• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Ақпан, 2023

Көктемгі су тасқынына дайындық жүріп жатыр - Марат Қарабаев

361 рет
көрсетілді

Еліміздегі республикалық маңыздағы жолдарды тексерудің нәтижесінде 396 қауіпті учаске, 68 көпір және 768 су өткізу құбыры анықталып, 700-ден астам арнайы техника бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz ИИДМ баспасөзіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді. Ведомство басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды уақтылы қамтамасыз ету үшін барлық қауіпті учаскеде тәуліктік кезекшілік пен күнделікті бақылау жүргізіліп келе жатқанын жеткізді. Қажетті жұмыстарды жедел ұйымдастырып, тасқын қаупін алдын алу мақсатында қажетті инертті және басқа да материал толық көлемде дайындалған. Атап айтқанда, 20 мың текше метр құм, 6 мың текше метр шойтас, 8 мың текше метр қиыршық тас, сондай-ақ 18 мың текше метр құм-қиыршық тас қоспасы әзірленген.   

«Қазір еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі барлық су өткізу құбыры тасқын мен еріген судың қалыпты өтуін қамтамасыз етіп келеді. Солтүстік өңірлерде ауа райы жағдайына байланысты су өткізу құбырларының саңылауларын ашып, қардан тазарту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр», деді М.Қарабаев.

Сондай-ақ автожолдардың күтімін сақтап, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол инфрақұрылымы арқылы тасқын және еріген сулардың кедергісіз өтуіне байланысты жедел шаралар қабылданады. Осы орайда су тасқынына қарсы бағытталған жұмыстарды қаржыландыру жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаражаттың есебінен жүзеге асыру көзделгенін атап өткен жөн.

Айта кетейік, су тасқыны кезеңі басталғалы бері республикалық желі бойынша жолдың шайылып кетуіне байланысты жағдай Жамбыл облысында байқалған. Нақтырақ айтсақ, еріген судың шамадан тыс жиналуының салдарынан 22-ші ақпанда Бурылбайтал және Ақсүйек елді мекендерінің арасындағы учаскенің 3 жерінде айналма жол шайылып кетіп, көлік қатынасы Алматы – Қайнар – Шу – Бурылбайтал бағыты арқылы іске асырылды. Мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жедел жүргізді.

Теміржол көлігінің қозғалысына келсек, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы су тасқыны кезеңінде шойын жол мен жасанды құрылыстарды сақтап, сонымен қатар пойыздардың үздіксіз қатынауын қамтамасыз етуге арналған техникалық-ұйымдастыру іс-шараларын бекітті.

Марат Кәрімжанұлының айтуынша, алдыңғы жылдардың тәжірибесіне талдау жасалып, барлық өңірде тасқын суды өткізу бойынша қауіпті орындардың тізбесі анықталып отыр.

«Көктемгі су тасқыны кезеңінде тәуліктік кезекшілік пен қауіпті орындарға бақылау жүргізіледі. Тұтастай алғанда, 3 578 көпірді, 6 мыңнан аса су өткізу құбырын, таулы арықтарды және жол жыраларын қар мен мұздан тазарту жұмыстары басталды. Еліміз бойынша шойтас пен рельсті пакеттер және кондициясыз темірбетонды шпалдармен жарақталған  тасқынға қарсы 45 пойыз жасақталып жатыр», деді ИИДМ басшысы.