Әлеуметтік желі қолданушылары Оралдағы арнайы ХҚКО-лардың бірінде түсірілген суретті қызу талқылап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл суретте электронды кезекті көрсетіп тұрған ноутбук бейнеленген. Бір қызығы гаджет төбеде ілулі тұрған теледидардың артқы жағына бекітілген.
Желі қолданушылары идея авторының тапқырлығына таңқалды.
«Why ноут?», «99-деңгейдегі айтишниктер», «АйТишниктер керемет! Мәселені тез және арзан шешіпті. Жақсы, шағын компьютер, қанша тұрады? 400 мың?» «Істен шыққан ноутбук пайдасын тигізді», «Заманауи мәселелер заманауи шешімдерді талап етеді», деп оқырмандар ойларын ортаға салды.
Мемлекеттік корпорацияның БҚО бойынша филиалы мұндай қызық жағдайға қатысты түсініктеме берді.
«Электронды кезек ноутбук арқылы жұмыс істеген. Бүкіл процесс (кезекке тұру тәртібі, клиентті шақыру, хабарлау және т.б.) ноутбук арқылы басқарылды. Бұл ноутбук HDMI кабелі арқылы негізгі таблоға қосылған, ол арқылы азаматтарға электронды кезеу жайлы ақпарат берілді», делінген хабарламада.
Сонымен қатар баспасөз қызметі мекемеде төбенің биіктігі 8 метрді құрайтынын, бұл күту залының ортасына орнатылған таблоға кабель жүргізуді қиындататынын қоса хабарлады. Осылайша, жүйенің біркелкі жұмысын қамтамасыз ету үшін ноутбукты таблоның артқы жағына орнату туралы шешім қабылданған.