлық әріп­тестерімді зор қуаныштарымен құттықтаймын, – деді ол. Шаттыққа толы шараның соңы ән-күйге ұласты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тірелсек, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың тұрғын үй бағдар­ламасы 2011-2015 жылдарға арналған. Осы бағдарлама шеңберінде және ұлттық компанияда жасалып жатқан әлеуметтік акциялар нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны бүгінде үш есеге дейін азайыпты. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».