Өткен жазда Орал қаласында «Өз бетінше тұруды сүйемелдеу үйі» деп аталатын ерекше кешен ашылған еді. Мұндай орталық бүкіл Қазақстан бойынша Алматыда ғана бар екен. Алғыс айту күні қарсаңында ерекше кешеннің ерекше тұрғындарымен кездесіп, олардың жүзіндегі шынайы қуанышты көрдік...
...Әдетте біз бұл санаттағы адамдарды көшеден, қоғамдық ортадан көре бермейміз. Арнайы орталықтарда, режімді жабық нысандарда тәрбиеленіп жатқан кембағал жандардың мұң-мұқтажы мен арман-қайғысы көпшілікке беймәлім. Тіпті психо-неврологиялық ауытқуы бар туыстарын өз үйінде бағып отырған жақындары да олар туралы ақпаратты жасырып-жауып, көп көзіне түсірмеуге тырысады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы мәліметінше, әлемде 1,2 млрд адамның денсаулығында түрлі ақауы бар екен. Ал Денсаулық сақтау министрлігі елімізде 700 мыңнан аса адамның мүгедектігі бойынша есепте тұрғанын айтады. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында психо-неврологиялық ауытқуы бар 4 207 адам тіркелген болса, оның 583-і – 18-ге толмаған бала екен.
– Біздің облыста арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 12 орталығымыз бар. Қазіргі таңда осы мекемелерде психо-неврологиялық ауытқуы бар 947 адам тәрбиеленіп жатыр. Соңғы кезде осындай сырқаттар көбейіп бара жатқаны байқалады, – дейді Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаев.
Мұндай орталық пациенттерінің көбі жас кезінен нейро-психиологиялық бұзылулары бар балаларға арналған арнайы мекемелерде тұрады. 18 жасқа толғаннан кейін олар арнайы әлеуметтік көмек көрсететін мекемелерге ауыстырылады. Білмейтіндерге айта кетейік, мұндай мекеме дегеніңіз – қатаң тәртібі, күзеті бар, сыртқы әлеммен байланысы барынша шектелген режімдік нысан. Сондықтан да бұл жерден шығып, қалыпты өмірге оралу мүмкін емес деуге болады. Ал Оралдағы орталық – «Өз бетінше тұруды сүйемелдеу үйі» деп аталатын ерекше кешен осынау мүмкін еместі мүмкін қылғанымен құнды болып тұр. Кешен 2022 жылы маусым айында ашылды. Оның екі қабатты ғимаратын жергілікті кәсіпкерлер – «Альтаир», «СКФ Наурыз», «ӘлияСервис», «ОтделСтрой», «Құлман» сияқты фирма иелері салып берген. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған орталық әу баста 20 адамға арналғанымен, қазір бұл жерде 15 адам тәрбиеленіп жатыр. Оның себебі – бұл жерге келетін әр адам қатаң іріктеуден, тексеруден өтеді.
– Негізгі мақсатымыз – бұл адамдарды қоғамға бейімдеп, ортаға шығарып, болашақта өз бетімен өмір сүруге бейімдеу. Басқа орталықтардан айырмашылығы – бұл жерде күтуші санитар, дефектолог деген мамандар жоқ, өз бетімен тұруды үйретеді, бөлмесін өзі жинайды. Тұрмыстық қызметтен бастап барлық қызметті өздері жасап үйренеді, – дейді Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Мұрат Кенесарин.
Айта кетейік, «Өз бетінше тұруды сүйемелдеу үйі» осы Круглоозерный мекемесінің жанынан ашылған.
– Бізге келетін әр адамның тағдыры ерекше. Осы ерекшелігіне қарай олардың әрқайсысына жеке сауықтыру кестесі жасалады. Кешенде ашылған бірнеше шеберханамыз арқылы олардың қабілет-бейімін анықтаймыз. Кейін бізбен арнайы меморандумға отырған фирмаларға жұмысқа орналастырамыз. Бірте-бірте олар өз кәсібін бастауына, банктен депозит ашуына, үй кезегіне тұрып, баспаналы болуына да мүмкіндік ашылады, – дейді осы кешеннің меңгерушісі, орталық ашылған күннен бері осы істің басы-қасында жүрген Гүлнұр Есқабылова.
Бір ғажабы, осы жерде адамның ең басты құндылығы, ең үлкен қазынасы – оның азаттығы, еркіндігі екенін анық түсінесіз. Осы кезге дейін таңдау еркі болмаған, арнайы мекеменің қатаң тәртібіне көндіккен жандардың жаңа кешенде тапқан қуанышы да осы! Кең де жарық ғимаратта олар толыққанды адами өмір сүруді бастаған: қалтасында ақшасы бар (мемлекеттік жәрдемақының 30 пайызы өздеріне беріледі), телефон ұстайды (арнаулы мекемелерде оған рұқсат етілмейтін), өздері қалаған тамағын пісіріп жей алады, қалаға шығып қыдырады: театрға, концерттерге, демалыс орындарына барады, кәдімгі сау адамдай келісімшартпен жұмысқа тұрып, жалақы алады, қалағанындай киінеді, сәнмен шашын алады...
Осы жерге келіп, өмірі мүлдем өзгерген жандар да бар. Айнұр мұнда Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан ауысып келген. Он саусағынан өнер төгілген қыз 11 жасынан бері тоқымашылықпен айналысады екен. Жүн түту, жіп иіруден бастап, күрделі қымбат киімдерді тоқиды. Өз бетінше тұруды сүйемелдеу үйіне келген соң Айнұрдың екінші тынысы ашылғандай болған. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өнімдері әлеуметтік желі арқылы сатыла бастапты. Өзі тамақтың нешетүрін пісіруді үйреніп алған. Қазір «Жәңгір хан» сауда үйінде наубайханада жасап жүр екен.
– Орталық ашылған кезде жергілікті телеарна жаңалықтарынан сюжет көрсетілген ғой. Сол кезде туыстары Айнұрды теледидардан көріп, таныпты. Кешікпей іздеп келді. «Қызымыз күшті болып кетіпті» дейді. Өз қолдарына қайта алғысы келетінін айтты. Біз Айнұрды үш айға үйіне де жіберіп алдық, – дейді Алпамыс Жаңабайұлы. Оның сөзінен қуаныш сезіледі.
Орталық мамандарының айтуынша, 25 жастағы бойжеткен қазір театр мен киноға, караокеге жиі барады екен. Өз өзіне қарап, боянып, сылануды да үйреніп алған. Гүлнұр Мақсотқызы маған бір құпияны айтты: «Айнұр жақында тұрмысқа шықпақшы! Круглоозерный арнаулы мекемесінде бірге тәрбиеленген тағдырлас жігітпен сөз байласқан. Ол жігіт былтыр бір бөлмелі үй алып, жеке өмірін бастаған екен. «Ата-анасы Айнұрды бата шай беріп, ұзатқалы жатыр» деген хабарды естіп, жастарға шынайы бақыт тіледік...
Кешенде тұрып жатқан әр адамның тағдыры әртүрлі дедік. Шынында да көпшілігі тағдыр талқысына жастайынан тап болған. Мысалы, сот шешімімен ата-аналық құқығынан айырылған отбасындағы балалар тым тентек, гипербелсенді болса, «менталдық бұзушылығы бар» деген диагнозбен арнайы интернаттарға жіберілуі мүмкін. Бұл – оның бүкіл болашақ тағдырына балта шабатын үкім. Өмірде ондай жағдайлар да болады. Қоршаған ортаға еш залалы жоқ, қоғамда өмір сүре алатын талай жан жабық мекемеде жапа шегіп жүруі ықтимал. Міне, осындай жандарға жаңа өмір, тың мүмкіндік сыйлайтын жоба – нағыз адамгершілікке, гуманизмге толы бастама дер едік.
«Өз бетінше тұруды сүйемелдеу» үйін аралап келеміз. Ғимараттың екінші қабаты – тәрбиеленушілердің жатын бөлмелері, демалыс орындары болса, төменгі қабатта түрлі шеберхана, кәсіпке баулу кабинеттері орналасқан. Мұнда еңбек дағдыларын дамыту үшін тігін шеберханасы, әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бөлмесі, ағаш шеберханасы, шағын баспахана сияқты бөлмелер қарастырылған. Бүгінде аспаздық өнер, кофе дайындау, қол өнері, глинотерапия бұйымдар жасау бағыттары бойынша 5 шеберлік сыныбы өткізілген. Денсаулықты нығайту бағытында фитнес залы бар.
– Біздің қызмет алушылар 8 түрлі бағытта кәсіпке үйренеді. Бұл жөнінен біз Алматыдағы орталықтан да асып кеттік, – дейді мақтанышпен Алпамыс Көшкінбаев.
Бір қызығы, мұнда тәрбиеленушілер әдеттегі адамдар үшін қарапайым көрінетін кейбір нәрселерді үйреніп алғанын қуана айтады. Мысалы, олар бөлмелерін өздері жинайды, киімдерін жуады, тұрмыстық техниканы, кір жуатын машинаны қолдануды меңгерген. Автобуста жүргенде жолаушы билетін, Kaspi.kz қосымшасын қолданады. Қазіргі таңда 9 адам меморандум бойынша қызметке орналасса, 4 адам еңбекке жарамдылық парағын алып, еңбек шартын жасасқан. Оның бірі жоғарыдағы Айнұр болса, тағы бірі – Динара Жолдығұлова «Нұралы» мейрамханасында тазалықшы болып қызмет етеді. Динара бос уақытын аула ішіндегі жылыжайда өткізеді: гүл баптағанды, көкөніс өсіргенді ұнатады. Спорттық шараларға да белсене қатысады. «Тең қоғам» ұйымының ашылғанына 1 жыл толуына орай өткізілген спорттық шарада шахмат пен дойбы ойындарынан 1-орынға ие болған.
Осы орталықтың тағы бір мақтанышы – Азамат Барақов. Ол «Абатов» жеке кәсіпкерінің асханасында аспаз көмекшісі болып қызмет етіп жүр. Азаматтың жұмыс орны үйге жақын орналасқан, жұмысына жаяу барып келеді. Азаматтың да көптеген жетістігі бар, былтыр Павлодар қаласында шағын футболдан өткен республикалық турнирде 2-орынға ие болды. Ол бос уақытында ән шырқағанды, билегенді ұнатады. Оралдағы «Постмен» жарнама агенттігі осы орталықпен меморандумға отырып, бірнеше тәрбиеленушіні қызметке алған екен. Жарнама орталығының директоры Ернар Досмұхамбетов жаңа қызметкерлерін «ынталары жақсы, тез үйренгіш. Қандай тапсырма береді екен деп күтіп отырады» деп мақтап отыр. Мысалы, Жәдігер Баймұханов қазірдің өзінде нешетүрлі полиграфиялық тапсырыстар жасауды, плотер аппаратын меңгеріп алған. Түрлі көрнекілік тақталар жасағанды ұнатады. Ал оның әріптесі Михаил Суменков шағын баспаханада ПВХ материалымен жұмыс істеп, әртүрлі бұйым жасайды екен. Миша бос уақытында аулада қар тазалап, жылыжайда көкөніс еккенді де жақсы көретінін байқадық. Бүгінде «Сабыр» жиһаз цехында жиһаз жинаушының көмекшісі болып қызмет етіп жүрген Азамат Қалиев қазірдің өзінде бесаспап шебер деуге болады. Ол ағаш бұйымдарын өңдеуге, өз фантазиясымен ағаш бұйымдар ойлап табуға бейім. Жұмыс берушімен бірлесе үй жиһаздарына тапсырыс қабылдап, орындап жүр. Айтпақшы, Өз бетінше тұруды сүйемелдеу үйіндегі бөлме гүлдері орналасқан сөрелер, үстел мен орындықтар дәл осы Азаматтың қолынан шыққан. Ол бос уақытында теннис ойнағанды да ұнатады екен. Бір тәуірі, орталықтың ауласында волейбол, шағын футбол спорттық алаңдары да жасақталған. Осы орталыққа Ақжайық ауданынан келген Хамидолла да өзінің сан қырлы талантымен ортасын мойындатып үлгеріпті. Әсіресе әншілігі керемет. Жақында осындай арнайы орталықтардың қызметкерлері мен тәрбиеленушілері арасында өткен байқауда гран-при сыйлығын жеңіп алған. Өзінің туған жерінде жеке шығармашылық кешін өткізген Хамидолланың кереуеті тұсында сол кештің куәгері – әдемі баннері ілініп тұр.
– Қазіргі таңда бұл орталықта 9 ер адам, 6 әйел бар. Жақында тағы 1 ер адам, 4 әйел қабылдаймыз. Қазір облыстағы барлық 12 мекемеден лайықты адамдарды қарастырып жатырмыз. Бұл жердегі әрқайсысының жеке сауықтыру жоспары бар. Біз оларды бұл жерде мәңгі ұстап тұра алмаймыз ғой. Ертең бір-екі жыл өткен соң нәтиже болмаса, кері жібереміз. Үш ай сайын комиссия тексереді. Сөйлеуі қалай, өз өзін сезінуі қалай, бәрін бақылап отырмыз. Биыл жазда тәрбиешілерімен бірге пойызға отырып, жақын қалалардың біріне саяхаттап қайтамыз ба деген жоспарымыз да бар. Ең бастысы бұлар ортада өзін қалай ұстайды, қоғамға қауіпті емес пе? Ертең біз бұларды шығарып жіберген соң өздері де дағдарып қалмауы керек қой, – дейді бізге Алпамыс Жаңабайұлы.
...Әрине, орталықта тәрбиеленіп, жаңа өмірге бейімделіп жатқан жандар көбіне секемшіл, сырт адамға бірден ашыла бермейтін біртоға болып келеді. Бірақ «Осы тұрып жатқан жерлерің ұнай ма?» деген сұраққа бәрі жамырай «Ұнайды!» деп шынайы жауап қайтарады. Олардың тағдырдан көп теперіш көрген, алдауды білмейтін жанарларынан осындай орталық ашып, жаңа өмір бастауына мүмкіндік берген мемлекетке, демеушілерге және орталық мамандарына риясыз алғысты көрдік.
Батыс Қазақстан облысы